ДЕНСАУЛЫҚ
Фото: Bugin.kz/ Айгерім Әділханова
Бала – әр адамның биологиялық белгілерін мұраға алып, өмір көшінде ізін жалғайтын тұлға. Батыс менталитетінде некеде баланың болуы не болмауы қайғыртпайды. Олар үшін баланың бөтені жоқ. Қазақы менталитет отбасы құрған сәттен-ақ жастардың балалы болған, болмағанына аса көңіл бөледі. Жұптың жеке өмірінен "жақсы жаңалық" сұрап, көңілін біліп-білмей қалдырып жатады. Bugin.kz тілшісі ер мен әйел бедеулігінің себебі мен емін және жасанды ұрықтандыру жасату жолдарын зерттеп білді.
Қазақстанда алғаш Экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы алғашқы сәби 1996 жылы дүниеге келді. Ол 2019 жылы табиғи жолмен ана болды. "ЭКҰ арқылы туылған балалар бедеу болады" деген миф сол сәтте-ақ тас-талқан болған. Жасанды ұрықтандырудың Қазақстандағы құнын есептеп айту қиын. Себебі ол әркімнің диагнозына, қанша рет сәтсіз жүкті болуына сияқты ситуацияларға байланысты.
Елімізде "Аңсаған сәби" атты жоба бар. Ол жобада ата-аналар тегін, МӘМС арқылы квотамен балалы болады. МӘМС дерегінше, 2023 жылдың 29 қыркүйегіне дейін 20 мыңнан аса ана жасанды ұрықтандыру көмегіне жүгінген. ҚР денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сай, елімізде 15 мың отбасы бедеулік диагнозымен есепте тұр.
"Аңсаған сәби" бағдарламасына 18-42 жас аралығындағы терапиялық жолмен емделмейтін бедеулік диагнозы бар адамдар қатыса алады. Егер талпынысы сәтсіз аяқталса, жұп қайтадан кезекке тұра алады.
Елімізде тегін квота арқылы 1 мемлекеттік, 18 жекеменшік клиника бар. Fms.kz сайты арқылы пациент клиниканы өзі таңдай алады.
Медициналық сақтандыруы бар адамдар өзі тіркелген емханадағы гинеколог және уролог-андрологтан репродуктологқа жолдама алады. Тексерістен соң, ЭКҰ көрсеткішіне пациент сай келсе, дәрігерлік консультациялық комисиядан өтеді. Комисия оң шешім қабылдаса, жұп кезекке тұрады.
"Аңсаған сәби" жобасымен елімізде 5000 сәби дүние есігін ашты. Сіз де сәби аңсап жүрсеңіз, сілтемеге өтіп "аңсаған сәбиіңізді" қолыңызға алуға талпыныс жасасаңыз болады.
Елімізде диагнозына немқұрайлы қарайтын адамдар жеткілікті. Тіпті жуырда АИТВ диагнозы бар жұптың 9 жасар баласы осы диагноздан қайтыс болды. Сондықтан тексерістер мен диагнозыңызға мұқият болыңыз. Бала жастан денсаулыққа күтім керек.
Перизат Байқошқарова, гинеколог-репродуктолог: 18 жастағы қыздың жатыры мен аналық безі жоқ
– Сіздің пациенттеріңіз нақты қандай диагноздармен шағым айтады?
– Біз бедеулік мәселесімен айналысатындықтан, 99 пайыз пациенттер балалы болу мақсатында келеді. Олар "1 немесе 10 жыл аралығында" балалы бола алмадық деген шағым айтып келеді.
Бізге келген пациенттердің 70-80 пайызы созылмалы қабыну процесінде болады. Табаннан сыз өту, дұрыс күтінбеу, түрлі жұқпалы аурулармен ауру салдарынан жабысқақ болып (спайка матки), жатыр түтікшелері дұрыс өтпейді. Түтікшелер кеңейген, Іріңді су жиналған деген секілді мәселемен келеді.
– Бедеулікке не себеп болады?
– Қазіргі кезде тек қана әйелдерде емес, кінәрат ер адамдарда да бар. Ер адамның да ұрығының сапасы, саны, ұрығының морфологиясы дұрыс емес. Соған байланысты ер адамның бедеулігі себеп болады. Тек әйел ғана кінәлі деген негізсіз. Елу пайыз ер адамда, елу пайыз әйел адамда мәселе болады. Бедеулікке шағым айтатын әйелдердің 40-50 пайызы алғашқы жүктілігінде түсік жасатқан. Содан кейін жатыр түтікшесі жабысып қалады.
Туа біткен ақаулар да болады. Ондай жағдай сирек болса да кездеседі. Маған 18 жастағы қыз шағым айтып келді. Қарасам, жатыры мен аналық безі жоқ. Кейбір қыздарда хромосомалық ақаулар бар.
– Қыз-келіншектер қандай нәрселерге мән беруі керек?
– Бала дүниеге келгенде ата-анасы баланың денсаулығына дұрыс қарауы керек. Ер баланы міндетті түрде дорбасының ішіне жұмыртқасы түскенін қадағалау керек. Менде бір пациент болды. Тек үйленген кезде дерті анықталды. Крипторхизм деген ауру болады. Ер баланың жұмыртқасы дорбасына түспеген. Баланың әкесі дәрігер-терапевт. Солай бола тұра, бала үйленгенге дейін білмеген. Не педиатор дәрігер әкесі, не шешесі мән бермеген. Ең алғаш баланы жуындырғанда, соны қарау керек.
Балалардың суықтап, қайта-қайта ауырмауын қадағалаған жөн. Табанынан сыз өтіп, созылмалы қабыну процесстері болса, ол жыныс мүшелерін қайта-қайта зақымдайды. Көбінесе қыз балалардың жатыр түтікшелері қабынып, бітеліп қалады. Болашақта ана бола алмайтын қыздардың көбі осы аурудан зардап шегеді.
