МӘДЕНИЕТ

45 жыл өмір сүрген ақиық ақын Мұқағали

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек 

Бүгін – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні.

Қарасаз ауданында өмірге келген бозбала 14-15 жасынан-ақ қолына қалам мен қағаз алып, қара өлеңді ұйқастыра білген. Ақынның тұңғыш өлеңдері «Қырман басында», «Қойшы бала» деп аталған. Bugin.kz тілшісі ақынға қатысты ең қызық деректер топтамасын ұсынады.

Мұқағали Мақатаевтың қай күнде өмірге келгені әлі күнге дейін белгісіз. Оны құжат бойынша 1931 жылдың 9 ақпанында өмірге келді десе, ақынның анасы Мұқағалидың 8 наурыз күні дүниеге келгенін айтқан. Алайда барша қазақстандық «Ақпан айының 9-шы жұлдызы Мұқағали туған күн» деп санайды.

Мұқағали оның шын аты емес. Абай (Ибраһим), Шоқан Уәлиханов  (Мұқамедқали) сынды ұлы тұлғалар секілді Мұқамедқалиді де еркелетіп, «Мұқағали» деп атаған екен.

Лирик ақынның «Майгүліме», «Ләззатыма» деген өлең жолдары ғашық болып, құлай сүйген қыздарына арналмаған. Мұқағали 18 жасында Лашын есімді өзінен  3 жас үлкен бойжеткенмен сөз байласып, отбасы болады. Кейіннен тұңғышы Ләззат пен қызы Майгүл өмірге келген. Алайда ақын тағдыр тәлкегіне ұшырап, екі қызын да жер қойнына тапсырады.

Ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев бағдарламаға берген сұхбатында ақынның ең басты сыншысы әйелі болғанын айтқан:

"Әкеміздің алғашқы туындыларының сыншысы анамыз еді. Әкем ауылда да, Алматыда да орыс мектептерінде қазақ тілінен сабақ берді. Әлі есімде, әкемнің кабинетінен шыға сала өлеңін анама әкеліп оқып беретін. Шешем мұндайда өз пікірін айтып отыратын".

Мұқағалидың «Фариза» өлеңінен кейін көпшілік ақындардың арасында «махаббат химиясы бар» деп топшылады. Бірақ марқұм Фариза Оңғарсынова өз сұхбаттарында бұл жәй ғана қауесет екенін айтып, нүктесін қойған болатын.

Мұқағали Мақатаев ел ішінде «мұзбалақ, ақиық, дәл сөзді шебер, зергер, махаббат ақыны» деп аталған. Алайда Сүлейменұлы Мұхаметқалиді «Әулие ақын» деп атайтындар да бар. Себебі ол өзінің қайтыс болатын күнін сезген деседі. Мұқағалиды танушы Шаяхмет Имашұлы өз сөзінде:

«Әбділдә Тәжібаевқа Мұқағали қолтаңбасымен кітабын бергенде тілегін білдірген. Сол кезде ақын "27 наурыз, 1976 жыл" деп жазыпты. Бірақ ол кез ақпан, қыс ауасы еді. Дегенмен дәл 27 наурызда Мұқағали дүниеден өтті. Содан кейін Әбекең таңдана отырып, "әулиелігі бар екен ғой" деп "Әулие ақын" деп ат қойған. Одан бөлек, Мұқағали ақын өмірден өтерінде "Жаназа" деген поэма жазып қалдырған»,-топшылаған.

Мұқағали «өшпей-тұғын артында із қалдырған» ақын. Себебі ол кісінің сөзіне жазылған әндер қазақ эстрадасында әлі күнге дейін хит ретінде шырқалып келеді. Жұбаныш Жексенұлының орындауындағы «Есіңе мені алғайсың» әні, "Қазақтың Ақбаяны" атанған марқұм Мәдина Ералиева шырқаған «Қош енді, қош бол, күрең күз!» әні, Музарт тобының шырқауында жүрген «Сен көріктісің», одан бөлек «Сәби болғым келеді», «Айтатын саған сырым бұл», кавер арқылы танымал болған «Мен деп ойла», «Жас қайың», «Көзіме көрінбесең, көрінбе сен», жастардың сүйікті әні саналған «Сүйгісі келе берер сүйген ерін», «Сағындым», «Жарығым-ай» және «Наурыз-думан» сынды бірқатар әндері әлі күнге дейін ұмыт болмаған.