МӘДЕНИЕТ

Сырға салу ұзатудан бөлек жасала ма, бірге жасауға бола ма? Этнограф жауап берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Қазақ салт-дәстүрге бай халық. Ежелден ата-бабаларымыз әр оқиғаға ерекше мән беріп, сән-салтанатпен тойлаған. Сондай маңызды жағдайлардың бірі – үйлену тойы. Екі жас серттесіп, отбасын құрамыз деп уәделескеннен кейін атқарылатын дәстүрлердің түрі көп. Әр салтты өз уақытымен, жөн-жоралғысымен орындаған. Соның бірі - “Сырға салу” салты. Bugin.kz тілшісі “Кешегі және бүгінгі сырға салу” дәстүрінің ерекшеліктері туралы этнограф Болат Бопайұлының пікірін білді. 

Сырға салу дәстүрінің мақсаты қандай?

Сырға салу – құдалықтың нақтыланғанынан хабар беретін дәстүр. Демек, екі жастың шешімінен кейін ата-аналар кездесіп, нақты құда болуға бел байлайды. Сырға салған соң құдалық пен той күнін белгілейді. Ертеде “Сырға салдық енді айнымастай, тұрақты құда боламыз” деп уәделескен. Қазақта құда түсудің дәстүрлері көп болған. Ұрын барып, сырға тағып, содан кейін қызды ұзатып алатын болған. Қазір уақыттың тапшылығы мен заманға байланысты жағдай өзгерді. Барлық дәстүр бірге істеліп жүр.

Қызға сырғаны кім салған?

Қызға сырғаны жігіттің анасы (шешесі) салған. Егер анасы болмаған жағдай болса, әрине ет жақындарына кезек беріледі. Жігітке ең жақын жеңгелері немесе әпкелері болашақ келіндеріне сырға салған. 

Сырға салуды ұзату тоймен бірге жасау қаншалықты дұрыс? Ертеде құдалықтан қанша уақыт бұрын сырға салып кеткен?


Қазіргі заманда алыс жол, қауырт жұмыс себебінен адамдар сырға салу мен ұзату тойды бір күнге белгілеп жатады. Тағы бір себеп экономикалық жағдай. Әркімнің көрпесіне қарай көсілері анық. Қоржын да салынып, сырға да тағылып барлық дәстүр бір аптаның ішінде болып жатады. Әрине әр заманның талабына сай да той жасаушылар бар. 

Ертеде киіз үйдің ішінде отырған отбасыға “жаушы” келетін. Бір балағын ішіне, бір балағын сыртына шығарып, арнайылап, ат терлетіп келетін адамды қазақтар бірден таныған. “Жаушы” - сізде қыз, бізде ұл бар деген желеумен келген. Жаушы келгеннен кейін араға уақыт салып жігіт жақ құда түсіп, үкі тағып барады. Артынша күйеубала ұрын барып, жеңгелерінің көмегімен қызбен кездеседі. Содан кейін ғана араға біраз уақыт салып, қызды ұзатып алып кетеді. Осылайша, бір тойдың өзі екі-үш жылға созылған.