Weekend
Зейнеп Ахметованың "Күретамыр" кітабынан үзінді
Қонақтарға ет тартылып, дастарханға бата жасалғанан соң бас ұстаған қария бастың езуінен бір кесіп өзі ауыз тиеді де, оң құлағын сол үйдің кіші баласына береді. «Жақсы сөзге құлағың үйір, саққұлақ бол!», «Аталы сөзді аттап өтпейтін атпал азамат бол!» - деген секілді тілек айтады. Мұның тәлім-тәрбиелік мәні бар. Ылғи қариялардан қолынан татып, өнегелі үлкенді сыйлайтын, сөз қадірін, сөз мәйегін түсінетін ұғымтал болуға құлшынады. Халқымыз небір қасіретті қиын замандарды бастан кешірсе де балаға сергек сезім, сенім ұялататын «құлақ беру» дәстүрін жалғастырып келеді. Қаланың асыра «мәдениетті» балалары құлақ жемегенімен ауыл баласы аталардан әлі күнге дейін құлақ күтіп елеңдеп тұрады. Әйтеуір қазақ иісі бар.
Осы «құлақ беруге» орай, ауылдағы қайнымның үйінде қонақтықта болған бір көрініс есіме түсіп отыр. Сол отырыста ауданның әжептәуір атқамінерінің алдына бас тартылды. Ол қасында отырған келіншекке: «Ауылымызда тек жақсы сөз естіп қайтыңыз», - деп құлақ ұсынады. Келіншек облыстық бір мекеменің бастығы еді. Сол сәтте ешқайсысымыз осыны қиғаш көрмедік. Сонда үлкен әжесінің тізесін баса отырған қайнымның алты жасар қағылез ұлы : «Аға құлақ – бұрыннан менің сыбағам, тәтеге тіл беріңіз, сізді мақтап қайтады», - демесі бар ма! Кіп-кішкентай баланың ондыққа дөп тигізген мынандай өткір сөзін естігенде алғашында дымымыз шықпай қалды. Содан кейін «ұялған тек тұрмас» дегендей, амалсыздан жаппай күлкіге бастық. Тіпті айтар сөз жоқ. Әдетте жас балалар үлкенніің ісіне не сөзіне ортадан киліксе тектеп тастайтын ересектер бұл жолы ешбір уәж айтпады. Үйреншікті әдетімен құлақ күтіп отырған бала сыбағасының сырғып кеткеніне шыдамаса керек. Үлкеннің білместігін бетіне басқандай батырайтып айтқанын ешкім айып көрмеді, қайта жөн санады. Сол отырысқа қатынасқандар өзге халықта кездеспейтін қазақтың осы бір кішкене салтын қайтып ұмытпастай сабақ алғаны анық.
«Таңдай беру» салты – үлкендердің баладарға арналған кәдесі. Бас ұстаған қария таңдайдың сыртқы сыртқы қатқылдау қабыршағын тазалап, ұл болсын, қыз болсын, өзі қалаған балаға ұсынады. Ұсынады дегенде жай бере салмайды. Таңдай алушының алақанын ашқызып: «Көмекейің көсілген әнші бол, сөз қадірін білетін ділмар бол!» - деп ашылған алақанға таңдайды ұрып береді. «Таңдай берудің» жөн-жобасы осы. Бұл салт жеткіншектерді сөз өнері мен ән-жырға деген ықыласын аударып қанаттандырады, зердесіне сенім сіңіріп өнерлі болуға талпындырады.
Түйін: Расымен қазақ салтын бойына сіңіріп өскен баланың болашағы жарқын, аталы сөзді аттап өтпейтін көрегенді болып өседі. Ал сіз аталған ырымдарды ұстанып келесіз бе?