БІЛІМ

"Қазақ тілінің мазмұны қазақ тілін үйренушілерге арналғандай". Қалың қалай, оқулық?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz/ Айгерім Әділханова

Дүниежүзілік экономикалық форум жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексін жасағанда, 12 критерий бойынша бағалайды. Білім сапасының жоғары болуы – бұл көрсеткіште жақсы нәтижеге жетудің бір жолы. Оқыған адамдардың саны көп Қазақстан әрине ендігіде сапаға мән береді. Жаңартылған білім жүйесі – білім алушыларға сапалы, заман талабына сай білім беруді көздейді. Миссияны орындауда оқулықтардың рөлі ерекше. Дегенмен қазір оқулықтардың білім жүйесіндегі статусы «ресурс» деңгейінде екен. Bugin.kz тілшісі Алаш арыстарының оқулықтағы “тағдыры”, қазақ тілі ережелерінің оқытылуы мен тарихымыздың күйі қалай екенін оқулық авторы мен мұғалімдерден сұрап білді.

29.01.2024. Сағат Алматы уақытымен 09:40

29.01.2024. Сағат Алматы уақытымен 09:40

ҚР Оқу-ағарту министрлігі республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы (BMSO) оқулықтар мен ОӘК-лерге ғылыми-педагогикалық сараптама жұмысын ұйымдастырады. Орталыққа қанша хабарлассақ та, жауап қайтармады. Телеграмм каналына соңғы рет 3 қаңтарда жазба салған. Сайты жұмыс істемейді (29.01.2024, сағат 9:40,-Ә,Б).  Көрсеткен 2 WhatsApp номерден де жауап келмеді. Тек facebook парақшасы мен Instagram парақшасы белсенді. Ол жақтан да жекесіне жазсақ, жауап жоқ.

Айнұр Сабыр, «қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен оқулық авторы: Оқулықтардың сапалы болатынына күмәнім бар

Айнұр СабырОқулық дайындаған сәтте тақырып қамтуда неге мән бердіңіз?

Айнұр Сабыр

Бағдарлама дұрысталмай, ақша шығындап, оқулықты қайта-қайта шығарғаннан пайда жоқ. Кезінде оқулықтың қате тұсын айтқанымызда, "оқулық ресурс, мұғалім шебер болса, оқулықты пайдаланбай, тапсырманы өзі дайындауға болады" деген. Ол әрине мүмкін емес. Онда мемлекеттің ақшасын несіне оқулыққа шығындап отыр дегенбіз.

Қазіргі “қазақ тілі және қазақ әдебиеті” оқулықтарында Алаш арыстары туралы ақпараттың қамтылуына көңіліңіз тола ма?

Алаш арыстары туралы оқулықта мардымсыз. Ахмет Байтұрсынұлының 5-сыныптың 3-тоқсанында "Егіннің бастары" мен "Адамдық диқаншысы" деген екі-ақ өлеңін оқимыз. Содан кейін Ахмет қазақ әдебиетінде мүлдем жоқ.

Жаңартылған білім жүйесінде қазақ тілінің ережелерінің қамтылу ауқымы қалай?

Жаңартылған білім жүйесінде қазақ тілін, оның грамматикасын, заңдылықтарын түгел "шашып" тастаған. Қазақ сыныбындағы қазақ тілінің мазмұны қазақ тілін үйренушілерге арналғандай етіп алынған. Функционалды білім беру дегенді желеу етіп, қазақ тілін тек сөйлеуге арнап қойған. Бұрынғыдай бірінен соң, бір жаттығуды жазып, сөйлем талдау жоқ. Қазіргі қазақ тілі сабақтары бұрынғы орыс тілі сабақтары сияқты. Лексикалық тақырыпқа көп мән беріледі. Соның кесірінен сауатты жазу да ақсаңдап тұр. Оны айтсақ, "шебер мұғалім жазуға да, айтуға да үлгереді" деп, өзімізді сөгеді. Бір ғана 45 минутта ол мүмкін емес. Ал бағдарламада ол жағы қарастырылмаған.

Оқулық дайындау, бекіту процесі туралы айтып берсеңіз?

Қазір бағдарлама тағы да "қаралып жатыр, жазылып жатыр" дегенді естідім. Кім қарап жатыр, не қарап жатыр ол жұмбақ. Бұған дейін де солай жұмбақ болған. Кімнен сұрарымызды білмейміз.

Мен бір оқулыққа сарапшы болдым. Ештеңені сыртқа айтпауымыз жөнінде, айтсақ сотты болатынымыз жөнінде қол қойдырып алды. Мен сол кезде кейбір сарапшылардың іс-әрекетіне қарап, кездейсоқ таңдалған-ау деген ойда болдым. Арамызда келіспеушілік көп болды. Мен оқулықтың сауаттылығына көп мән бердім. Кейбір оқулықтың авторлары мүйізі қарағайдай атақ-дәрежесі бар адамдар. Олар мен сияқты қарапайым мектептің мұғалімінің сын-пікірлерін қабылдағылары келмейді. Оның соңы экс-министр Асхат Аймағанбетовтың алдына дейін баруыммен аяқталды. Асхат Қанатұлы сарапшы ретінде сын-пікірлерімізге құлақ асып, оқулықтың сауатты болуына мән берді. Ал егер сол авторлар ертең тағы да оқулық жазып, тағы таласса, онда оқулықтардың сапалы болатынына күмәнім бар. Қазіргі оқу-ағарту министрі осы уақытқа дейін оқытылып жүрген бағдарлама авторларын жаңа бағдарлама жасаушы құрамға жолатпауы керек.