Ерте жыныстық қатынасқа түсіп, жыныстық қатынастан жұқпалы аурулармен ауырса, жатырдың жабылып қалады. Осылайша бедеу болып қалуы мүмкін.
– Жатырдан айырылып қалуға қандай дерттер себеп болады?
– Жатыр ісігі, жатыр миомасы, жатыр эндометриозы, тоқтамай қан кету секілді дерттер болса, ем көмектеспеген жағдайда жатырды алып тастауға тура келеді. Сурогат ананың көмегіне жүгінетін жағдайлар бар. Әйелдің денсаулығы жүктілікке жарамаған жағдайда құрсақ ана қажет болады. Әйелде жүрек ауруы, бүйрек ауруы, басқа да ағзасында аурулары бар, жатыры алынып тасталған әйел де ана бола алады. Әйелдің аналық безі болса, сурогат ана арқылы дүниеге өз сәбиін алып келе алады.
– Жатыры жоқ әйелдер сурогат ана арқылы (өз биоматериалы арқылы) балалы бола ала ма?
– Жатырын алып тастаған, бірақ әйелдің аналық безі бар болса, содан ұрық алынады. Ер адамнан да ұрық алынып, сурогат ананың көмегімен дүниеге бала әкеле алады.
Талғат Асылханұлы, хирург, уролог-анролог: Бедеулікке себеп болатын 4 фактор бар
– Азоспермиядан емделуге бола ма?
– Азоспермия болса, ер адамда ешқандай ерекшелік байқалмайды. Оны тек ұрығының сапасын арнайы зерттеу арқылы анықтауға болады.
Азоспермияның екі түрі бар: обструктивті азоспермия, секреторлы азоспермия.
Бірінші обструктивті азоспермия ұрық каналдарының бітеліп қалуынан болады. Екіншісі обструктивті емес азоспермия деп ұрықтың мүлде болмауын айтады. Ол ұрықтың жасушалық деңгейінде болуы мүмкін.
Азоспермия формасына қарай емделеді. Біз атаған бірінші түрде болса, онда емдеуге болады. Ота арқылы ұрық алынады. Бітелген жер анықталып, канал ашылады. Анастома жасалады. Егер анастома жасалған соң, ұрық каналы ашылса, табиғи жүктілік болады.
Бірінші кезекте ЭКО арқылы ұрық алынады. Соны қатырып, әрі қарай жүктілік жоспарланады. Отадан 3-4 ай өткен соң ғана ұрықты анықтап, табиғи жүктілік жоспарланады.
Ауыр түрлерінде азоспермияның емделуі қиын. Тіпті шетелдің өзінде мамандар қиналады.
– Ерлер бедеулігі қандай көрсеткіштермен сипатталады?
– Бірінші, бедеулік қай деңгейде екенін анықтау қажет. Спермограмма арқылы тексеру керек. Ұрық сапасы, көлемі, бар ма жоқ па, қанша миллион шәует бар екенін анықтаған жөн. Екінші, ер адамның гармондық жүйесін тексеру қажет. ФСГ, ЛГ, пролактин, эстрадиол, тестестерон деген секілді еркектік гормондарды тексеру арқылы бедеулік мәселесі бар ма, жоқ па анықталады. Үшінші, УЗИ арқылы тексеру керек.
– Белсіздік пен бедеулікте қандай айырмашылық бар?
– Бедеулік – 1 жыл көлемінде қорғанбай жыныстық қатынаста болып, балалы болмау. Жұптар бедеуліктің себебін анықтап, емделуі керек.
Бедеулік – балалы бола алмау. Белсіздік – жыныстық қатынаста бола алмау, мүшенің әлсіз болуы.
– Ер адамдағы нақты қай диагноз ЭКҰ көмегіне жүгінуге көрсеткіш болады?
– Ер адамда ұрықтың көлемі, сапасы өте нашар болса, кейбір шәует 5-1 миллион аралығында ұрықтың белсенділігі төмен болса, аталық без көлемі кіші болса, гармон жүйесінде бұзылыс болса, бірнеше жыл балалы бола алмаса, ЭКҰ керек. Азоспермияның ұрық каналдарының бітеліп қалған формасы болса, ота кезінде ұрық алынса, ЭКҰ-ға жүгінеді. Азоспермия кезінде ұрық анықталып, ауыр формада болса, генетикалық ауытқу болса, ЭКҰ жасауға көрсеткіш болады.
– Бедеулікке қандай фактор себеп болады?
– Бірінші фактор – гормон бұзылысы: тестестерон төмен болуы, ФСГ мен ЛГ жоғары болуы.
Екінші – варикоцеле, аталық безінің көк тамырының кеңеюі. Қазір мұндай диагнозбен адамдар жиі келіп жатыр. Осының кесірінен спермотозоидтың ДНҚ-сы бұзылады. ДНҚ бұзылғандықтан, түсік болады. Үшінші, жыныстық қатынас арқылы берілетін инфекциялардың анықталуы. Төртінші, генетикалық ақулардың болуы. Кейбір генетикалық ақауларда бедеулік болады.
P.S. Адамның бір қызығы – бала. Алайда адамның бар қызығы емес. Балалы болу мүмкіндігі – адам өмірінің сапасына көрсеткіш бола алмайды. Әр адамның өмірде миссиясы бар. "Қыз бақыты – ана болу" , "адам ұрпағымен көрікті" деген жалпылама ой сізді қайғыртпасын. Балалы бола алмайсыз деген – өмірдің соңы деген сөз емес. Армандауға, мақсат қоюға, жақсылыққа ұмтылуға қақыңыз бар.