Bugin
Фото: Qarakoz подкастынан
Шетелдіктер асырап алған қазақ балалары туған еліне келгенде ең әуелі балалар үйін көруге асығады. Бұл туралы "Шетелдегі қазақ балалары" жобасының жүргізушісі әрі авторы Жанар Байсеміз мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Журналист Жанар Байсеміз Qarakoz подкастында көптеген мәселелерді талдап берді. Оның сөзінше біршама жыл бұрын өзге елдің азаматтары асырап алған балалар Қазақстанға келгенде ерекше әсер алып, патриоттық сезімі оянады екен.
«Мен кіммін?» деген дүние оларды жібермейді. Біреуге ол ой ерте келуі мүмкін, біреуге кеш. Мысалы шетелдіктер асырап алған балалар 30 жасында, 18 жасында, 15 жасында оралуы мүмкін. Тіпті мектеп жасында оларды Қазақстанға алып келіп, көрсететін ата-ана бар. Олар үшін Отанын көру, өздерін тәрбиелеген балалар үйіне кіріп көру өте маңызды. Балалар үшін ол өте қымбат дүние, қымбат естелік, - деді Жанар Байсеміз.
Осы тұста Жанар Байсеміз Қазақстанға арнайы келіп, биологиялық әке-шешесін, балалар үйін, тіпті өз қаласын көруге келетіндердің де көп екенін айтты.
Мысалы, өткенде біздің Әнел деген кейіпкеріміз бар еді. Әнел сол бағдарламадан кейін тәрбиешісін интернеттен тауып алған. «Аман қалғаным тәрбиешімнің арқасы ғой» деп айтады бойжеткен. Жақында Қазақстанға келген кезінде тәрбиешісімен кездесті. Балалар үйіндегі тәрбиешісімен жылап тұрып кездесті.
Өткенде Гүлмира есімді кейіпкер туған анасын көргенде қалай жылады. Оны басқа адам түсіне алмайды. Мен музыканы, әнді қойсам да оның өз мәні бар. Адамдар ойлансын деймін түрлі нәрсеге. Ой түйсін, тағылым алсын деймін. Бір әйел жазды: «Қанша жыл мектепте, басқа жақта алмаған білімді мен осы «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасынан алдым. Балама нені сіңіріп, қалай тәрбиелеу керек екенін білдім» деді. Шетелдік ата-аналардан көп нәрсені үйренуге болады, - деді ол.