Bugin
Фото: Бапкердің жеке мұрағатынан алынды
Марат Қайратұлы Наурызбеков - ҚР Су спорты түрлері федерациясында "Су добы" спорты бойынша әйелдер құрамасына аға жаттықтырушы қызметінде болған. "Кезінде өз жұмысымның нәтижесін абыроймен көрсете алдым, бірақ еңбегім бағаланбады" деген бапкер бүгінде Ресейге жұмысқа кеткен. Бапкердің шиеленіске толы еңбек жолы туралы Bugin.kz тілшісі kyn.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол Су спорты федерациясындағы әділетсіздіктерге шыдамағандықтан, “өз еркімен” жұмыстан кетуге мәжбүр болған. Тіпті, ақша үшін басшылық жаттығу жұмыстарына өздерінің фитнес-клубтарын жалға беретінін, қанды Қаңтар оқиғасында басшылық өздерін далаға тастап, "Жаттығуға барыңдар, қандай қырғын болса да, қонақүй, дайындық залының ақшасы төленіп қойған" деп бұйрық беріп, спортшы қыздардың басын бәйгеге тіккеніне ашулы.
Бапкер ҚР Су спорты түрлері федерациясынан не себепті және нақты қай кезде жұмыстан шығып кеткені баяндады.
"2017 жылдан бастап "Су добы" спорты бойынша әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы болып жұмыс істедім. 2022 жылдың 31 желтоқсанында федерация басшылығымен келісе алмай, жұмыстан шығып кетуге мәжбүр болдым. Оның себептері өте көп. Соңғы 6 жылда Сергей Дроздов мені жұмыстан 3-4 рет шығарды. Ол кісі – біздің федерацияның бас хатшысы. Олар менің ізіме түсіп, оқу-жаттығу жұмыстары кезінде кемшілігімді табу үшін жасырын видеолар жазғызды. Мысалы, жаттығу кезінде түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Мені бір балағат сөздер айтып, ерсі қылыққа барып қояды деп, сондай жағдайды түсіріп алғылары келген болуы керек. Әлем чемпионаттарында арадағы үзілістерде бізді үнемі видео камера түсіріп жүретін. Сондай сәттерде қыздарды жігерлендіріп сөйлеген видеоны Дроздов министрліктегі жауапты адамдарға апарып көрсетіп, мені қатал бапкер ретінде көрсеткен. Ондай жарыстарда адам эмоцияда болады, қыздарды сілкіп алу мақсатында, әркімнің психологиясына сай "оятатын" сөздер айтамыз. Сондай жерлерде арандап қалады деп ойласа керек. Бірде спортшы қыздардың бірі команданың кеңесу сәтінде мені видеоға түсіріп тұрды. Сұрасам, "Кітап оқып тұрмын" дейді. Ол біреудің айтуымен мені түсіріп тұрғаны анық. Өйткені менің жұмысымда нәтижелер жақсы болды. Басқа себеп таппады. Бірақ мен өз жұмысыма қатысты кемшіліктерді үнемі ашық айтатынмын. Сол себепті басшылыққа ұнамадым", - деді.
Ол жұмыстан шығарылуына тағы бір себеп бар болғанын да жеткізді.
"Жоқ, ол жерде тағы бір мәселе бар. Оларға ұлтымның қазақ болғаны жақпады немесе мен оларға екінші адам, яғни бағынушы, бастықтың айтқанын орындайтын, өз пікірі мен талабын қоймайтын қазақ болуым керек еді. Ол жерде "ақылды, талапшыл, өз құқығын білетін, өзіндік пікірі бар" қазақтар сыйыспайды. Олардың талбынша, қазақ жаттықтырушысы өз пікірін білдірмейтін “момын” болуы керек.
2 рет Азия ойындарын жеңдік. Жақсы нәтиже менде ғана болды. 2018 жылы Азия ойындарындағы менің дайындаған командам көрсеткен нәтиже бойынша маған ҚР Су добы бойынша Еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын беруі керек еді. Мен бір де бір легионер қоспай, өз қыздарымызбен жақсы нәтижеге жеттік. Легионер керек емес, олар келеді, кетеді, біз базасыз, мамансыз қаламыз дейтінмін. Бұл ұсынысым да еш қолдау таппады, басшылыққа ұнамады. ҚР Еңбек сіңірген бапкер атағын маған бермейтіндерін ашық түрде айтты. Федерация оны маған ерте деп бермеді. Бірақ өздерінің кезінде бәрі де осындай атақтарды алып алған. Тіпті ешқашан команданы жаттықтырмаған төрешілерге дейін осы атақтары бар", - деп қынжылды.