Weekend
Маман емес адам қосып айтады. Қосып айтпаса, арнайы білімі жоқ несін айтады?
Кезінде бұл мақалды естігенде діни оқу орнында оқымаған, хат танымайтын, әйтеуір біреу-міреуден естігенін жүзеге асырып жүрген молдасымақ ойға келуші еді. Бүгінде осы мақалдың "бағы" жанып тұр. Қолдансаңыз, қате қадам баспайсыз. Қоғамды қаптаған арамза молдалар басты. "Молда" деп те айтуға ауыз бармайды. Кезінде тас лақтырса, не заңгер не экономистке тиетін бір уақыттар өтіп еді. Дегенмен олар сол мамандыққа емтихан арқылы өтіп, білікті болмаса да азды-көпті білім алды ғой. Ал бүгін тас лақтырсаңыз, не психологтың не коуч-тренердің басына тиеді. Жаңбырдан кейін қаптап кететін саңырауқұлақ секілді. Шетінен "Сен тұр мен атайын" деген сол мамандықты оқымаған мамансымақтар. Бұлардың тізгін алуына себеп болған жағдайларды тізіп көрейік:
1) Мешіт және намазхандар жайлы өсек-қауесеттер адамдарды уағыз-насихаттан алшақтатты нәтижесінде иман әлсіреді;
2) Қарызға батқандар мен несиеден құтыла алмай жатқандар саны артты;
3) Әлеуметтік жағдай әлеуметті әлек қылды;
4) Дүниеге деген қызығушылық артты т.б.
Әлеуметтік желідегі "Тікелей эфир" мамансымақтарға зор мүмкіндік болды. Эфир барысында қалағанын айтады, сендіреді. "Әй дейтін әже, "қой дейтін қожа жоқ" болған соң тақырып таңдамайды. Шетінен әмбебап. Кейде "имам ба?" деп қаласыз. Дінге қатысты сұрақтарға оңды-солды пәтуалар айтады. Жалпы айтылатын әңгіме мынандай сценаримен жүзеге асады:
1) Қиыншылықтарды, кемшіліктерді айтады тыңдаушы оны ойлап,
ұнжырғасы түсіп кетеді;
2) Бірінші сәттегі жағдайдан түңілген тыңдаушы енді не істеу керек деген ойға қалады;
3) Бір-екі жағдайдан өткен тыңдаушыға карма, энергетика, подсознание, визуализация, аффирмация, депрессия, стресс, арман картасы, ғажап дәптер деген сияқты ырым-нанымдарға толып қалған әңгімелер кетеді.
Тағы мән бере кететін нәрсе Қазақстанды тарихи жолы, даму деңгейі сай келмейтін елдермен салыстырады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні "Құдайсыз қурай да сынбайды" дегенге сенген қазақ өкінішке орай психолог, коуч-тренер, нумерологқа тәуелді болып бара жатыр. Алла тәуелсіз еткен жанымызды пендеге тәуелді етпей, әр сұрақты өз маманына қояйық! Әсіресе, дінге қатысты сауалымызға жауапты тек сол саланың мамандарынан іздеген жөн болар.