БІЛІМ
Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
30 желтоқсан – Кеңес одағының құрылған күні. Осы ретте Bugin.kz тілшісі “Қазақстан кеңес одағының құрамында болған жылдары не ұтты, неден ұтылды?” деген сауал төңірегінде мамандардың пікірін білді.
Темірғали Аршабеков, тарихшы:
Қазақстан Кеңес Одағының құрамына кірген уақыттан бастап даму мен құлдырау кезеңдерінен өтті. Соның ішінде революция дәуірінен бастайық. Кеңес одағының алғашқы кезеңінде Сәкен Сейфуллин, Сейітқали Меңдешов, Нығмет Нұрмақ сынды тұлғалардың арқасында теміржолдар мен ірі кәсіпорындар ашылды. Түркістан-Сібір теміржолы салынып, үлкен экономикалық үрдістер болды.
1921 жылы Қазақстан аштықты басынан өткізді. Сол кезде біз 1,5 миллион халқымыздан айырылдық.
Екінші кезең – өрлеу кезеңі. 1925 жылы жаппай индустрияландыру кезеңі басталды. Өнеркәсіп қолға алынып, зауыт-фабрикалар салына бастады. Осылайша, Қазақстанда екінші өрлеу кезеңі болды.
1928 жылы елде ұлы кәмпескелеу басталды. Сол уақытта халық қызығын көріп келген төрт түлік малынан айырылды. Ет тапсыру науқаны басталды.
1931-1932 жылы ұлы нәубет, аштық болды. Халықтың басым бөлігі, яғни ауқаттылар шетелге босқын болып кетті. Ал орта және қарапайым халық аштан қырылды. Орталық және Солтүстік Қазақстан халқы жаппай аштыққа ұшырады. Арал, Каспий маңындағы халық бұрыннан балық шаруашылығын білетіндіктен, балықты тамаққа айналдырды.
Сол кезеңдегі аштыққа қарамастан, елдімекендер салына бастады. Соның бірі – 1932 жылы салынған Қарағанды қаласы. 1936 жылы облыс болып құрылдық. Осы кезеңде елде көмір өндірісі басталды. Бұл уақытты “даму және тарихи өрлеу” деп атасақ болады.
1941-1945 жылдардағы соғыс – ел экономикасы мен дамуына кедергі келтірген кезең. Бір ғана Қарағанды облысының өзінен 2 дивизия соғысқа аттанды, қаншама адам қаза болды. Талай адам еңбекке жарамсыз болып қалды. Қаншама фабрикалар көшіп келді. Бұл халықтың урбанизациясына қатты әсер етті.
Соғыстан кейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіле бастады. Көптеген нысан мен өндірісті орнына келтіре бастады. 1950 жылдан бастап “Тың және тыңайған жерлерді игеру” процесі басталды. Осы кезеңде елімізге бірнеше мыңдаған “жаңа жұмысшы” келді. Олардың келуіне байланысты жергілікті халықтың мәдениеті, ұстанымы мен дәстүрі жоғалудың алдында болды. Себебі бұл кезеңде қазақ мектептері жаппай жабылып жатты. Өнеркәсіп және басқа салаларға орыстілді мамандар қамтылды. Бұл үрдіс 1970-1980 жылдарға дейін тоқтаған жоқ.
Осы кезеңдердегі саяси-экономикалық өзгерістер 1986 жылы Желтоқсан қозғалысына алып келді. Көтеріліс кезеңіндегі жастардың талабы – жоғары оқу орындары мен қоғамдық жерлерде қазақ тілінің қоданылуы. Оқу бітірген соң орыс тілін білудің міндетті болғаны жастарды еріксіз қозғалысқа шығарды. Осылайша еліміздің тарихында өрлеу де, құлдырау да кезеңдері болды. Менің ойымша, өрлеуге қарағанда, құлдырау басым болды. Себебі біз көптеген адамнан айырылдық. Тарихи оқиғаларды таразылай отырып, Кеңес одағының құрамында болған Қазақстан талай нәрседен ұтты дегенше, ұтылды дегеніміз дұрыс.
