Bugin

Шай ішу адамдардың өмірін қалай сақтап қалды?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Getty Images

Ұлыбританияда шай 18-ғасырда танымал болды. Сол кездегі өте лас қаланың тұрғындары шайдың арқасында аман қалған. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі BBC сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Шайды адамдар Қытайда біздің дәуірімізге дейін де тұтынған. Ол Ұлыбританияға тек 17-ғасырда таныла бастаған. Португал және голланд көпестері оны алғаш рет 1610 жылы Еуропаға әкелді. Шай қазіргі таңда Ұлыбританияның сүйікті сусынына айналды.

Бұл сусын өз уақытында жаһандық тауар, тыныштандыратын сусын, саяси қысымның символы ретінде болған. Дегенмен шайдың адам өмірін сақтап қалғаны – көпке беймәлім дерек.

Колорадо университетінің экономисі Франсиска Антман зерттеуінің нәтижесінде қызықты мәліметтерді тапты. Шай ішу – 1700 жылдары көптеген адамның өмірін сақтап қалған болуы мүмкін. Бұл шайдың құрамындағы антиоксиданттарға немесе оның құрамындағы басқа пайдалы заттарға байланысты емес.

Адамдар қайнаған судың судағы қоздырғыштардан қорғайтынын білмейтін кезде де шайға су қайнатылған және бұл әрекет көпшілікті өлімнен құтқарған.

Осы кезеңдегі ағылшын демографиясы тарихшылар үшін бұрыннан келе жатқан басқатырғыш болып қала береді. 1761 жылдан 1834 жылға дейін жыл сайынғы өлім көрсеткіші әлдеқайда төмен болған екен. Осы кезеңде 1000 адамға шаққанда тек 25-28 ерте өлім тіркелген. Бірақ бұл кезеңде халықтың тұрмыс деңгейі мен айлық жалақысы төмен болған.

Тығыз қоныстанған лас аймақта тұратын халықтың шай ішетін әдеті өлім азаюының негізгі себебі болуы мүмкін. Себебі адамдар шай ішу үшін суды қайнатқан. Қайнаған су диарея ауруын тудыратын бактерияларды жояды.

"Адамдардың көбеюі мен олардағы санитарлық жағдайға қарасақ, көпшілігі судан қайтыс болған", - дейді Франсиска Антман.

Антман өзен жағасында тұратын халықтың өлімі көп болғанын құжаттар арқылы қуаттап көрсеткен.