Bugin

"Енді тыныш ұйықта, мама...": асырап алған шетелдіктерден қорлық көрген қазақ баласы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: bugin.kz / видеодан скрин

Америкадағы қазақ баласы өзін асырап алған шетелдік отбасыға өкпесін айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы "Жібек жолы" арнасының "Шетелдегі қазақ балалары" бағдарламасына сілтеме жасап.

Бағдарлама мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда дүниеге келген Арман 6 жасына дейін сөйлей алмаған. Жетімдер үйінде жүрген бүлдіршінді құлағы естімейтін балалар оқитын интернатқа ауыстырып жіберген. Кейін өзге адамдар оны алып кетеді. 6 жасында түрлі дыбыстар ести бастайды. Құлағы ашылған соң, тілі де шыға бастайды. Осылайша ыммен сөйлесудің америкалық түрін үйренеді. Қазіргі таңда сол құлағы имплант арқылы естиді. Оң құлағына құрылғыны орнатуға жүрегі дауаламайды. Өйткені оған екі рет ота жасалып, жүйке жүйесі зақымдалған. 

“Мені туғанда анам туберкулезбен ауырған екен. Босанған соң, үш күннен кейін сол дерттен қайтыс болыпты. Мен бірнеше жыл ауруханада жатыппын. Әкем үйге әкетпекші болған екен. Алайда ауруханадағылар емнің ақысын төлесе ғана береміз деген екен. Ондай ақшасы жоқ әрі менен басқа балаларын бағып жалғыз қалған әкем қатты қиналыпты. Бұл енді әкемнің айтқаны. Шын мәнінде не болғанын білмеймін”, - дейді жігіт.

Арманның айтуынша, әкесі қайғыдан "ішіп" кетіпті. Әкесінің әйелі қайтыс болып, төрт баламен қалған. Сосын Арманның анасын бір қызымен алыпты. Шешелері бір болса да, Арман ол қызбен жақын емесін айтады. Керісінше, әкесінің балаларымен жақын араласыпты. Одан кейін әкесі үшінші рет тағы үйленген. 

“Әкемді “Одноклассники” сайтынан тауып алдым. Арман Акишев деп шын атымды жазып, өзім туралы мәліметтерді жібердім. Ол маған жауап қатпады. Жеті ай бойы желіге кірмеді. Сосын жақын достарына жаза бастадым”, - дейді Арман.

Осылайша туған әкесі және бауырларымен үзілген қарым-қатынасты қайта жалғастырған. Қазақстанға ұшып келіп, отбасымен көріскен.

“Асырап алған отбасым “біздің ұлымыз емессің” деп менен бас тартты. Олар маған жақсы қараған жоқ. Ал әкем олар сияқты емес, мені шын жақсы көреді. Қалған өмірімде туыстарыммен бірге болғым келеді. Күн сайын әкемді ойлап бір жылап аламын. Ол қартайып барады. Оған қамқор болғым келеді. Ылғи асырап алған отбасым мен туған отбасымды салыстырамын. Арасы жер мен көктей...

...Ішқұса болып өстім. Демімді ішке тартып жүретінмін. Олардың көзінше еркін бола алмадым. Жаным күйзелді. Бізбен дауыстап сөйлес деп бұйыратын. Маған даусымды шығарып сөйлесу қиын болатын. Менің тілім – ыммен сөйлесу. Ал олардың үйренгілері келмеді. Мені үнемі кемсіте берген соң, бір күні Facebook-қа: “Менің де құқығым бар шығар”, - деп арнайы пост жаздым”, - дейді қазақ жігіті.

Алайда асырап алған ата-анасына Арманның бұл жазғаны ұнамай, үйден қуып жіберген. Мейірім көрмеген соң, жылап жүріп, достарының үйінде тұрған. 

Арманның бұл үйдің иелерінен көрген қорлығы көп. Өзге балалар секілді тең өмір сүргізбеген. Үнемі жұмысқа жеккен. Достарымен кездесуге, көлік айдауға рұқсат бермеген. Үнемі құлағы естімейтінін бетіне басып айта берген. Тіпті өзі еңбектеніп жинаған ақшасын ұрлап алып, жұмсап қоятын болған. Соттасқан кезде ақшасын сұрағанымен, асырап алған әкесі толық қайтармаған. 

“Анам түсіме жиі кіретін. Бір рет дидарын көрсем, арманым жоқ еді деп ойлаушы едім. Оны ұзақ уақыт жоқтадым. Қазақстанда болғанда, бейіт басына бардым. Анамның зиратын көргенде ғана көңілім суыды. Сол кезде ғана оның бұл өмірде енді жоғын қабылдадым. 

Қайран анам-ай, ұлыңның іздеп келіп жатқанын сезіп жатырсың ба? Сен тірі болғанда, бәрі басқаша болар еді ғой. Мен сені қатты жақсы көремін, мама. Менің жүрегім тынышталды. Әкемді таптым. Енді тыныш ұйықта, мама…”, - дейді жүрегін тағдыр тауқыметі тілгілеген қазақ баласы.