ДАМУ

Қазақстандықтар қай елдерде ресми жұмыс істей алады: Министрлік жауабы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Жыл өткен сайын шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны артып жатыр. "Өзге елде жұмыс істеу заңды ма?", "Қандай жұмыстар істеуге болады?", "Еңбекшілердің құқығы қорғала ма?" деген сұрақтар көптеген адамның ойында жүргені анық. Bugin.kz тілшісі осы сауалдарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен тікелей жауап алды.

Қазақстандықтар қай елдерде заңды, ресми жұмыс істей алады?

"Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, әркімнің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға құқығы бар. Осыған байланысты Қазақстанда өзінің еңбек қызметін шетелде жүзеге асыру бойынша заңнамада тыйым салатын нормалар жоқ.

Сонымен қатар қазіргі таңда қазақстандық азаматтар көбірек жұмыс істейтін елдермен (Түркия, БАӘ, Ұлыбритания, Корея Республикасы, Катар, Германия, Израиль Мемлекеті) еңбекші-мигранттардың еңбек қызметі және құқығын қорғау туралы екіжақты келісімдерге қол қою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жоғарыда көрсетілген келісім жобалары аталған мемлекеттерде Қазақстан азаматтарына заңды түрде жұмыс істеуіне және олардың құқықтарын қорғауға арналған.

Шетелге жұмыс істеуге көбіне қай жастағы азаматтар кетіп жатыр?

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, негізінен 30 жастан 49 жасқа дейінгі азаматтар еңбек қызметін жүзеге асыру үшін елден тыс жерлерге кетеді.

Қазақстандықтардың қанша пайызы шетелде жұмыс істеп жатыр?

Сыртқы істер министрлігінің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың басында 191 мың азамат немесе Қазақстан Республикасының еңбекке қабілетті халқының 1,9%-ы шетелде жұмыс істейді.

Шетелге жұмыс істеуге барып, жарақат алған жағдайда азаматтардың құқығы қорғала ма?

Егер біздің азаматтарымыз шетелде жұмыс істеген кезде жарақаттанса, еңбек шарты негізінде ресми жұмыс істеп жүргендердің әлеуметтік және еңбек құқығы қорғалады.

Осыған байланысты Қазақстан әкімшілік, көші-қон, еңбек және басқа да заңнамаларды бұзбай, еңбек шарты негізінде шетелде ресми түрде жұмыс істеуді ұсынады. Сонымен қатар жоғарыда айтылған еңбекші-мигранттардың еңбек қызметі және құқығын қорғау туралы екіжақты келісім жобаларында осы мәселе қамтылған.

Шетелде жүріп, қылмыс жасаса, Қазақстанға депортация жасала ма?

Қазақстандықтар шетелде қылмыс жасаса, сол елдің заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады. Заң бұзғаны үшін мемлекеттің тарапынан депортациялау көзделсе,  міндетті түрде Қазақстанға жеткізіледі.

Шетелге жұмыс істеуге шыққан азамат қандай заңдарды міндетті түрде сақтауы керек?

Шетелде жүрген азаматтарымыз сол елдің барлық заңнамалық нормасын, атап айтқанда әкімшілік, көші-қон, еңбек, басқа да заңнамаларды және жеке еңбек шартында көрсетілген талаптарды сақтауға тиіс.

Ел азаматтарының шетелге жұмыс іздеп баруына не себеп деп ойлайсыз? Жалақы мәселесі себеп болса, неліктен біздің елде де сондай жалақы тағайындалмайды?

Қазақстандағы жалақы өңір, сала және жұмыс тәжірибесі сияқты бірқатар факторға байланысты әртүрлі мағынаға ие болуы мүмкін. Алайда кейбір кәсіптер әдетте жалақының төмен деңгейімен байланысты.

Қазақстандағы шағын жалақы —әртүрлі фактордың жиынтығынан туындаған күрделі мәселе. Бірақ тиісті шаралар мен реформаларды қабылдай отырып, барлық жұмысшы үшін лайықты жағдайды қамтамасыз ететін неғұрлым әділ және өркендеген экономика құруға болады.

Қазақстандықтар шетелде көбіне қаңдай салада жұмыс істеп жатыр (ТОР 5 сала)?

Құрылыс, маусымдық жұмыстар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ қызмет көрсету саласы —шетелге жұмысқа шығатын қазақстандықтар арасында ең танымал салалар.