Саясат

Кигалидегі қырғын: тарихын отарлаушы жазғандардың жазасы

Біздің тарихты азат ойлы азаматтар жазуда ма?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қардың басын қар алар жауып тұрып, ханның басын хан алар шауып тұрып. Иә, бұл әлем, күштінің әлсізді, жыртқыштың жемтікті алқымдайтын ақиқаттан құралған. Алайда күштілердің басты қаруы қылыш емес — қалам. Қаламмен қалаған заңыңды шығаруға болады, қалаған бұйрығыңды жазасың, ал ең бастысы қалаған тарихыңды қағазға түсіресің, ұнамаған жері болса түзейсің, артық жері болса аласың, кем тұсы болса толықтырасың. Қысқасы ойына келгенін істейді, өйткені ол — отарлаушы, өйткені ол — өзгенің тарихы. Қаншалықты отарлаған елдің тарихын бұрмаласа, болашақта соншалықты сол елді бақылауында ұстамақ, соншалықты бай болмақ. Тарихын бұрмалағандардың кесірінен таяқ жегендер өте көп.  Әр сәуір сайын Батыс елдерінің БАҚ беттерінде Руанданың туы бой көрсетіп, БҰҰ-ның бұл елге көңіл айту хаты жарияланады. Оған басты себеп, 1994 жылғы Руандада болған адамзат тарихындағы ең қанқұйлы қырғынның, ең қасіретті геноцидтің орын алуы, анығы орын алуына жол беруінде еді. Өзгені кінәлаудан аулақпын, алайда ақиқатты көрсетпеу кінә болмаса да, күнә ғой. Сонымен Руандадағы қырғынға себепкерлер кімдер? Тарихының тізгінін бөгдеге берудің кесірінен болашақта бұл ел баскесерлер қатарына қосыларын білді ме?
ХІХ ғасыр. Батыстың тасы өрге дөңгелеп, отарлық езгіден өзгенің басы дөңгелеп жатқан кез. Күллі қара құрлық елдері кәрі құрлықтың отарлық қамытын киген сәт. ХІХ ғасырдың орта кезеңінде Германия Руанданы отарлап, 1916 жылға дейін өз қарамағында ұстады. Бұл кезеңде жергілікті хуту және тутси халықтары бейбітшілікте бірге күн кешіп, 18 ғасырға дейінгі өзара жауластық пен өшпенділікті ұмытқан еді. Алайда бірінші дүниежүзілік соғыстан жеңіліс тапқан Германия, Руанданы Бельгияға беруге мәжбүр болды. Бельгиялық отарлаушылар билік тізгінін қолға алған сәттен бастап отарлаушылық саясатты мүлде өзгертті. Бұл елді толықтай бақылауда ұстау, «Руанда тарихын толықтай өзгерткен сәтте ғана жүзеге асады» деп пайымдаған бельгиялықтар, хуту және тутси тарихын қайта зерттеп, қос халықтың арасындағы тарихи жауластықты қайта жандандыру жұмыстарын бастап кетті. 1952 жылдан бастап Африкадағы азаттық үшін ұлттық қозғалыстардың қарқынынан қорыққан бельгиялықтар, жақын арада Руандаға тәуелсіздік беру керектігін жақсы түсінді. Алайда болашақта қайта оралуға мүмкіндік болу үшін бұл елдің тұрақсыздықта тұншыққаны тиімді екенін де өте жақсы білді. Сөйтіп 1952 жылдан бастап төлқұжатында «руандалық» деп жазылған халықты, шығу тегі бойынша «тутси» және «хуту» деп жаздырды. Келбеті мен түр-сипатында, тілі мен дінінде, ділі мен мәдениетінде мүлде айырмашылық жоқ қос ұлтқа бір-бірін жеккөруге мыңдаған себеп тауып беретін ақпараттар мен кітаптар Руанда елін басып кетті. Ақыры хуту мен тутси арасында сына қағылды, өшпенділіктің өшкен оты отарлаушылардың тарихты бұрмалауының арқасында қайта жағылды. Сөйтіп 1958-1960 жылдары хуту мен тутси арасында қанды қырқыс болып, мыңдаған тутси қаза тапты. Жүздеген мың тутси өкілдері Танзания мен Бурунди, Уганда елдеріне босып кетті. Сөйтіп ел халқының 80% құрайтын хуту халқы, 15%-ды құрайтын тутси халқын шынайы жау санау кезеңіне көшті. Угандадағы тутси өкілдері партизандық соғыс қимылдарына көшіп, Руандадағы жақтастары арқылы 20 жыл бойы нағыз қанды террор ұйымдастырды. 1986 жылы Угандада тутси халқын қолдаған Мусевени президент болып тағайындалды. Дәл осы жылы Угандада тутсиліктер негізін қалаған «Руанданың Патриоттық Фронты» (РПФ) құрылды.

