БІЛІМ
Фото: depositphotos
23 қаңтар түні Алматы тұрғындары дүмпуі 5 балдық жер сілкінісін сезді. Шырт ұйқыда жатқан халық сырт киімсіз далаға шығып, үйлерін тастап қашуға мәжбүр болды. “Жер сілкінісі болуы мүмкін, дайын жүріңіздер” деп бірде-бір ескерту алмаған ел аяқ асты болған оқиғадан үрейленіп қалғаны шындық. Осы орайда Bugin.kz тілшісі "Сейсмологиялық байқау және зерттеулер" ұлттық ғылыми орталығымен байланысып, көкейде жүрген бірнеше сауалға жауап алды.
Ғылыми орталық неліктен жер сілкінісі алдын ала хабарланбағанын түсіндірді.
"Жер сілкінісін алдын ала болжау – (әсіресе, қысқа мерзімді болжау) өз шешімін таппаған мәселе. Сондықтан БАҚ бетінде жарияланатын жалған болжамдар тұрғындарға зиянын тигізеді. Олардың осы ғылым саласы мен жергілікті билікке деген сенімін төмендетіп, әлеуметтік, психологиялық, саяси және экономикалық зардаптарды тудыруы ықтимал. Елімізде бұл бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Еліміздің сейсмолог мамандары сейсмикалық жағдайды орта мерзімді және қысқа мерзімді болжамдар шеңберінде бағалайды.
Жыл сайын жыл басында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі “Ұлттық сейсмологоиялық бақылау және зерттеу орталығы” ЖШС-нің болжамдық комиссиясы Алматыда өткен жылғы сейсмикалық жағдайды бағалау нәтижелеріне сүйене отырып, биылға орта мерзімді болжамды береді. Жыл ортасында орта мерзімді болжам нақтыланады, қажет болған жағдайда түзетіледі", - делінген хабарламада.
"Сейсмологиялық байқау және зерттеулер" ұлттық ғылыми орталығының мамандары күшті зілзалар тағы қайталанатынын айтты.
"Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктері сейсмикалық белсенді, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Бұрындары да өте күшті жойқын жер сілкіністері болған. Әсіресе, Алматы – сейсмикалық қауіпті аймақ. Атап айтқанда, тарихта Верный (1887 жылы М-7,3), Кемін (1911 жылы М-8,2), Шелек (1889 жылы М 8,3) жер сілкіністері болған. Ондай дүмпулер болған жерде қайта жер сілкіну қаупі жоғары.
Сондықтан халық саналы түрде осындай апатқа дайын болуы керек. Кез келген аймақта күшті дүмпулердің қайталануы ықтимал. Қатты дүмпуден кейін жер қойнауында жиналған сейсмикалық энергия бірден бөлінбейді. Біртіндеп разряд жүреді, сондықтан афтершоктар болады. Жойқын жер сілкіністерінен кейінгі афтершоктар тіпті бір жыл бойы болуы мүмкін", - делінген ақпаратта.
Орталық мәліметінше, Қытайда немесе өңірдің басқа елдеріндегі жер сілкіністерінің толқындары біздің аумағымызға сезілуі мүмкін. Жыл сайын ондай әлсіз жер сілкіністері болып тұрады. Жер сілкінісінің күші неғұрлым көп болса, соғұрлым сол жерге жақын аумаққа сезіледі. Бірақ арақашықтық қаншалықты алыстаған сайын, соғұрлым әсері әлсіз болады.
Ғылыми орталық мамандары Қазақстанның басқа аймақтарында жағдай қандай екенін түсіндірді.
"Қазіргі уақытта Қазақстанның басқа аумақтарында сілкініс қаупін анықтайтын карталар жасалып, осы карталар негізінде жаңа сейсмикалық станциялар орнатылып жатыр", - делінген хабарламада.
"Сейсмологиялық байқау және зерттеулер" ұлттық ғылыми орталығы "Қайта жер сілкінсе, Алматы бұған қаншалықты дайын?" деген сұраққа: "Төтенше жағдайлар департаменті жауап береді", - деп қысқа қайырды.