МӘДЕНИЕТ

Жақсылық пен жамандықтың күресі: Исабековтың кейіпкерлері бақытты ма?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Айгерім ӘДІЛХАНОВА

Оның шығармалары – өміршең. Кейіпкерлері бақытқа бір адым қалғанда мерт болады. Оның шығармалары – сезімтал. Оқырманды түрлі сезім тұнығына батырады. Бірақ әр шығармасында тасжүрек, оқиғаны адамның ойына сыймайтын деңгейдегі бір арнаға бұратын қаһарманы бар. Бүгін – мейірім мен қатыгездікті бір шығармаға сыйғызудың хас шебері Дулат Исабековтің туған күні. Bugin.kz тілшісі қаламгердің оқырман жүрегінен орын тепкен шығармаларына шолу жасайды. 

Әпке

Қаламгер сұхбаттарында бұл шығарманың өз тағдырымен байланысы бар екенін айтады. "Әпке" шығармасы – отбасының жүгін арқалаған, жанашыр қыздардың табиғатын бейнелейтін туынды. Бауырлары үшін бар күшін сарп етіп, бір өзі әке, бір өзі шеше бола алған Қамажайдың ерлігі баяндалады. Барлық бауырын оқытып, отбасы құруына көмек береді. Дегенмен Қамажай өз бақытын таба ма?

Гауһар тас

"Гауһар тас" – арнайы фильм түсіріліп, көрермен оң баға берген туынды. Ыбышты 3 рет қана көріп жары болған Салтанаттың таласқа толы өмірі бейнеленген. Мейірімді, ашық мінезді кейіпкер өмірлік серігі ретінде таңдаған жігітінің қатігездігінен жапа шегеді. Ерге тән қаталдық, жігер, батылдық қасиеттерге ие деп ойлаған жігіті отбасылық өмірде осалдық көрсетеді. 1975 жылы "Гауһар тас" повесінің желісімен фильм түсірілді. Дегенмен шығармадағы кей оқиғалар фильмде өзгертілген.

Повесте отбасы құрғаннан кейінгі жағдаяттар, келіспеушіліктер көрсетіледі. Салтанат Ыбыштың мұз жүрегін еріткісі келеді.

Салтанаттың үміті ақтала ма?

Бөрте

Жанашыр. Қорғаушы. Құтқарушы. Сөйте тұра ғұмырлық қызғанышы. Қайтпас қайсар қарсыласы. Бұл – Дулат Исабековтің қаламынан туған хан Шыңғыстың Бөртеге берер сипаты. Ханда 40 кісінің ақылы бар. Ханымында ше? Сұрақтың жауабы жазушының Түркістан музыкалық драма театрында сахналанып жүрген "Бөрте" пьесасында баян етіледі. 

Пьесада Жошы өлімі, Шыңғыс ханның биліктегі шешімдері, Бөртенің образына қатысты тың деректер бар. Моңғолдар пьесаны сахналамақ болған. Дегенмен "қазақтар бізден Шыңғыс ханды тартып алады" деген қорқынышпен қойылымды қоймаған. Шынында бұл туынды Шыңғыс ханды қазақ етіп көрсетуге тырыса ма?

Қарғын

"Қарғын" жарыққа шыққан соң, жазушыға қыз-келіншектер хабарласып, Жасынның прототипін сұраушылар көп болған. Жасын – Асқар Сүлейменовті әбден зерттегеннен кейін болмысын қалыптастырған кейіпкер.

Шығармада отбасылы ер адам мен қазақы менталитетке сай тәрбиеленген бойжеткен арасындағы сезім баяндалады. Махаббат, бақытты басқаша формада түсіну, қайсарлық, парасат – шығарманың болмысын ашатын қасиеттер.

Оқиғаның шиеленіскен тұстары Алматы қаласында өрбиді.

Ал Жасын Бағила үшін отбасын бұза ма?

Дермене

"Дермене" повесінде дәрменсіз жандарға жасалған әлімжеттік көрсетіледі. Мейірім мен махаббаттың үйлесімін жазушы әрқашан қатігездікті қосып сипаттап, тереңдете түседі. Оқиға шиеленіске толы. Асанәлі Әшімов 1986 жылы бұл повестің желісімен кино түсірді. Туындыны көрермен ыстық ықыласпен қабылдады.

Қарт пен немересінің бейнеті ақтала ма?

P.S. Оның кейіпкерлері – стандарттан тыс "бақыт" иесі. Исабеков – көркемдік шешімі үшін де ерекше қаламгер.