Bugin
Фото:depositphotos.com
Ауру – астан. Адамның жеген тағамының денсаулығына қалай әсер ететінін нутрициолог Әйгерім Биболатқызы Bugin Podcast-та айтты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі ақпарат таратады.
Нутрицолог қазір адамдардың дұрыс тамақтанбауы іш қатуға себеп болып жатқанын айтты.
"Ағзаға түскен тамақ сүзгіден өтеді. Бауырда үш рет сұрыпталады. Үшінші фильтр – детокстың үшінші фазасы деп аталады. Бауырдың дұрыс жұмыс істеуі үшін үшінші фаза маңызды. Ол тағам қалдықтарының сыртқа шығып кетуін қамтамасыз етеді. Әр адам күнде бір рет үлкен дәретке шығуы керек. Қазір ең өкінішті жағдай – іші қатпайтын адамдар өте кем. Әр 10 адамның шамамен 7-8-інің іші қатады", - деп түсіндірді.
Маман қазіргі таңда адамдардың не себепті шаршап жүретінін түсіндірді.
"Кортоп, пияз – пайдалы. Ешқандай зияны жоқ деп ойлаймыз. Оны тұтынбас бұрын қабығын аршимыз. Ол қалдықтарды үйде сақтаған қалай? Бір күн сақтайсыз, екі күн сақтайсыз, одан бір күні иіс шығады. Кортоптың қабығын бір ай сақтап көріңізші. Үйіңіздің аурасы бұзылады ғой. Бір күн үлкен дәретке бармаған адамның ағзасында өздігінен тазару функциясы тоқтайды. Ағза ластанады. Жауыннан кейін машина қалай лас көрінсе, адам ағзасының клеткалары да солай кірлейді. Қоректік заттардың клеткаға кірер жолы бекітіледі. Қазір көп адам шаршап жүреді. Себебі ағзалары кірленіп кеткен", - деді.
Әйгерім Биболатқызы адамдар үлкен дәретін күнделікті шығармаса, ағзаның қаншалықты ластанатынын айтты.
"Өздігінен тазару процесі бұзылса, клеткалар мен тамырдың жұмысын бұзады. Үш күн, бес күн, тіпті, 21 күнде бір рет қана үлкен дәретке баратын адамдар бар. Тіпті, балалар солай 1 аптадан аса іші қатып қалады. Адамдар бұл нәрсеге мән бермейді", - деп дабыл қақты.