ДАМУ
Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
2024 жылдың алғашқы аптасында “Егемен Қазақстан” газетінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді сұхбаты жарияланды. Онда бірнеше ірі мәселелер көтеріліп, түйткілді тақырыптар талқыланды. Bugin.kz порталы ауқымды сұхбаттың қысқаша топтамасын ұсынады.
Ел Президенті сұхбаттың басында соңғы жылы елімізде болған саяси-экономикалық оқиғаларға тоқталып, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған шаралар туралы айтты. Ол ішкі және сыртқы саясат, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, атом электр станцияларының құрылысы және басқа да өзекті тақырыптарға қатысты сұрақтарға жауап берді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
"2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды", - деді сұхбатта.
2022 жылы елде дүрбелең тудырған “Қанды қаңтар” оқиғасы да сұхбаттың негізгі бөлімі болды. Тоқаев “Қаңтар оқиғасының” себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ екенін айтты.
"Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Маңғыстау облысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты", деп пікір білдірді.
Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде кімдердің бірігіп әрекет жасағанын да айтты:
"Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдады. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік институттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді".
“ТӨТЕ СҰРАҚ ТУРА ЖАУАП” һәм “КЕТТІҢ БЕ – ҚАЙЫРЫЛМА!”
Қазақстандағы қосарланған билік туралы сұраққа жауап берген Президент таққа таластың болғанын жасырмады.
“Билік транзиті” кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.
Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші Президент деген болмауы керек деп санаймын. “Кеттің бе – қайырылма!” Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс".
Қазақстанда цензура мен саяси тұтқындардың жоқтығын алға тартқан Президент 2026 жылы болатын сайлауға қатыспайтынын мәлімдеді.
"Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата Заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық реформа Ата Заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ.
Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген".
Қазақстанды жарқын экономикалық болашақ күтіп тұрғаны туралы айтқан Президенттің сөздеріне қатысты халықтың несиеге белшесінен батқаны туралы қосымша сұрақ қойылды. Тоқаев оны қаржылық сауаттылықтың төмендігінен деп санайды.
"Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бір реттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым.
Негізінен, бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Екінші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек".
Президент журналистің үкімет жұмысының тиімділігіне қатысты сұрағына орағыта жауап берді. Нақты бір сын немесе айқын позициясын ашып көрсетпеді, десе де ведомствадағыларға қатысты талаптың күшейтілгені туралы ескерту жасады.
"Бір сөзбен айтсақ, қазір Үкіметтің өнімді жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктері жеткілікті. Атқарушы билікке жан-жақты ойластырылған іс-қимыл стратегиясы және өз міндетін тиімді жүзеге асыруға деген ынта-жігер ғана қажет. Дербестікке және қосымша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ “алмақтың да салмағы бар”, оларға қойылатын талап та күшейді. Үкімет мұны түсінуге тиіс".
Халыққа Жолдауында АЭС мәселесінің жалпыхалықтық референдумда шешілетіні туралы айтқан мемлекет басшысы Қазақстан үшін таза атом энергиясының маңызы зор екенін жасырмады.
"Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндірудің көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн.
Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым.
Қазақстанның сыртқы саясатына, нақтырақ айтқанда Қытай мен Ресейдегі саяси ахуалға баға берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің ішінде болып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына да кеңінен тоқталды.
"Мен елімізде “заң мен тәртіп” қағидатының орныға түскенін қалаймын. Сондықтан нақты жауап берейін, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сіз айтқан петиция заң талабына сай келсе де, келмесе де, азаматтардың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Оған күмән болмасын. Сонымен қатар қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайды".