ТӘРБИЕ

Жатқа бала бермейтін бельгиялықтар неге шетелден бала асырап алады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz/ Айгерім Әдіоханова

Шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының тағдыры қандай? Бәрі бірдей мейірімге қол жеткізіп, бақытты өмір сүріп жүр ме? Барлығы заң аясында шекара асты ма, әлде сатылды ма? Бұл сұрақтардың тағы бір мәрте көтерілуіне себепші – бельгиялықтар асырап алған Жәнібектің оқиғасы. Ол бүгінде туған анасын іздеп жүр. Bugin.kz тілшісі осы мәселелер аясында Бельгия мен Қазақстандағы бала асырап алу бойынша заң жобасы мен талаптарын саралап шықты.

Даудың басы – Жәнібектің асырап алған анасының психологиясы

Белгілі журналист Қымбат Досжан "Сұрауы бар" бағдарламасында шиеленісті бір дерек туралы айтты. Бельгиялық әйел асырап алған Жәнібектің оқиғасында түсініксіз жайт бар.

Айтуынша, Жәнібек 1996 жылы күйеуі қайтыс болған жалғызбасты әйелге берілген. Ал бұған дейінгі заңдарда да, қазіргі заңда да асырап алушы тарап толық отбасы болуы керек деп жазылған. 

"Күйеуі қайтыс болғаннан кейін бірнеше рет депрессияға түскен. Ісін қарап отырсақ, "Бельгия азаматы. Кішкентай қалада тұрады. Тұрмыстық жағдайы жақсы" деген бір бет қана қағаз бар. Ондай қағазбен біздің елде өз қазағың бала асырап ала алмайды. Том-томдап қағаз жинайды. Айлап-жылдап кезекте тұрады. Сондай-ақ сенің отбасыңа келіп, тоңазытқышта қандай тамақ бар екенін қарауға дейін барады. Ал шетелдегі депрессиялық күйге түскен, психикалық ауытқушылығы бар әйелге 2 жастан енді асқан баланы оп-оңай беріп жібереміз", - деді журналист.

Арқалықта туған Жәнібектің құжаты да күмәнді. Қазір ол өзі дүниеге келген күні бала туған Арқалықтағы әйелдерге ДНК тест тапсыруға өтініш білдіріп жатыр. Себебі істе шикілік бар. Бала алмасқан болуы мүмкін.

Гаага конвенциясы зор ма, сор ма?

Балаларды қорғау және еларалық бала асырап алу мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы Гаага конвенциясы – мемлекетаралық бала асырап алуға кепілдік беретін халықаралық келісім. 1993 жылы 29 мамырда Нидерландының Гаага қаласында жасалған Конвенция еларалық бала асырап алу тәжірибесінің халықаралық стандарттарын белгілейді. Еліміз 1999 жылы Гаага конвенциясына қосылды. Содан бастап сценарий өзгерді. Қаракөздер шетел аса бастады. Ел егемендігін алған 25 жылда 9 мың бала жат елге кеткен.

Қазір америкалықтар асырап алған 204 бала іс-түзсіз кеткен. ҚР Балалар құқын қорғау комитетінің бас сарапшысы Гүлмира Құлсариева бұл туралы 2019 жылы айтқан еді. Ол сұхбатында:

"2013 жылы америкалық ерлі-зайыпты Мэйоттар біздің елден асырап алған ұл мен қызды ұзақ жылдар бойы зорлап келгені белгілі болды. 2016 жылы тағы да сол Америкада өгей әкесі Көкшетаудағы балалар үйінен алған Дамир мен Тимурды атып өлтірді. Ал күні кеше мұхит асқан тағы бір жетімектің жұмбақ жағдайда көз жұмғаны белгілі болды. Америкаға Айсұлу болып аттанған сәби Диана атанған. Сосын өсе келе Дэвинге айналған. Атын да, жынысын да өзгертіпті",-деп айтып еді.

Нысан: екі елдің бала асырап алу тәртібі қандай?

Бельгия: Ең бірінші айырмашылық, бельгиялықтар жатқа бала бермейді. Бала асырап алғысы келген азаматтың ұлты басқа болса да, Бельгияда соңғы 5 жыл тұрақты орныққан болуы қажет. 2023 жылдан бері Бельгияда халықаралық бала асырап алуға тыйым салынды. Бұл қай уақытқа дейін созылары белгісіз.

