Weekend
Сіздер де осы өтірікті жиі айтасыздар, жиі естисіздер ғой, иә?
Әйел адам қолында қанша ақшасы болса да, дүкен, базар атаулыны сағаттап аралап жүре беруге бар. Әйелдер қауымы, біз сондаймыз, ә? Тізімдеп барған он затқа тағы қосымша он зат сатып алып, қайтар жолға жететіндей ғана жолпұл қалдырып, қалғанының бәрінің басына су құйып бір-ақ шығамыз базардан, дүкеннен.
Алайда пендешілікке салынып сатушы да, сатып алушы да кейде аңғарып, кейде аңғармай өтірік айтып қоятынымыз бар. Тіпті ол өтіріктердің жаттанды болып кеткені сонша, өтірік емес, ауызекі тілдегі қалыпты тіркестер сияқты. Сонымен, сатушы мен сатып алушы арасындағы күнделікті еститін, бірақ елемейтін өтіріктер.
1-өтірік
Мен: – Мына аяқкиім шынымен де сапалы ма? Ұзаққа шыдай ма? Әйтпесе, жылына екі рет аяқ киім алып жүрмін де (өтірік, бір аяқкиімді өйтіп-бүйтіп екі жыл кигенмін).
Сатушы: – Әрине! Өте сапалы! Мұны өзім де екі жылдан көп кидім (өтірік, сатушы бұдан да арзанын менен де ұзақ киіп жүр).
2-өтірік
Мен: – Біраз түсірсеңізші? Анау-мынау ұсақ-түйекті алып едім, басқа ақшам болмай тұр... (өтірік, алдымен аяқкиім алып алайын, сосын қалғанына басқа керек-жарақ аламын деп жоспарлағанмын).
Сатушы: – Ой, жоға, түсіре алмаймын. Өзі үстіне 200-300 теңге ғана қосып тұрмын (өтірік, бірге бір қоспаса, одан аз қоспайды).
3-өтірік
Мен: – Бір жасар ұлыма, үш жасар қызыма сияр ма екен? Ойын баласы тез тоздырып тастайтын шығар. Бір ай бұрын сонша ақшаға алғанымды тоздырып тастады (өтірік, әлі киіп жүр, тіпті інісі әпкесінің екі жыл кигенін үйге киіп жүр).
Сатушы: - Әлбетте! Мен де балама тура осыны алғанмын, әлі киіп жүр (өтірік, тура осыны алмағаны айдан анық, өзі 40-45 жас шамасында болса, баласы менің баламмен жасты еместігі анық).
4-өтірік
Мен: – Сіздің тауарыңыз арзан ба негізі? Қазір басқа жерден арзан тауып алсам, алып келемін қайтадан (өтірік, әкелмейміз ғой бәрібір, іштей бұрқылдап қоя саламыз).
Сатушы: – Иә, менікі ең арзан! Арзанын тапсаңыз, алып келіңіз, бірден қайтарып беремін (өтірік, қайтарған күннің өзінде өлердегі сөзін айтып береді әрі сөзсіз, басқа жерде арзаны бар).
5-өтірік
Мен: – Қай кеспе жақсы? Қай май дәмді? Сүттің қайсысы қою? Шайдың қайсысы жақсы шығады? Өткенде сонша ақшаға алғанымды ешкім ішпей, ақыры, құры тастадық итке (өтірік, онша емес болса да ақшаға келді ғой деп, үйдегілерге зорлап ішкізіп, жегіздік).
Сатушы: – Мынау жақсы кеспе... Мынау жақсы май... Мынау жақсы сүт... Ерімейді, езілмейді, жақсы шығады... өзіміз осыны жейміз, ішеміз (өтірік, ас мәзірлері тура біздікі сияқты емес анық, әрі азық-түлік сатушылар көбінесе жарылған сүт, мыжылған май, пакеті тесілген кеспе, дүкендеріндегі мерзімі бітіп бара жатқан азық-түліктерін жейді, білеміз ғой).
6-өтірік
Мен: – Мына азық-түліктерді жаңадан әкелдіңіз бе? Кеше бір жерден жаңадан әкелдік деген соң ала салып ем, көгерген, шірік болып шықты, үнемі сөйтеді (өтірік, мұндай сәт сирек, үнемі олай бола бермейді).
Сатушы: – Иә, әрине. Мынаны кеше, ал мынаны бағана ғана алып келдік. Күмәніңіз болмасын, бақшадан теріп алдық (өтірік, көкөністердің тұрғанына екі күн, азық-түліктерге бір апта шамалас болған, кейбіреуін тіпті шаңын сүртіп сөренің ең артынан алдыңғы жағына шығарып қойған бүгін ғана).
7-өтірік
Мен: – Мына зат оригинал ма? Қытайдың да қытайы болады ғой. Өткенде оригинал деп сонша ақшаға алғаным, өтірік болып шықты. Сатушының сөзіне сеніп қалып ем, ұрындым (өтірік, оригинал еместігін біле тұра арзан ақшаға алғанбыз, жәй сөз).
Сатушы: – Оригинал, әрине! Өзім барып алып келдім. Оригинал ма, емес пе, бірден танимын ғой. Анау-мынау өтірік нәрсе сатпаймын (өтірік, тіпті түпнұсқаның жалған түрінен айырмасы қандай екенін де білмейді).
Сіздер де осы өтірікті жиі айтасыздар, жиі естисіздер ғой, иә? Тек байқамай жүрген шығарсыздар, ә? Сонда кім кімді алдап жүр?