ДЕНСАУЛЫҚ

Қатерлі ісікке шалдыққан баланың ата-анасы нені білуі керек?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos

15 ақпан - Халықаралық онкологиялық дертке шалдыққан балаларды қорғау күні. Осы орайда Bugin.kz тілшісі онколог маманмен сұхбаттасты.

Нусупова Райгуль Рысқалиқызы, балалар онколог-гематологы. 12 жыл ішінде 100-ден астам "чемпион"  ауруханадан шыққанға дейін бақылауында болған , олармен қазіргі кезде де жақын қарым-қатынаста. Instagram парақшасында  @raigul_nussupova балалардағы онкологиялық аурулар, оларды емдеу әдістері мен алдын-алу жайлы ақпарат береді.

Онкологиялық дертке шалдыққан балаларға қандай күтім керек? Психологиялық, физикалық тұрғыда ерекше жағдай жасау қажет пе?     

Жауап: Бала кездегі онкологиялық науқастарды бақылау медициналық, психологиялық, физикалық, әлеуметтік және паллиативтік күтімді қамтитын тәсілдерден тұрады.  Медициналық көмек ісікпен күресуге бағытталған диагностикалық амалдардан, емдеу және бақылаудан тұрады. Яғни, бұл әртүрлі инвазивті әрекеттер, химиотерапия, сәулелік терапия, операциялар болуы мүмкін. Онкологияда арнайы терапия алатын балалар стрессті, депрессияны және басқа да психологиялық мәселелерді бастан кешіреді. Емдеу кезінде ата-аналар баласы үшін міндетті түрде психологтың көмегіне жүгінгені жөн. Психологиялық қолдау, балалардың қалыпты өмірін сақтау, мектеп мекемелеріне бару, ойын ойнау, достарымен кездесу, отбасымен демалу өте маңызды. Физикалық күтім - қолайлы жағдай, дұрыс тамақтануды, жеткілікті демалуды, жеңіл физикалық белсенділікті қамтамасыз етуді қамтиды. 

Сіздің тәжірибеңізде балаларда жиі кездесетін қатерлі ісік түрі қандай?     

Жауап: Ресми дереккөздер бойынша, ҚР-да және бүкіл әлемде қатерлі ісіктің арасында 1 орында лейкоздар (қан қатерлі ісігі), 2 орында орталық жүйке жүйесі ісіктері, одан әрі ісіктердің қалған түрлерінің таралуы біркелкі (бүйрек ісігі, сүйек саркомалары, жұмсақ тіндік саркомалар, лимфомалар және т.б.).

Баласының онкологиялық дертке шалдыққанын білген ата-ана өзін қалай ұстауы керек? Баламен де, ата-анамен де психологиялық тұрғыда жұмыс істейтін мамандар қажет пе?     

Жауап: Барлық ата-ана шок, стресс, мазасыздық сынды жағымсыз эмоцияларды бастан кешеді. Менің ойымша, ата-аналардың осы қиын кезеңде баласына қажет екенін түсінуі өте маңызды.

Ата-аналарға арналған нұсқаулар:

- Балаңызды қолдаңыз, жиі құшақтаңыз, қолдау білдіріңіз , жақын болыңыз, сүйіспеншілігіңіз бен қамқорлығыңызды көрсетіңіз. Балаға өзінің  жалғыз емес екенін түсінуі өте маңызды.

- Балаңызбен оның сезімдері туралы ашық сөйлесіңіз, мұқият тыңдаңыз. Әсіресе, бала өз сезімдерін, қорқыныштарын бөліскісі келгенде мүмкіндік беріңіз.

- Релаксация әдістерін, тыныс алу жаттығуларын немесе басқа әдістерді қолдану арқылы стресс пен мазасыздықты жеңуге көмектесіңіз. 

- Балаңызға "қалыпты өмірді", соның ішінде білім беруді, достармен қарым-қатынасты, хоббиді қамтамасыз етіңіз.                                                   

- Емдеу аяқталғаннан кейін балаңызға қалыпты өмірге оралуға көмектесіңіз, қоғамнан шектемеңіз.

- Психо-эмоционалдық қиындықтарды жеңуге көмектесетін психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің көмегіне жүгінуден тартынбаңыз.

- Емдеу, диспансерлеу кезінде дәрігерге уақытылы хабарласыңыз. Балаңызды емдеуші дәрігерімен жиі сөйлесіңіз, алдағы емдеу жоспары туралы сұраңыз. Тек сенімді сайттардан ақпаратты іздеңіз, балалық шақта қатерлі ісікке тап болған отбасыларға қолдау көрсететін қауымдастықтар мен ұйымдарға қосылыңыз.

- Денсаулығыңызды күтіңіз , өйткені балаға дені сау ата-ана қажет. Егер сіз стресске түскеніңізді сезсеңіз, дер кезінде медициналық және психологиялық көмекке жүгініңіз. Балаңызға қамқорлық жасау үшін басқа отбасы мүшелерін де процесске қосыңыз.

- Ең бастысы – емдеу жолында кешенді күтім мен қолдауды қамтамасыз ету үшін мамандармен бірге жұмыс істеу. Балаңызды емдеуге қатысатын топ үлкен – бұл дәрігерлер балалар онкологтары, одақтас мамандар, мейірбике, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және сіз.

                                                     

  Сұхбаттасқан: Бану Әбдіғалиева