Bugin

Үкімет бөлетін 1 триллион ақшадан кімдер өз үлесін ала алады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com

Ауыл кәсіпкерлері субсидия алуда көп жылдан бері қиналып келеді. Жаңа жылда жағдай жақсарады деген үміт бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі сыйақы ставкаларын субсидиялау тетігін жетілдіргенін жариялады. Бұл туралы Bugin.kz  тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені субъектілері алған кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізді. Түзетулер "заем келісімшарттары күту парағында тұрған" фермерлер үшін субсидиялау шарттарын жақсартады. Әйтпесе, ауыл шаруашылығы кәсібін дамытуға алған несиесінің банкке төлейтін сыйақы пайызын арзандату үшін субсидия кезегінде тұрған кәсіпкерлер көп. Оларға бюджеттен бөлінген қаражат лезде үлестіріліп, тез таусылып қалады.

"Субсидиялау бағдарламасының талаптарына сәйкес, шаруалар кредит алған күннен бастап 4 жыл бойы өздерінің несие келісімшарттарын субсидиялау бағдарламасына енгізуге ұсыныс жасай алады. Алайда шаруалар өтініштерін бірден бермей, уақытты өткізіп алатындықтан, қосымша бюджет қаражаты түскенше мерзімі қысқа несие келісімшарттарының уақыты бітіп, жарамсыз болып қалады деген қауіп бұрын болған. Сондықтан қағидаларға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, күту парағындағы тіпті қолданылу мерзімі аяқталған ұсыныстарға да субсидия төленетін болады", – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Бұл субсидиялау бағдарламасына қатысу кезінде АӨК субъектілерінің құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бұдан былай "басым жобаларды кредиттеу мен қаржылық лизинг тетігі" аясында қаржыландырылған жобалар бойынша субсидиялауды есептеуге арналған номиналды ставка – Ұлттық банк белгілейтін базалық ставкамен байланыстырылатын болады. Нәтижесінде, Ұлттық банктің ағымдағы базалық ставкасына жылдық 4,5 пайызды қосқандағы сыйақы көлемі ғана субсидияланады.

Бұл ретте оның 13,25 пайызын мемлекет өтеп береді, ал қалған айырмасын қарыз алушының өзі төлеуге тиіс. Аграршылар банктердің беретін несиесінің сыйақы ставкасы тым үлкендігіне, 35 пайыздан асатынына шағымданады. Демек, мұның жартысына жуығын мемлекет көтеруге тиіс.

Алда ауылға бұдан да көп миллиардтар тасқыны ағындайды деп күтілуде. Үкімет 2030 жылға дейінгі "Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту тұжырымдамасына" түзетулер енгізіп жатыр. Егер ол жүзеге асса, ал бюджетті шенеуніктер мен олардың сыбайластары жолай талан-тараж етпесе, онда ауыл кәсіпкерлерінің қалтасына триллион теңгеден астам сома түсуі мүмкін.