Қазақстан:  Дәл қазіргі Қазақстан заңы бойынша, азаматтығы жоқ адамдар бала ала алмайды. Әрі сотталмаған болуы және психикалық, наркологиялық есепте тұрмауы қажет. Зорланған балаларға қатысты айтар болсақ, қазір дәстүрлі емес жыныстық бағыттағы адамдар бала асырап ала алмайды.

Баланы кімдер асырап ала алады?

Бельгия: Бельгияда жалғызбасты адамдар бала асырап ала алады. Біржынысты некедегі адамдарға да мұндай мүмкіндік қарастырылған. 18 жастан асқан жандар өзінен 15 жас кіші баланы бауырына баса алады.

25 жастан асқан 45-50 жасқа дейінгі азаматтар мен азаматшалар бала асырап ала алады. Бала асырап алушылар қатаң тексерістерден өтеді. Әрі асырап алынған баладан қандайда бір сұрағы бар-жоғын агенттіктер біліп отырады. Бала өзінің асырап алынуы туралы деректерге еркін, электронды нұсқадан қол жеткізе алады. Бельгияда баланың биологиялық ата-анасы оны кім асырап алатынын таңдайды.

Бельгияда бала асырап алудың екі түрі бар: толық асырап алу және қарапайым асырап алу.

Толық асырап алынса, бала (және олардың ұрпақтары) асырап алушыдан (ата-аналардан) туған баласы сияқты құқықтар мен міндеттер алады. Биологиялық ата-анамен заңды байланыстар толығымен үзіледі. Бұл тәртіп бала кәмелет жасына жеткенге дейін жүзеге асады.

Қарапайым бала асырап алу кезінде нақты себептер көрсетілсе, асырап алудың күші жойылады. Ол туралы асырап алушылар немесе мемлекеттік прокурор шешім қабылдай алады.

Бельгия – баланың биологиялық ата-анасына ерекше басымдық беретін ел. Бүгінде бұл елде халықаралық бала асырап алу ісінде бала алыста болса да, ғаламтор арқылы ата-анасымен байланыса алады. 

Қазақстан: бізде бала мен асырап алған ата-ананың жас ерекшелігі 16 жас болуы керек. Елімізде 18 жастан асқан адамдар бала асырай алады. Тек ескерер жай: бір отбасының балаларын бөліп асырап алуға болмайды.

Қазақстанда мына санаттағы адамдар бала асырап ала алмайды:

- сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдар;

- сот біреуін әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеті шектеулі деп таныған ерлi-зайыпты;

- сот ата-ана құқығынан айырған немесе шектеген адамдар;

- өзiне Қазақстан заңдарында жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетiлген адамдар;

- бұрын бала асырап алғанымен, сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшiн жойса;

- денсаулығына байланысты ата-ана құқығын жүзеге асыра алмайтын адамдар;

- тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар;

- дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдар;

- қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген соттылығы бар адамдар;

- азаматтығы жоқ адамдар;

- бұрын заңды некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) ер адамдар;

- асырап алынған баланы заңнамада белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдар;

- наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдар;

- адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтары, экстремистік немесе террористік қылмысы, адам саудасы үшін соттылығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдар;

- Қазақстан аумағында тұрақты тұратын, "Неке және отбасы туралы" кодексте белгіленген тәртіппен психологиялық даярлықтан өтпеген қазақстандықтар.

P.S. Халықаралық деңгейде бала асырап алған адамдар қатаң тексерістен өтеді. Алайда АҚШ-та Қазақстаннан асырап алған екі баласын атып өлтірген ата-ана, шетел асып зорланған қазақтың ұлы мен қызы, анасын таппай жүрген Жәнібек сынды қасіретті тағдырлар көп. Бұл оқиғалар кімнің де болса, кеудесіне өксік ұялатпай қоймайды. Қай елде болсын дүниеге келген әр баланың тағдыры заң жүзінде қорғалуға тиіс.

Дереккөз: opgroeien.be, wiselawyer.ru, egov.kz, vlaanderen.be