ДЕНСАУЛЫҚ
Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
Төтенше жағдай болғанда адамдар өзін қалай ұстау керек екенін білмей, сасқалақтап қалады. Ол көп жағдайда дұрыс шешім қабылдауға кедергі келтіреді. Bugin.kz тілшісі тосын жағдайда өзін ұстау құпияларын мамандардан сұрап білді.
Қорқыныш деген не?
Психолог Балабек Сақтағановтың айтуынша, қорқыныш – адамның шынайы эмоциялық қалпы. Өйткені адамның өзін қорғау және сақтау инстинкті қорқыныш мазмұнында бойдан байқалады.
Қорқыныштың қандай түрлері бар?
Қорқыныш екіге бөлінеді: шынайы қорқыныш және потологиялық қорқыныш. Шынайы қорқынышқа иттен, адамнан, т.б. қорқу жатады.
Потологиялық қорқыныш ми қызметі бұзылғанда, галлюцинация кейпінде болады. Адам қорыққан кезде өзінің қалыпты күйіне қайтуға тырысуы керек. Сыртқы ортадағы құбылыс, жағдайдан қорықса, өзіне зақым келмегенін қадағалауы қажет. Денесінде жарақат жоқ па, бірдеңеге тиіп кетпеді ме, бәрі дұрыс па, көз жеткізіп алғаны жөн. Үрей билегенде, адамға ауа жетпей, өкпесі қысылып, жүрегі тарсылдап кетеді. Сол үшін адам ең бірінші миын тыныштандыру үшін 10 рет тыныс алып, баяу шығару керек. Бұл әрекет адам миын тыныштандырады.
Қорқыныш сезімі оянған жерден ұзаққа кету керек. Өзінің айналасынан қауіпсіз жер тауып алуы керек. Үрейі сейілмей қойса, ұйықтап, демалғаны жөн. Адам шаршап, ұйқысы қанбаса, ми қызметі бұзылады. Йога жаттығулары да миды жайландырады. Егер бұл әрекеттер пайдаға аспаса, міндетті түрде психотерапиядан өткені жөн.
Қорқыныш пен үрейден қалай құтыламыз?
Психолог Мадина Қуатбекованың айтуынша, қорқыныш пен үрей дегеніміз сана-сезімдегі тереңде жатқан, ұзақ уақыттан бері адамның бойын жаулап келген жағымсыз күй.
Қорқыныш – адамның жаман ойы ғана. Неге онда сол жаман ойды басқа бір жақсы ойға ауыстырмасқа? Ал енді қайтадан бағдарламалау арқылы адам ойын жақсы жаққа арнайы әдістермен реттеуге болатынын айтқым келеді. Бұл әрекеттердің дұрыс екені ғылыми расталған. Невролог, психолог Наталья Бехтереваның зерттеуі бойынша, адам дүниеге келгенде ешқандай қорқыныш-үреймен тумайды. Оның бәрін уақыт өте келе адам өзі жинайды. Оймен, өмірдегі тәжірибесімен жинайтын әдеттердің жиынтығы қорқыныш екен. Сол жамай ой әдеттерін жақсы әдетке алмастыру да адамның өз қолында.
Санаға қорқынышқа қарсы, батырлыққа алып баратын ой саламыз
Сананы осы күнге дейін сіз үйренген рахат ортадан шығарамыз. Адам өз-өзімен 2-3 айда, маманмен жұмыс істесе, 2-3 консультацияда-ақ аффирмация арқылы қорқыныштан түбегейлі арыла алады.
“Сананы қайта бағдарламалау” деген Уолтер Мишелдің 1960 жылдары шығарған кітабында “Адам өмірі әдеттерден құралатынын” айтқан. Мишелдің сөзіне сенсек, бар өмір – әдеттер. Әдеттерді өзгертуге адамның өзі ғана құлшынып кірісуі керек. Сырттағы басқа адам ондай әсер бере алмайды. “Мен бұдан құтылуым керек, неге бұл үрей мені мазалай береді?" деп, адам өзі ойламайынша, ештеңе өзгермейді. Адам өз-өзіне осы сұрақты қойып, жауап іздеген кезде ғана өзін өзгерте алады.