Айбар Олжай, экономист:
Кеңес Одағы құрамында болған кезде не ұтып, неден ұтылғанымыз жөнінде әлі күнге дейін ауқымды ғылыми еңбек жазылған жоқ. Негізі осы тақырып тұрғысында ғылыми зерттеу институттары мен экономикалық институттар бірігіп зерттеу жасаса, дұрыс болар еді. Бір адамның объективті пікір білдіруі қиын. Дегенмен, менің ойымша, Кеңес одағының біздің ел үшін білім және медицина жағынан пайдалы болғаны рас. Себебі халықты сауаттандандыру үшін бәріне бірдей орта және жоғары білім беру ісін жолға қойғандықтан, біз орта біліммен жақсы қамтылған халықтың қатарына кірдік. Сауатсыздық проблемасынан құтылдық. Тәуелсіздік алған 1990 жылдары біздің халықтың ішінде жоғары білімді растайтын дипломы бар адамдардың саны өз елдерден әлдеқайда көп болды. Бұл адам капиталын жақсартуға өзіндік үлес қосты.
Екіншісі – тегін медицина. Біз тегін медицинаны пайдалана алғандықтан, көптеген аурудан сақтандық. Мысалы әртүрлі жұқпалы аурулар, Сібір жарасы, қызылша ауруларынан вакцина арқылы сақтандық. Кеңестік системаның медицина мен білім беру саласындағы тәжірибесі біздің елге жақсы әсер етті деп ойлаймын.
Әрине, Кеңес Одағының олқылықтары өте көп. Өз жеріміздің қойнауынан шығып жатқан шикізаттарымызды өзіміз пайдалана алмадық. Газ бен мұнайды орталыққа бере отырып, өзіміздің ресурстық базамыздан айырылып қалғанымыз белгілі. Астық, мал, ет, жүн сияқты шикізаттың бәрін орталыққа беріп отырдық. Одан тапқан пайданың бәрі Мәскеудің қазынасына түсіп жатты. Әрине, алғанымыздан бергеніміз көп болғаны белгілі. Бәрін беріп қойып, оның қызығын көрмедік деп айтуға болмайды. Шикізатты өңдейтін ошақтар ашылды, адамдар жұмыспен қамтылды.
Тағы бір ұтылған тұсымыз – экологиялық жағдай. Жеріміз талай экологиялық апаттарды көрді. Оның зардабын ақшамен есептеу өте қиын. Екі ең үлкен апат: бірі – Арал теңізінен айырылуымыз, екіншісі – жерімізде атом бомбаларының сынағы өтуі. Бұл екі жағдайға да 100 пайыз Кеңес Одағы кінәлі. Бұл ақшамен санағанда, қанша миллиард шығын әкелгені әлі есептелген жоқ. Осындай оқиғалар арқылы еліміз бен жеріміз көптеген зардап шекті. Жағдайдың бәрін қатар қоя отырып, біржақты шешім шығару қиын.
Жания Хайбуллина, эколог:
1960 жылдан бастап, Арал теңізіндегі судың көлемі Әмудария мен Сырдария өзендеріне су бөлінуіне байланысты тез төмендеді. Арал теңізі тартылу деңгейі жағынан дүние жүзіндегі төртінші көл болған. Аталған теңізде болып жатқан жағдай – нағыз экологиялық апат. Бұл апатқа кінәлі – Кеңес өкіметі. 1985 жылы Гарбочев экологиялық апатты жалпыға жария етті.
Келесі бір экологоиялық апат – шаңды, тұзды, дауылды, улы химикаттардың ауада таралуы. Химикаттың ішінде натрий гидрокарбонаты, натрий сульфаты ауаға таралып, өсімдіктер мен дақылдардың дамуына кедергі келтіреді. Осы шаңның кесірінен жергілікті халық тыныс жолдарының дертіне шалдықты. Бауыр, бүйрек аурулары көбейді. Экология нашарлап, адамдар түрлі аурумен ауырып жатқан себепті де бүгінде Арал теңізі маңайында тұратындар саны азайып барады.