Weekend

Көне қалашық орны

Орта ғасырға тән қалашық – Жаументөбе

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кешегі күн – бүгін тарих. Кішкене ғана төбешіктерден тау құралатындай, кішкене аймақ тарихынан тұтас елдің, қала берді күллі адамзат тарихы құралады.

Шежіресі тым әріден бастау алатын киелі Қазығұрт өңірінде таңдай қақтыратын, ой кештіретін, рухыңа дем беретін әулиелі мекендер мен тарихи орындар өте көп.

Қазығұрттағы Қосмола шыңының етегін жайлаған Тұрбат ауылы да сондай орындардың бірі десек, қателеспейміз. Ескі жазбаларға сүйенген ғалымдар ауылды бір кездері атақ-даңқы шартарапқа мәлім болған, Ұлы Жібек жолын жалғап, мәдениеті өркендеген үлкен ортағасырлық «Харзиян» деген қаланың орны және және дін орталығы болғандығын айтады. Оған негіз де жоқ емес. Аңыз бойынша, ең алғаш ислам дінін қабылдаған мың үйлі көшпелі түркілердің мекені Тұрбат ауылы. Мұнда әулиелердің ең ұлығы саналатын ХІІ ғасырдың соңында туып, ХIV ғасырдың басында дүниеден өткен, Қожа Ахмет Йасауидің төртінші буын өкілі Қожа Һазірет Ысмайыл ата мен Ысқақ атаның кесенелері орналасқан. Ел аузындағы әңгімелер бойынша, әулиелердің басындағы кесенені Әмір Темір өз нұсқаулығымен салдыртқан.

Тарихшы-ғалым Мұхтар Бахадырұлы осы күнгі Тұрбат ауылынан XIII-XV ғасырларға сай келетін архитектуралық ескеркіштердің сегіз түрін анықтап, ортағасырлық 3 қалашықтың орны болғандығын айтады. Ғалым өзінің «Тұрбат ескерткіштері» атты еңбегінде 1896 жылы ауыл аймағынан бір жағында сопақша келген имек тұмсығы бар құстың басы салынған, бір жүзді, қоладан жасалған сапты пышақ табылғандығын жазған. Б.з.д.VIII-IV ғасырларға жататын бұл дүние ашылмаған үлкен тарихты аңғартып тұрғандай. Қазіргі таңда Санкт-Петербургтегі Эрмитажда тұр.

Әлі күнге дейін арнайы зерттелмеген санаулы орта ғасырларға тән қалашықтардың бірі мен тұрған қоныстың жоғарғы жағында орын тепкен. Яғни, Өндіріс елдімекенінің бас жағы деп есептелетін, екі жағынан қос өзен ағып өтетін, алыстан менмұндалап көрініп тұратын, биіктігі 100 метрді құрайтын кішігірім төбе. Бұл – Жаументөбе деп аталады. Жергілікті халық сыртқы пішіні төртбұрышты, танкіге ұқсаған соң «Танктөбе» деп атау берген.

Төбе туралы ел ішінде бірнеше деректер бар. Бір деректерде Жаументөбе саудасы қызу қайнаған базар болған деседі. Ұлы Жібек Жолының бойын жайлай қоныстанған қала базары күн-түн демей саудагерлер мен алымшыларға толы болған. Күні бүгінге дейін Жаументөбеден күміс теңгелер мен әшекей бұйымдар табылып жатады. Ал, екінші деректе төбені ортағасырда жаудан қорғану үшін қолдан салынған қорғаныс шебі болған дейді. Үстіне 500 әскер еркін сыятын, солтүстік, батыс, шығыс беткейі тіп-тіке, бейне қолдан соғылған қабырға секілді де, бір жақ бөлігі баспалдақ сияқты, мұнараның іздері сақталған төбенің атауы да соны аңғартып тұрғандай. Жаументөбе –жаумен соғысатын төбе деген сықылды.

Бірнеше жыл алдын «Тұрбат» шекара заставасының құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде, жұмысшылар жер астынан күйдірілген балшықтан жасалынып, тартылған кәдімгі құбыр жүйесін байқайды. Сондай-ақ, бір адам сыйып кетердей көлемді құмыра табылады. Бұған дейін де көзе, саптыаяқ, құмыраның неше түрі, түрлі формадағы табақтардың табылуы , күміс әшекейлер мен қола пышақтың кездесуі расында да бір сырды аңғартқандай. Демек, бізге дейін бұл Жаументөбеде тұтастай қалыптасқан қала мәдениеті болған. Осынау деректерді алдағы уақыта толыққанды зерттейтін ғалым-археологтар табылып жатса, құнды бір тарихтың құпиясы ашылатыны анық.