ТӘРБИЕ

Мәһір махаббатқа кедергі ме?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Той шығыны – тойхана, қалың мал, тойға арналған киімдер, дастарханға қойылар астың құны және тағы басқа ұсақ-түйектер тізбегі. Дәл осындай шығындардың қатарында мұсылманша неке бойынша қалыңдыққа берілетін мәһір де бар. Соңғы кезде мәһірге көлік, үй, бренд сөмке сұраған аруларымыздың таңдауы көпшілікті "алаңдатып" отыр. Әлеуметтік желілерде "шу тудырған" мәһір деген не? Бұл сый жігіттердің үйленуін қиындата ма? Bugin.kz тілшісі Абдусаттар Сманов мешітінің имамы Шотабеков Берік Салаватұлымен осы тақырыпта сөйлесті.

– Мәһір деген не?

– Мәһір – әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы.

Алла Тағала: "Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін шын көңілден тарту етіңдер …" – деп бұйырады.

– Мәһірді не үшін сұрайды?

– Мәһірдің хикметі – қыздың неке қиғандағы ақысы. "Жаман айтпай, жақсы жоқ" дейді ғой халқымыз. Егер күйеу жігіт бір оқыс жағдайға тап болса, әйел кісі мәһірді сатып, біршама уақыт күн көре алуы керек.

– Ол нәрсе құжатпен бекітіле ме?

– Мәһір құжатпен бекітілмейді. Неке қиған кезде куәгерлердің көзінше сұралады. Сонымен қатар жігіттің мойнында қарыз болып қалады.

ҚМДБ мешіттерінде некесін қиған жастарда "неке журналы" бар. Оған мәһірге сұралған зат та жазылады. Ол – құжат емес. Тек тіркеп отырамыз.

– Мәһірдің болуы шарт па? Жұбайлар өзара келісіп, мәһір бермесе де бола ма?

– Ерлі-зайыптылар неке қиғаннан кейін мәһір құнын келісіп, басқа затқа немесе сомаға ауыстыра алады. Жұбайлардың келісіміне байланысты осылай өзгертуге болады. Некеден кейін жігіт аталған затқа шамасының жетпейтінін айтып, сөйлесіп келіссе, оның құнын түсіруге, басқа затқа айырбастауға рұқсат берілген.

Шариғат бойынша мәһір беру – уәжіп. Бірақ ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһір берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады.

– Мәһірге қанша теңгенің көлеміндегі қандай зат сұралуы керек?

– Мәһірдің ең арзан құны – 10 дирхам. Алтын-күмістің бағасымен бірге ол да өзгеріп тұрады. Мәһір жігіт қиналмайтын, қыз ренжімейтін сомада болуы керек.

– Қазақтар қай уақыттан бастап мәһір сұраған? Бізге бұл үрдіс қашан келді?

– Мәһір қазақ даласына ислам діні таралғаннан бастап енген. Қарахан əулеті билігі тұсында Мұса қаған 960 жылы ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялаған. Содан соң Сайрам, Тараз, Құлан, Меркі, Баласағұн, Сауран, Ясы, Өзгент қалаларында тек сауда емес, дін, білім, ғылым дамыды. Мәһір қазақ даласында осы кезеңде пайда болған шығар. Нақты қай уақытта екенін білу үшін зерттеу керек. Тек діни емес, тарихи және этнографиялық тұрғыда зерделенуі шарт тақырып.

P.S. “Махаббат дегеніміз – екі парасатты, пайымды адамның сана биігінде жолығуы”,- деген екен Шаханов. Мәһір - екі адамның арасындағы келіссіммен жасалатын таңдау. Бұл мәселені эмоциямен емес, ақылмен шешу қажет.