МӘДЕНИЕТ
Фото: depositphotos.com / k009034
Ақпан – жылдың ең қысқа әрі қыстың соңғы айы. Бұл ай қалыпты түрде 28, ал төрт жылда бір рет, яғни кібісе жылында 29 күнмен бітеді. Bugin.kz тілшісі ақпан айында өтетін "Ақпан-Тоқпан" амалы жайлы ақпарат ұсынады.
Ақпан айында өтетін амалдардың бірі – Ақпан-Тоқпан. "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" энциклопедиясында "Ақпан-тоқпан амалы – үш–жеті күндік қатты суық амалдың екінші атауы" деп анықтама берген.
Кезінде ата-бабамыз осы айда келетін амалды "Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн" деген. Бұл күндері қар жауып, жел тұрып, боран болып, аяз күшейген. Қыстаудағы мал баққан ел ауа райы қолайсыз болған соң, ақпан айынан қатты қорыққан. Себебі үскірік аязға төрт түлік шыдамай, жұтқа ұшырауы да мүмкін болған. Жалпы алғанда ақпан айы – қыстың ең ауыр кезеңі. Ақпан-тоқпан өткеннен кейінгі құт айындағы ауа райын түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз деп те атайды.
Енді бұл атаудың шығу тарихына тоқталайық. Ақпан мен Тоқпан есімді ағайынды екі жігіт кезекпен қой баққан екен. Ақпан қой жайған күні күн райы кенеттен бұзылып, қоймен бірге далада үсіп өлген. Сол қыс жұтқа айналып, содан Ақпан амалы қалған деседі.
Ақпан-тоқпан амалы қазақ шығармаларында да кездеседі. Жазушы Тәкен Әлімқұловтың "Ақбоз ат" романында "Алақан қышытып, әпшімізді қуырған ақпан-тоқпан да өтті. Күн райы да сынып, арқамыз кеңи бастады", "Асылбек бұрын да менсінбей жүрген мондыбас әйелін ақпан-тоқпанның үскірігінде төркініне апартып салды" деген жолдарға көз түседі. "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің" 1974 жылғы І томында "Ақпан-тоқпан алты күн" деген тәмсіл жазылған.
Материал авторы: Бану Әбдіғалиева