Неге қорқыныш әдет деңгейінде айтылып жатыр? Себебі ол – қайталанатын құбылыс. Адам сол ойына, нақтырақ айтсақ, үрейге әбден үйреніп, ұзақ уақыт бойы жүре береді.
Қорқыныш пен үрей қайдан туады?
Қоғам адамға өте үлкен әсер етеді. Сол арқылы жүректі үрей мен қорқыныш билейді. БАҚ таратып жатқан мәліметтерді қабылдап алып, сол ақпараттың эмоциясымен өмір сүреді. Қоршаған ортадан миға берілген ақпарат сұрыпталмаса, ол адамдағы үрейді тек күшейтеді.
Америкалық әлеуметтік психолог Венди Вуд басқа әрекеттер жасау арқылы жағымсыз әдеттерден құтылуға болатынын айтқан.
Маған жүгінген пациенттерім “жүрегім тарсылдайды, әрдайым қорқамын, қорқып оянамын, жер тағы сілкіне ме екен деп түнімен ұйықтамаймын” деп уайымын жеткізеді. Қорқынышты жасауға да материал керек. Оны әр адам қоғамнан алады. Соны 2-3 консультацияда қайта бағдарламалап, реттейміз. Мүмкін емес нәрсе жоқ.
Шылым шегудің қорқынышқа қатысы қандай?
Қорқыныш-үрейдің жаман әдеттерінің ішінде ойынқұмарлық, ішімдікке құмарлық, шылым шегу, бәрі бар. Соңғы уақытта қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салды. Арнайы орындарда ғана шылым шегуге болады. Қазір зерттеу бойынша, осы шешімнен соң, соңғы 5 жылда шылым шегетіндер 27 пайызға азайыпты. Не үшін екенін айтсам, таң қаласыз. Қазір шылым шегу қиындап кеткендіктен, шегетін адамдардың қатары да азайған. Олар кез келген жерде шеге алмайды. Арнайы орындарға дайындалып баруы керек. Яғни қайта бағдарламалау арқылы адамның ойын өзгертуге болатынының дәлелі – осы статистика.
Әр адам өз үрейін 2-3 айда жеңе алады. Венди Вудтың “Жақсы әдеттер, жаман әдеттер” деген кітабы бар. Соны оқыған әр адам өзіне қажет ақпаратты ала алады. Сырттан ешкім құтқармаса да, адам өзімен жұмыс істеп, жағымсыз ойын жақсы ойға ауыстыра алады.
Уайымдамас үшін не істеу керек?
Адам жер сілкінісі секілді тосын жайтқа тап болғанда, дүрбелеңге ілесіп, уайымдамас үшін психолог Әсем Ілесбайдың жаттығуын ұсынамыз.
Уайымдай бастасаңыз:
Айналаңыздағы 5 затқа назар аударыңызшы?
Айналаңыздағы 4 заттың дыбысына назар салыңыз.
Сізді не қоршап жатыр? Енді айналаңыздағы 3 үлкен затқа қараңыз.
3 рет терең демалып, ауаны сыртқа шығарыңыз.
Осы жаттығуды 2 рет қайталаңыз.
Баланың қорқынышын қалай сейілтуге болады?
Дүрбелең кезінде баланы тыныштандыру үшін:
“Мен бармын. Мен жаныңдамын. Сені қорғаймын. Сен қауіпсіз жердесің. Менің құшағым – ең қауіпсіз мекен. Уайымдамай ұйықтай ғой”, - деп айту керек.
Маманның айтуынша, анасы өзін қалай сезінсе, балада сол эмоция қайталанады. Сондықтан анасының жаны тыныш болуы керек.