Өмір Шыныбекұлы, тарих пәнінің мұғалімі: Тарих – идеология

Өмір Шыныбекұлы

Өмір Шыныбекұлы

Мектептерге арналған тарих оқулықтары туралы пікірлер мен ұсыныстарыңыз бар ма?

Мен республиканың біраз тарихшы-ұстаздары мен Шымкент қаласы және Түркістан облысы мектептерінің тарихшы-мұғалімдерінің оқулықтарға қатысты ұсыныс пікірлерін талқыладым.

Өзге оқулықтарды қайдам, Қазақстан тарихы оқулықтарына бар болғаны ресурс деп қарау дұрыс емес.

Тарих дегеніміз – идеология.

Өздеріңіз білесіздер, Шағатай ұлысына Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс Қазақстан толық кірді. Қазір бұл жерлер Түркістан, Жамбыл, Алматы  облыстары. Бұл облыстарға Алматы, Шымкент секілді мегаполистерді қоссақ Қазақстан халқының шамамен 45 проценті тұрады.

Шағатай ұлысының орнында XIV ғасырда Моғолстан мемлекеті құрылды.

XV ғасырдың II жартысында осы Моғолстан жерінде Қазақ хандығының негізі қаланды.

Олай болса, бізге Шағатай ұлысы мен Моғолстан мемлекетінің тарихы қалайша бөтен болады?

7-сыныптарға арналған Қазақстан тарихы оқулығында Шағатай ұлысы мен Моғолстан мемлекетіне 1 параграф арнаған. Ал 10-сыныптарға арналған Қазақстан тарихы оқулығында Шағатай ордасы мен Моғолстан туралы 4-5 жол ғана жазылған. Меніңше, Шағатай ордасы мен Моғолстан тарихы да Жошы ұлысының тарихымен бірдей Отан тарихы  ретінде оқытылуы керек.

Қазақ хандығы тарихындағы үлкен ақтаңдақтардың бірі – "Қатаған қырғыны".

Ұзақ жыл ізденіп, Есім хан мен Тұрсын сұлтан әскерлері арасында өткен басты шайқас болған жерді анықтадым. Есім ханың қатын-баласы тығылған Сайрамсу бойындағы «Сулыүңгірдің» арғы тарихын зерттеп жүрген Жәкең (археолог Жәкен Таймағамбетов) осында отыр екен. Үңгірдің бергі тарихы да қызықты. Ал Кеңесарық ауылында орналасқан Есім хан ордасын барып көрген Халықаралық Түркі Академиясының археологтары ол жерде сонау IV ғасырдан бері патшалар ордасы болған деген пікір айтты. Өкінішке қарай ол да зерттеусіз жатыр.

Осы айтылғандарды тереңірек зерттеп, ғылыми айналысқа енгізу тарихшы-ғалымдардың шаруасы.

Кенесары хан бастаған Ұлт-азаттық көтерілісінің тарихын зерттеп жүрген тарихшылар үшін де тың жаңалығымыз бар.

Мәселен, Ботбай Тойшыбек бидің баласы Байсейіт батыр көтеріліс жеңіліс тапқан соң ауылымен Сайрамсу бойындағы Сілбілі  жеген жерге тығылған. Ауылды тау асып келіп қырғыздар қырып кеткен. Кәдімгі "Бауырластар зираты".  Орыны төмпешік-төмпешік болып әлі қараусыз жатыр.

Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстанның Ресейқол астына өту кезеңін зерттеуде де проблемалар жеткілікті. Соның бірі "Иқан шайқасы" туралы мақала жазамын деп 2014 жылы "Ұлтаралық араздықты қоздырушы" ретінде сотталып кете жаздым.

Оңтүстіктегі орыс поселкелерінің де тарихы толық зерттелген жоқ.

1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалыс

1916 жылы қазіргі Өзбекстанның Жызақ-Шымқорған өңірінде болған Ұлт-азаттық көтеріліске Мырзашөлдік қазақтар қатысқан. Ол елеусіз жатыр. Жалпы, 1916 жылғы көтерілісті айтқанда Торғай мен Қарқара, Меркіні айтамыз да қоямыз. Шымкент өңірінде де патша жарлығына қарсы шығып атқа қонғандар болған.

Ұжымдастыру және ашаршылық

Ұжымдастыру кезіндегі Созақ  ("Аллаху" ) көтерілісі де әлі толық зерттелген жоқ.