1990 жылдан бастап РПФ 60-жылдардың кегін алу мақсатында Руандаға кірді. Алайда Руанда әскері РПФ-ті кері шегіндіріп тастады. Бұл тұста 60-жылдардың салқыны қоғамда сезілгенімен, халықтың басым бөлігі бейбітшілікте күн кешуді қалайтын. Алайда хутудың билік өкілдері мен әскери қызметкерлері тутсиді толықтай жоюды мақсат етті. Ендігі таңда олар тутсиге қарсы күллі хуту халқын қарсы қою мақсатында түрлі әрекеттерге көшті. 1993 жылы «Кангура» газетінде «Хутудың он ұстанымы» атты бағдарлама жарияланды. Ол бағдарлама бойынша хуту халқының тутси халқымен дос болуына, отбасын құруына, кәсіпкерлікпен айналысуына, қысқасы қарым-қатынас ұстауына толықтай тыйым салынды. Бұл ұстанымды бұзғандар сатқын деп жарияланып, қудаланатыны да айтылды. «Мың күміс қырат» радиосы күні-түні тутси халқын жеккөруге үгіттейтін ақпараттар мен бағдарламаларды жүргізіп отырды. Арнайы хуту халқынан құралған «интерахамве» және «импузамугамби» атты жаппай қырып-жою жасақтары пайда болып, мачетемен қаруландырылды. Тутси халқының санағы жүргізіліп, тұрақты мекендері картаға түсірілді.

1994 жыл, 6 сәуір. Бұл тутси халқының ең қайғылы күні. Өйткені дәл осы күні үш айға созылған адамзат тарихындағы ең қайғылы геноцид басталды. Хутудың «импузамугамби» жасақтары, елді 1973 жылдан бері басқарып келе жатқан хуту халқынан шыққан Жювеналь Хабиаримана ұшағын атып түсірді. Ұшақта Руанда президентімен қатар Бурунди басшысы Сиприен Нтарьямира да қаза тапты. Бұл қылмысты хуту өкілдері тутси халқына артып, 6 сәуірдің түн ортасында қырғынды бастап кетті. Руанда астанасы адамзат көрмеген қырғынды бастан кешті. Радио жүргізушілері, шіркеу қызметкерлері, ұстаздар мен дәрігерлер тутси халықтарының жасырынған мекенін барын салып айтып отырды. Геноцидті билік басындағы тутсилер мен оларды қолдайтын хуту өкілдерін қырудан бастаған арнайы жасақ өкілдері, бір күн ішінде қарапайым халықты қыруға кірісті. Мысалы 7 сәуірде Кигалидегі психиатрлық ауруханада 800 тутси өлтірілсе, 9 сәуірде «Дон Баско» мектебінде 2000 тутси, 15 сәуірде Кибунго қаласындағы «Әулие Иосиф» алаңында 2800 тутси, 18 сәуірде Кибуе қалашығындағы «Гатваро» стадионында 15000 тутси, 19 сәуірде Чьянгугу қаласындағы «Мабиризе» шіркеуінде 2000 тутси, 20 сәуірде «Әулие Иоан» шіркеуінде 4500 тутси өлтірілді. Ал «Сова» шіркеуінде 7000 тутсидің тірідей өртелуі төбе шашыңды тік тұрғызады. Алайда ең сорақысы шіркеуді өртеуге шіркеу қызметкерлерінің жең түріп атсалысқаны.

Руандадағы геноцид үш айға созылып, 1 млн жанның өмірін қиып кетті. Дос досты, күйеуі әйелі мен балаларын өлтірген жағдайлар мыңдап орын алды. Тутси халқы 80%-ға кеміп қалды. РПФ 14 шілдеде жаппай шабуылға шығып, геноцид тоқтады. Ең қызығы 100 күндік қырғында БҰҰ-ның бірауыз ләм-мим демеуі болды. Бар айтқаны мынау еді: «Бұл Руанданың ішкі жағдайы және оған ешкімнің араласуына хақысы жоқ!». «Геноцидке араласпаса, БҰҰ-ның не қажеті бар?» деген сұрақ көкейімде еріксіз туындайды. Руандадағы геноцид РПФ ұйымының көмегімен тоқтаталды. РПФ басшысы Поль Кагаме бүгінде Руанда президенті. Ол 1995 жылы БҰҰ-да сөйлеген сөзінде: « Руандадағы қайғылы геноцид тутси немесе хутудың жауластығынан емес, отарлаушылардың біздің тарихымызды бұрмалағаннан орын алды. Бұған кінәлі отарлық саясат, бұған себепкер бұрмаланған тарих!» деп мәлімдеді. Кигалидің кебін кимеу үшін, кімге де болса тарихын түгендейтін кез келді-ау. Әркім өз тарихын өзі түгендеп, тіл бітіріп тірілтпесе, бұл жұмыспен өзгелер айналыспақ. Ал оның соңы үлкен қайғыға әкелмек.