Bugin
Фото: depositphotos.com
Жетісу ауылының 11-сынып оқушысы екі жыл бойы зорлық көрген. Бойжеткенді көрші балалар қорқытып, күш көрсетіп, есірткі тұтынуға мәжбүр еткен. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Алматы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жәбір көрген бойжеткен:
"9-сыныпты қалай бітірдім, Азат есімді баламен таныстым. Ол достарымен таныстырды. Жаз мезгілінде араласа бастадым. Бірге қыдырдық, одан кейін келіспеушілік көп болды. Мені қорқыта бастады, мені видеоға түсірді, пышақпен қорқытты. Үйдегілерге айта алмадым. Зорлады, ұрды, таяқ та жедім", - дейді.
Қыздың мінез-құлқы өзгергенімен, жағдайын тіс жарып айтпаған. Барлық мән-жайды туыстары жасөспірім үш тәулікке жоғалғанда білген. Іздеу салып, әбден әбігерге түскен туыстары қызды үсті-басы көгеріп, әлсіз күйде жатқанда тапқан.
"Балам жоғалып кетті. Мектепке, 102-ге хабар бердім. Кешкі сағат 9:30-да баламды ес-түссіз әкеліп тастады. Үйге келіп, жедел жәрдем көлігін шақырдық. Ол жансақтау бөлімінде 5 сағат жатты. Ауруханадан келгеннен кейін, үйге ата-анасы кешірім сұрап келді. "Шығынды көтерейік" дейді. Мен оларды танымаймын", – деді қыздың анасы.
Отбасы бір жыл бойы қатты өзгерген қыздарын танымай, психологқа жүгінген. Алайда еш көмек алмаған бойжеткен амалсыздан түрлі әрекетке барып, өмірімен де қоштаспақ болған. Ал доспыз деп шыққан азаматтар күнде оқушыны аңдуды доғармаған.
"Бөлмесінде қызым есікке асылып қалды, Түркиядан келсем қолында тілік ізі болды. Сұрадым, айтпайды. «Айтсаң ініңді, мамаңды өлтіріп кетемін. Сенің ағаң жоқ, әкең жоқ, ешкімің жоқ» деп қорқытқан. Бала қорқып мектепке барады, аналар оны тосып алады", – дейді қыздың анасы.
Қазіргі таңда аталған іс бойынша аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов
"Облыстық Полиция департаментінің аумақтық бөлімшесі болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу іс-шараларын жүргізуде. Қылмыстық іс бойынша тергеу барысын ерекше бақылауыма алдым. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының ережелеріне сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді", – деді.
17 жастағы қыз қаладағы оңалту орталықтарының бірінде ем алып жатыр. Керекті сараптамалардың барлығынан өткен. Енді айыптылар жазасын алуын күтіп отыр. Зорлық көрсеткендердің туыстары отбасыға ақша ұсынған. Бірақ олар тек әділдікке жетуді, қылмыскерлер жазалануын қалайды.