БІЛІМ
Фото: bugin.kz / Айгерім Әділханова
Білім саласында жиі болатын өзгерістер мұғалімдер мен оқушыларға тікелей әсер етеді. Бір ғана ҰБТ талай рет өзгеріске ұшырап, көкейде сан түрлі сауал тудырды. Бірнеше жыл бұрын “Тестілеу сұрақтарынан қазақ тілі неге алып тасталды” деген даулы мәселе көтерілген. Министрлік бұл сұраққа мардымды жауап бермеген еді. Бүгінде ҰБТ-ның жаңа форматы бәрінің көңілінен шықты деуге келмейді. Қазақ тілі пәнін алып тастауы, екі таңдау пәнінің артықшылығы мен кемшілігі, жаңа формат пен ескі формат арасындағы көрсеткіш айырмашылықтары сынды мәселелер көп. Осы ньюанстар бойынша Bugin.kz тілшісі арнайы мамандардың пікірін біліп, жауап алды.
Сұрағымызды алдымен Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолдадық. Ол жақ бізді Ұлттық тестілеу орталығына бағыттады. ҰТО-дағы жауапты мамандар басында “Қазақ тілі пәні ҰБТ-дан алынған жоқ” деп қысқа қайырды да, артынша хабарламаны өшіріп тастады. Кейін дайын баспасөз баяндамасын жолдап, екінші рет те сұрағымызды жауапсыз қалдырды.
ҰБТ-ның жаңа форматы туралы ҰТО-ның жауабы төмендегідей:
"ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда “Оқу сауаттылығы” мен “Математикалық сауаттылық” міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұрады. Атап өтейін, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде “Қазақстан тарихынан” 20 тапсырма, “Оқу сауаттылығынан” 10 тапсырма, “Математикалық сауаттылықтан” 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды", - деп жауап берді.
ҰТО жіберген дайын баспасөз баяндамасында ең көп таңдалған пәндер туралы ақпарат бар екен.
"Қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды, ол 10 ақпанға дейін жалғасады. 136 мың адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Олардың 76,3% – ы қазақ тілінде, 23,6% - ы орыс тілінде, 126 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді. Атап өтсек, талапкерлер өтініш беру барысында олар тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдады. Соңғы бірнеше жылда алғаш рет талапкерлер ең көп таңдайтын бейіндік пәндер комбинациясы өзгерді. Талапкерлердің 18%-ы “Биология-Химия”, 17%-ы “Математика-Физика”, 12%-ы “Математика-Информатика” пәндерін таңдады", - делінген баспасөз баяндамасында.
Осылайша, мардымсыз жауап берген ҰТО көптеген сұрағымызды жауапсыз қалдырды.
ҰБТ мәселесі бойынша Ilim.qaz оқыту орталығының директоры Оралбек Нұрбибі Нұржігітқызына бірнеше сауал жолдадық.
"Мәселен міндетті пәннен қазақ тілін алып тастады. Менің ойымша, қазақ тілін талдау бәріне бірдей жеңіл емес. Бәріміз қазақша сайрап тұрмыз. Алайда оны жан-жақты талдау кейбір қазақтар үшін қиынға соғады. Айтпағым, біздің тіліміздегі олқылықтың ең ауыры – орыс тілінің еніп кетуі. Елімізде 82 пайыз мектеп қазақша, қалғаны – орыс тілді мектептер. Арамызда орыс ұлтының бары рас. Олардың қазақша сөйлемеуіне шек келтіре алмаймыз, себебі өзіміздің қазақ бауырларымыздың шала қазақ атанып жүргенін көріп жүрміз. Өкінішке қарай осы тұста биліктің тілге келгенде әлсіздігі ме деймін кейде... Бір жағынан, бұл әр түлектің өз мамандығының қыр-сырын тануға жол ашты. Яғни таңдау пән бір емес, екі пән болды. Талапкер үшін екі пәнді игеру қиындық туғызуы мүмкін. Алайда сұрақтарды айдан алып беріп жатқан жоқ қой. Барлығы кітап бойынша дайындалады. Өз болашағын ойлайтын әрбір түлек мамандығын жан-жақты бағамдауға ертерек қалыптасқаны абзал",-дейді ол.
Осы тұста білім орталығының иесі ҰБТ-ның жаңа форматы және тестілеу сұрақтарында кездесетін олқылықтар туралы ой қосты.
