Bugin

"Өлді-ау" деп едік": шетелдіктермен кеткісі келмеген баланың тағдыры

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com

Танымал жазушы Жүсіпбек Қорғасбек шетелдіктер асырап алған бала туралы жазба жариялады. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі хабарлайды.

Жазушы тебіренткен оқиға туралы баяндады.

"Осы оқиғадан бір пайда көріп қалайын деген ой жоқ. Бірақ Бельгиядан анасын іздеп келген жігіттің суреті маған таныс сияқты көрінді. "Арқалықтан екен" деген соң, басылып қалдым. Жиырма жылдай бұрын Павлодарда ұшаққа мінгелі тұрғанбыз. Шекесі торсықтай бір кішкене баланы шетелге әкетіп бара жатыр екен. Асыраушылардың екі қызымен алаңсыз ойнап жүрген бала, ұшаққа мінерде "бармаймын, қаламын" деп ойбайды салды. Бақыртып-шақыртып ұшаққа мінгізіп жатқанда, траптың жоғарғы сатыларының бірінен секіріп кетті. "Өлді-ау" деп едік, жерге топ етіп түсіп, тұра қашты. Байғұс баланы сонда бүкіл әуежай жұмысшылары жабыла қуды. Ақыры ұстап әкеліп, шыңғыртып тұрып ұшаққа салды. Ол кезде шетелге Алматы арқылы ұшатын еді. Бала Алматыға жеткенше жағы сембей жылап келді", - деді.

Жазушы сол оқиғадан әсерленіп, шығарма жазған. 

"Мен сол оқиға туралы повесть жазып едім. Бала төрт-бес жас шамасында болған, мен ешкім сенбес деп, жеті-сегіз жастағы бала деп жаздым. Кейінірек Мақсат Тәжі-Мұрат бас редактор болып тұрған кезінде көлеміне қарамай, "Ана тілі" газетіне басты. Жыл соңында "Жылдың үздік шығармасы" деген аталым бойынша атап өтті. Мына жігіт те өжеттігі мен түр-түсі жағынан сол балаға ұқсайды екен. Алғаш естіген күннен бері анасы табылып қалар деп үндемеп едім. "Кететін күні жақындады" деген соң, жариялағанды жөн көрдім. Кім біледі, қазақ болған соң ұқсай береді ғой. Осыны парақшама жазып отырып, көзімнен жас бұрқ ете қалды. Өзімізді мақтаған сөздің бәрі бекер, тасжүрекпіз ғой", - деп айтты.