Меніңше, 1932-33 жылдардағы ашаршылықта қанша адам қырылғанын шамалап болса да анықтауға болады. Мәселен, архивтерде 1929-31 жылдары құрылған артель-колхоздардың шаңырақ саны мен адам саны көрсетілген құжаттар жатыр. 1932-33 жылдардағы құжаттардың тұсында "изьято" деген штамп тұр. Ол қайда?

Сосын 1934-35 жылдардағы қорда колхоздардың тізімі мен адам саны көрсетілген құжаттар баршылық. Соларды салыстыра отырып, адам шығыны  қанша болғанын шындыққа барынша жақындатуға болады.

II дүниежүзілік соғыс

Ресми тарих II дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам аттанып, 600 мың адам оралмай қалды дейді.

Меніңше, бұл қате.

Мәселен мен қолымдағы шежіре мен архив құжаттарын салыстыра отырып, 1 атадан тарайтын 3 ауылды зерттедім. Сол 3 ауылда 188 адам соғысқа кетіп 122 адам қайтпай қалған. Яғни, үштен екісі оралмай қалған.

Жоғарыда айтылғанның бәрі 2015 жылы баспадан шыққан "Ауыл тарихы - ел тарихы" атты кітабымызда көрсетілген.

Айта берсек, әңгіме де көп, жасайтын шаруа да жеткілікті.

Ермек Нұрымов, психолог: Қазір депрессия деген сөз мода болды

Ермек Нұрымов

Ермек Нұрымов

Мектеп бағдарламасы балаға қиын болса, оған қалай көмектесуге болады?

Мен балаға мектеп бағдарламасы қиын, қиын емес деп айта алмаймын. Әр бағдарлама баланың жас ерекшелігіне сай құралады. Оны басқа жақтан алмайды. Зерттейді, зерделейді. Балаға оқу бағдарламасының қиын болуы – баланың балабақшаға бармауынан. Мен нақты мысал айтайын. Мектеп саласында жұмыс істегенде, балабақшаға бармаған, мектеп алды даярлықтан өтпеген бала үшін мектеп бағдарламасын алып кету қиын болды.Ол берілген білімнен бұрын, көпшілікке бейімделуден де қиналды. Екіншіден, ол балаға мектеп бағдарламасы да қиын болды. Баланы мектеп бағдарламасына қамдандырып, оқыту керек. Кейбір ата-аналар баланың қабілетіне қарамай, ерте жастан оқуға жібере салады. Егер баланың қабілеті төмен болып тұрса, баланы 7 жаста оқуға жіберуіне болады.

Ата-ана баланың эмоциясында неге жете мән беру керек?

Баланың эмоциясына мән бермесе, бала не сезіп отыр, қандай сезімде, іштегісін айта алмай отыр ма, оны агрессиямен шығарып отыр ма мән беру керек. Кейбір бала мектеп бағдарламасын алып кете алмағанда агрессияға берілуі мүмкін. Әрнәрсені лақтыруы, үйде сабақ оқығысы келмеуі мүмкін. Осындай кезеңде баланың эмоциясына мән беруі керек. Бала оқығысы кеп талпынғанмен бағдарламаны игере алмай қиналады немесе үй жұмысын жасай алмай қиналады. Бала айқайлап жауап қайтарса, "мен саған қалай көмектеме аламын" деп сұрау қажет.

Жазғы демалыста мектеп бағдарламасы қиын оқушының депрессияға ұшырағанын көрдім. Яғни ол ұйықтай беретін хәлде еді. Ешнәрсеге қызықпайды. Ешнәрсе жасағысы келмейді. Ондай адамның өмірге деген сүйіспеншілігін қалай оятуға боалды?

Ата-аналар "балам депрессияда жүр" деп айтады немесе оқушының өзі айтады. Қазір депрессия деген сөз мода болды ғой. Шынайы зерттеп қараса, ол ондай ситуацияда емес шығар. Көктемде балаға витамин жетіспеген болар. Телефонды көп қолданатын шығар. Кейбір балалар телефонға тәуелді болып, түні бойы интернетте уақыт өткізіп, күні бойы ұйқысырап жүруі мүмкін.

Егер шынында депрессия болса, баланың режимін қадағалау керек. Қай уақытта ұйықтайды, қай уақытта оянады, қай уақытта тамақ ішеді, қай уақытта витамин қабылдайды, қай уақытта телефон қарайды. Осыны анықтаған соң, оған не әсерр ететінін анықтау керек. Мысалы балада оқу  жылы аяқталады. Ата-ана баланың бағаларына көңіліі толмай қысым жасайды. "Сені оқысын деп бердік қой, қосымшаға ақша төледік қой" деген секілді сөздер балаға көп кінә артады. Бала "осыларға менің денсаулығым емес білімім ғана маңызды" деп ойлайды. Ата-ана әрине балаға жақсы болғанын қалайды. Бірақ осылай түсінбеушілік туындап, бала өзіне көп қабылдап алады. Ата-ана тек айтып тастадық деп ойлайды. Бала "мен оқи алмаймын" деп ол оқиға өтіп кетсе де уайымға салынады. Ешнәрсеге қызығушылық танытпай, менің қолымнан ештеңе келмейді деген ойға тоқтайды.