Weekend

Қойнауына құт қонған Баянауыл

Сакралды орындар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғамыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр». Ұлт көсемі Жүсіпбек Аймауытов «Абай» журналына жариялаған «Ұлтты сүю» мақаласы бүгінгі күнде де өзекті һәм өткір. Жоғарыда келтірілген мағыналы ой әлі де өміршең. Халық алдындағы кешегі Жүсіпбектің, басқа да ұлт көсемдерінің, халық зиялыларының мақсат-міндеті, борышы – халықты ағарту, кешегісін електен өткізе отыра ертеңге жол ашу, өткенін құрмет тұту.

Міне, бүгінде қазақ кешегісінен айнымай, үлгі алу арқылы жарқын болашаққа жол бастады. Тарихымызды тану таным көкжиегін кеңейтеді. Кешегі зиялылар мен одан ерте дәуірдегі түркі тілдес халықтың, тамырымыздың тарихына бойлау бүгін де халықтың нысанасы. Тарихты тану бір бөлек те, оны өзгеге үлгі қылу, жас ұрпаққа өнеге ету үлкен ерлікті, қажырлы қызметті талап етеді. Тарихи тұлғаларымызды ел жадында жаңғырту үшін келелі істер легі жалғасын табуда.

Баянауыл өңіріндегі көне тарихи-табиғи ескерткіштер өткен ғасырдың екінші жартысында яғни, 1960 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы археологиялық этнография институтының аға ғылыми қызметкері, академик Әлкей Марғұланның басшылығымен қолға алынды. Атап айтсақ, археологтар Мир Қадырбаев, Кемел Ақышев және де басқа ғалымдар шәкірттерімен келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі таңда академик Марғұланның ізбасарлары зерттеу жұмыстарын ауқымды жалғастыруда. Баянауылдың киелі жері ерте дәуірдегі адамдардың да құтты мекеніне айналғанын археологиялық-этнографиялық зерттеулерден білуге болады.

Баянауылда 2000 жылдың басында Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында сол кездегі аудан әкімі Қорабай Шәкіровтың басшылығымен жасалған жұмыстар «Рухани жаңғырудың» толқынына килікті. 2006 жылдары Мұса мырза мешітінің жанында «Баянауылдан шыққан қасиеті болған адамдар» орнатылған тас газет бетіне жарияланған. Діни қайраткерлердің 120-дан аса тізімі, аудан өңіріндегі балбалтастар көшірмелері, қалаберді, елге еңбегі сіңген тұлғаларға қойылған мүсін-ескерткіштер келер ұрпақтың өзінің туған жерінің тарихын, өткені мен кеткенін білуге жол ашады. Рухани жаңғырудың баннерлар мен билбордтар, тіптен, жалаушалар мен суреттер арқылы емес, құнды дүниелерді жаңғырту, кешегімізден үлгі алу арқылы көрініс беретінін былайғы жұрт жете түсінуі шарт.

2000 жылдардың басында Қорабай Шәкіров, Асқар Лекеров, Алтынбек Құрманов, Төлепберген Алдабергенов, Рамазан Нұрғалиев, Бауыржан Адамбеков, Шәкрат Шалбай, Қайрат Сарбасов, Болат Рахметов, Қайыргелді Әбілғазин, Өзікен Жәмінов және сол кездегі ауылдық округ әкімдері қасиетті адамдарға тас қою жұмыстарын жүргізген. Тарих таразысын теңестіріп, кешегіден үлгі алуға бағытталған игі шара былтырғы жылдан қайта қолға алынып, биыл тастары орнатылды. Елбасының бастамасымен жүргізілген шараға облыс әкімі Болат Бақауов пен аудан басшысы Оразгелді Әліғазыұлы қолдау танытып, нәтижесінде ұлттық мұратқа сай игілікті істер ұлт алдындағы аса зор жауапкершілікпен жүзеге асырылуда.

Өлкетанушы Алтынбек Құрманов ағамыздың бағыт-нұсқауымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі айналысып жатқан ауқымды іс сакралды орындарды белгілеумен ғана шектелмек емес. Оның түп-тамыры халықты тарихпен беттестіру. «Павлодар облысы бойынша сакралды орныдардың 70 проценті Баянауыл өңіріне тиесілі. Бұған ауданымызда қасиетті орындардың картасын жасағанда көзіміз жетті. Басқасын айтпағанда, республикалық жүз сокралды орынның үшеуі Баянауылдан. Атап айтсақ, Қоңыр әулие қасиетті үңгірі, Жасыбай батырдың зираты, Мәшһүр Жүсіптің кесенесі», – деген өлкетанушы Алтынбек Жұматұлы қасиетті орындарға да сипаттама берді.

