Саясат
Жәрдемақы жайында
Есімде, мектепте оқып жүрген кезімде балалық па, әлде жалқаулықтан ба, мүмкін мәніне жете білмегендік пе, әйтеуір сенбілік болады деген хабарды естіп, «Біз неге мектептің ауласын жинауымыз керек? Жұмысшылар сонда не істейді?» деген сауалды ата-анама ренжулі кейіппен қойғанмын. Сонда әкем мен анам да мені бірден жақтап кетеді деген балаң ой болды. Бірақ, олай бола қоймады. Әкемнің өңі өзгеріп, анам қатқыл жауап қатқан болатын. Өз жеріңе өзіндік үлесіңді қосу, ештеңе дәметпей-ақ жақсылық жасау, өзің білім алатын жердің айналасын тазарту біздің тікелей міндетімізге жататынын ашып айтқан анамның сөздерінен кейін өзімді ұятты санап, сол сенбілікке үйден қалай тез шығып кеткенімді де байқамаппын. Осы әңгімден кейін мен сенбілік, жазды күні мектеп бақшасын суғару, үлкен кісілердің үйіне барып көмек көрсету сынды мектептен тыс жұмыстардан тысқары жүрмейтін болдым. Айтпағым, кешегі күні өзімнің де бетім қызарған іс, яғни, біреуден жасаған ісің үшін өтемін күту дұрыс еместігі бүгін де санамда жаңғырады.
Менің осы ұятты сауалым, ренжулі кейпім мен тәрбиелі жағдай өткен жолы тағы бір мәрте ойыма келді... Жо-жоқ, бұл жолы мен өткен қателігімді қайта жасамадым. Тек, біреуден дәмелену, біреудің сен үшін күйіп-пісіп, біреуден жағдайыңды жасап беруі үшін таласқа түсудің куәгері болдым. Қандай өкінішті. Қандай аянышты...
Әлеуметтің әлеуметтік жағдайының әуеде самғай ұшып, әлемді шарлауға жетпейтіні баршаға белгілі ғой. Бай мен кедейдің әңгімесі емес бұл жерде. Тек, халықтың әлеуметтік жағдайы тым құлдырамаса да төмен екені сезіліп те, көрініп те жүр. Тұрмыстың тауқіметі баршаны да қыспаққа алады. Нарықты кіналаймыз келіп... Тұрмысы төмендерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер де аз емес бірақ. Бұл жерде, жоғарыдағы мен көтерген мәселенің тағы ытқып шығатынын қайтерсіз?! Мемлекет барынша қолдау танытуда. Денің сау ма? Міне, жұмыс. Бизнес пе? Оған да жол ашық. Қолыңнан келмей ме? Түрлі курстар сені оқытпаққа ұмтылып-ақ тұр. Денсаулығың жетпей ме? Оған да төленетін жәрдемақы бар. Міне, барлық жолдар ашық. Тек, осы жерде жалқаулық, еріншектіктен, я болмаса қара жұмысқа жегіліп, жан қинағымыз келмей бәріміз де бір «креслоны» аңсаймыз. Қазақты құртатын – еріншектік пен жалқаулық. Жалқаулық – кедейліктің көктейтін мекені. Ендеше, кедейлікті қолдан жасап отырмыз ғой?! Мемлекет тарапынан көрсетілетін жәрдемақыны әбден көксеп алған бәзбіреулер жанын қинап еңбек еткісі келмейді. Ұсынған жұмысты менсінбейді олар. Күрек ұстап қар тазалап, сыпырғыш ұстап көшеде жүруді ар санайтындар жатыпішерліктен неге арланбайды екен осы? Әр жердегі жергілікті жұмыспен қамту орталықтары жұмыс істейді. Оған келетін адам саны шаш етектен екені де белгілі жағдай. Рас, тұрмысы төмен, жұмыс істеуге қауқары жоқ адамдар да бар. Олар жәрдемақысын алып та отыр. Оларға еш кінә да артпаймыз. Оған біздің құқымыз да жоқ. Дегенмен, «бірақ» дейтін сөздің ытқып шыға беретіні тағы бар. Мемлекетке қол жайып, жағдайын өзгелердің жасап бергенін күтіп, ұсынған жұмысты жасамай отырғандар қаншама?! Оны сіз бен біз көріп те жүрміз. Ұсынған жұмысты істемейді. Неге? Себебі, ол қаржыны жанын қинамай-ақ, жәрдемақыдан алып отыр емес пе?! Сонда, жанын қинап еңбек етпегенге адалынан ас батар ма екен? Өткенде тағы бір сорақы жағдайды естіп жаға ұстадық. Ажырасу мәселесі. Тұрмысы тұралап, мінез-құлқы жараспай бірінен бірі алшақтап жатқандар бар. Жекенің шаруасы десек те, мемлекеттік маңызы бар іс. Енді қараңыз, еш дау-дамайсыз, тіпті айрандай ұйып отырған отбасының өзі осындай қадамға барады екен. Қалай дейсіз бе? Тағы сол тұрмыстық жағдай, ақшаның араны. Иә, дұрыс түсіндіңіз. Адамдар мемлекеттен жәрдемақы алу үшін де ажырасады екен. Ажырасқан әйел жалғызбасты деп саналады емес пе? Сәйкесінше, балаларын да бір өзі асырап отыр. Бұл ретте әлеуметтік көмек мемлекет тарапынан жүзеге асырылады. «Әйтеуір үйге кіретін ақша ғой» деп үстірт ойлайтын шығар, ажырасып ақшаға кеніліп отырғандар. Бірақ, айласын асырып, бақ табар ма екен осыдан?! Ажырасқандары үшін мемлекетке салық салсын деген заң шықса, шіркін?! Сонда, барлығы бірдей мұндай әрекетке бармас па еді?!...
Осы мақаланы оқып отырған біздің суреттеген «кейіпкерлеріміз» өздерін танып, жақсылыққа ұмтылып, бай болудың, бар болудың жолын адал еңбектен тапса дейміз. Айтпесе, біреудің мінін тергеннен аулақпыз.