"Жаңа форматтың, әрине, өз деңгейіндегі көрсеткіштері бар. Біршама рекорд та шығып жатыр. Бұл білім сапасының артқанын көрсетеді. Мектеп бағдарламасы да біршама өзгерді. Дегенмен тестілеуде олқылық, артық ақпарат пен қателіктер көп. Көпті көрген мектеп ұстаздары да мұны байқап та, айтып та жүр. Жаңа бағдарламадағы мектеп баспаларының түрі көп. Ал талапкер қайсымен дайындалады? Мәселен әдебиет таңдайтындар үшін төрт бірдей баспа бар. Төртеуі төрт түрлі ақпаратты көрсетеді. Бұл тұста мектеп бағдарламасына талапкерлердің реніші бар болары анық. Әліппені үйтіп-бүйтіп қайтаруын қайтарды. Сол секілді алдағы уақытта тағы да жақсы жаққа қарай өзгерер деген үміттеміз. Қазір мектеп талапкердің ҰБТ балы үшін жауап бермейді. Демек барлық жауапкершілік талапкердің өзінде. 11 жыл барын беріп оқытқан мектепке түлектер алғыстан басқа айтары болмағаны дұрыс та болар. Себебі ҰБТ-дан жақсы балл жинап, жоғары оқу орынына түсу – оның өз ісі",-дейді маман.
ҰБТ туралы мектеп оқушыларының пікірін білуге тырыстық. Жетісу облысы, Алакөл ауданы, М.Әубәкіров атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Төлеубекұлы Нұржан ҰБТ туралы өз ойын жеткізді.
"2021 жылдан бастап ҰБТ-ның жаңа форматы енгізілді:
– тест тапсырушы өзіне ыңғайлы орынды, күнді, уақытты өзі таңдай алады;
– тапсыру тілі мен пәндер бойынша өтінішін өзгерте алады;
– тестілеу барысында белгілеген сұрақтарға қайта оралып, қате жауаптарды түзетуге мүмкіндік беріледі;
– интерфейсте калькулятор мен көмекші кестелер (Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестесі) көрініп тұрады;
– тестілеу нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес, тестілеу аяқталғаннан кейін бірден белгілі болады.
ҰБТ-ның жаңа форматы маған ұнайды. Бейіндік пәндерге көбірек көңіл бөлінген. Орын, мерзімін де өзіміз таңдаймыз. Дайындалуға уақыт жеткілікті болды",-деп қорытты сөзін бітіруші түлек.
ҰБТ-ның оқушы психологиясына әсері туралы психолог маман Гүлжан Аманшелдиевадан білдік.
"ҰБТ-ның өзгеріске ұшырауын үшін қалыпты жағдай деп санаймын. ҰБТ-ның өзгерісіне кез келген адам дайын болуы керек. Сонда адам қаншалықты өзгеріске тез бейімделе алатынын білуге болады. Жасөспірім жаста оқушылар психологиялық және физикалық жағынан өзгеріске ұшырайды. Баланың даусы, бойы мен шашының өзгеру процесі жүреді. Дәл осы кезеңді бала қабылдай алса, бұл - жетістік, егер қабылдай алмаса - стресс. Жасөспірім шақта балада “Мен кіммін” деген сұрақ пайда болып, ішкі күйзеліс жүреді. Осыдан кейін бізде ҰБТ бар. Бұл тестке балаларымызды 6-7-сыныптан бастап дайындаймыз", - дейді психолог.
Психолог маман ата-аналардың балаларға артқан сенімі мен үміті оларға қатты әсер ететінін тілге тиек етті.
"Мен тестті тапсыра аламын ба, өтемін бе, жоқ па деген сұрақтар арқылы оқушы тағы да күйзеліске ұшырайды. Мамандық таңдау, тестке дайындалу адамға үлкен психологиялық салмақ салады. Бірақ әр бала әртүрлі қабылдайды. ҰБТ-ны баланың тағдырын шешетін зат ретінде қараймыз. Осы кезде балада тағы да қорқыныш пайда болады. Қорқыныштың кесірінен біздің ойлау және қабылдау қабілетіміз баяулайды. Сондықтан көбіне жасөсіпірімдердің өзінің табиғи өзгерісі кезінде ата-аналар, оның үстіне мұғалімдер қосылып, ауыр салмақ салмауы керек", - дейді психолог маман.
Маманның айтуынша, осы кезде оқушының бойында белгісіздік сезімі жүреді. “Не істейміз, қайтеміз" деген ой басым болады. Сол себепті сабақ оқып, тестке дайындалуға күш те қалмайды.
"Ата-аналар: "Мен істей алмаған істі сен істеуің керек, мен жетпегенге сен жетесің",-деп баланың есін шығарады. Осылайша, бала өзінің емес, ата-анасының қалауымен өмір сүреді. Сол себепті балаға еркіндік берген дұрыс. Ата-ана баласына қолдау көрсетуі керек. Әрине, қаржы мәселесін де айта кеткеніміз жөн. ҰБТ дайындайтын орталықтардың қол жетімді емес екенін білеміз. Осы тұста мемлекет кей отбасыларға ақшалай көмек бергені дұрыс деп ойлаймын. Қорыта айтсақ, өмір өзгерістерден тұоады. Сол сияқты ҰБТ-ның өзгерістерін кез келген бала жеңіл қабылдағаны жөн. Ол үшін, алдымен, ата-анасының қолдауы керек",- деп айтты психолог.