Мәртебелі оқырман, халықтың рухани азығына айналсын деген ниетпен Баянауыл ауданының сакралды картасына орай қасиетті жерлердің белгі тасы орнатылды. Ғұламалар мен ұлы тұлғаларымыздың, көне дәуірдің мол мұрасын айқындайтын белгілер тарих қойнауының қазынасы. Әуелі көне дәуірдің, түбі бір түркі халықтарының сыр тұнған тарихи қорымдары мен орындары Ертедегі темір дәуіріндегі жерлеу кешені, Байбақы бұлағы, Торайғыр сақ қорғандары ерте дәуірдегі мәдениетімізді танытады. Жолдыбай тасы, түркілердің табыну орталығы, Жұмбақ қыз, Арғымақ тасы мен Құлан әулие үңгірі де өңірдегі бай мәдениетті көрсетсе керек.

Баянауылдың ну орманы мен «менмұндалаған» шыңдары, биік құздары, әр тасы – кешегі қазақ-жоңғар шапқыншылығының куәсі. Елді біріктіріп, жауға қарсы тойтарыс беруде қол бастаған хандар мен батырлар дүбірі сайрап жатыр бұл жерде... Қадірменді оқырман, өздеріңізге кешегі алыптар мен даналардың өмірбаяны мен тарих сахнасындағы орнын таныстыруда өлкетанушы Алтынбек Құрмановпен қайта жолығып, орнатылған тас белгілер турасында, тұлғалар турасында мәлімет алдық. Абылай хан ордасы, Шоң би мен Қамар Қасымовқа, Едіге бидің билік тасы мен Құрманбай абыз, Тогтия ана зиратына қойылған тас белгілер ұрпағының ұлыларын ұмытпауы үшін жасалған бастама. Олжабай батырдың тас қорғаны, қарауыл төбесі, тас қорасы және Жалаңтөс асуына қойылған белгі тас қасиеті мен киесі қонған құтты орындарды танып-біліп, құрмет көрсете жүруге тәрбиелейді.

Баянауыл десе, көз алдымызға бірден көркем табиғат елестейтіні белгілі. Алыс-жақынды жанына тартып, бір көрсем деген арман-мұратын еселей түсетін тағы бір ерекшелігі – ұлы тұлғалардың туған жері, өскен ортасы. Қазақ ғылымының негізін қалаушылардың басым бөлігі дүниеге келген аймақ көрсем, білсем деген әрбір адамды өзіне құмартып, саф ауасы бірден баурай түседі.Баянауылдан түлеген дарындылар өңірдің ғана емес, күллі қазақтың бет түзер құбыласы, һәм мақтанышы мен айбары. Бұл өңір – Ә.Марғұланның, Олжас Сүлейменовтың ата қонысы, Жаяу Мұса мен Әміре Айтпакиннің туған жері. Ермұхан Бекмаханов, Серікбай Бейсембаев, Шапық Шөкин мен Хамза, Сапар Жұматовтарды, қазақ киносының атасы Шәкен Аймановты дүниеге әкелген де бұл жер. Ендеше, бүгінгі салиқалы ұрпағы ұлыларын ұлықтау мақсатында белгі тас орнатып, тарих тарландарын еш ұмытпақ емес.

Өңірдегі сакралды орнындарға тас орнату өткен жылдың атқарылған ауқымды һәм игі жұмысы. Өнегелі іс ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолға алып, нәтижелі аяқтаған жүйелі жұмысы. «Киелі орындарды абаттандыру, қоршау, оған белгі қою жұмысы табандылықты, қызу еңбекті талап етеді. Сакралды орындарды тану әрі таныту мақсатында аудандық бюджеттен 3 млн. теңге қаржы бөлініп, 28 нысанға тас белгісі орнатылды. Бұл іс өңірге туристерді көптеп тартуға сеп болмақ. Одан бөлек, өңір тарихын білі әр тұрғынның борышы», - дейді Баянауыл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Сарбасов.

Міне, әзірге тас белгі орнатылған сакралды орындар тізімі осы. Киелі жерлер – тарих айдынындағы атаулы орындар. Тарихты тану, іздену арқылы үлгі бола білу жұмыстары осымен тоқтап қалмақ емес. Өткен жылды осынау үлкен жетістікпен аяқтап отырмыз. Келер жыл бұдан да ауқымды мәселелердің түйіні шешіліп, өткенімізді жаңғыртып, ұлықтау жолында нық қадамдар жасалып, асуларға жетелейді деп сенеміз.