БІЛІМ

Тарихшы: "Жалаңтөс Баһадүр – қазақ, бұған ешқандай күмән болмауы керек"

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Өзбекстан президентінің арнайы тапсырмасымен түсірілген “Жалаңтөс Баһадүр“ тарихи-көркемдік фильмі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Кейбірі “Жалаңтөс өзбек емес, қазақтың батыры” десе, енді бірі “Неге біздің ел осындай тарихи кино түсірмейді?” деп дауласты. Осы орайда Bugin.kz порталы Ә.Қастеев музейінің қызметкері, тарихшы, археолог-этнограф Қазанбаев Жанболатпен сұхбаттасты.

- Жалаңтөс Баһадүр деген кім және оның қазақ тарихындағы орны қандай?

- Жалаңтөс  Баһадүрдің шыққан тегі жайлы халық аузында деректер жақсы сақталған. Оның руы – Кіші жүздің Әлім тармағының Төртқара бөлімінен. Сол уақыттары Мауренахр жерінің біраз бөлігі көшпелі  қазақ халқының негізгі қыстайтын орны болды. Осыған орай сол жерлерде қазақ билері үстемдік жүргізді. Жалаңтөстің бабалары да Самарханд қаласының билеушісі болған және қазақ хандарымен тығыз байланыста болған.

- Жалаңтөс Баһадүрдің қазақ хандығына қатысы қандай? Қазақ хандығы тұсындағы Жалаңтөс батырдың жүргізген сыртқы саясаты туралы айтсаңыз.

- XVI-XVII ғасырларда мемлекеттер арасындағы саяси ақуал өте күрделі болды. Шыңғыс ханнан тараған ұрпақтар мен Әмір Темірдің ұрпақтарының арасындағы билік үшін үздіксіз соғыстар болып, басқа да халықтар мен ұлыстар біздің жерімізге көз тікті. Тарихта болған 1643 жылғы “Орбұлақ” шәйқасы осыған дәлел. Салқам Жәңгірге Жалаңтөс батырдың көмекке келгенін бәріміз білеміз. Көмекке келудің де сыры бар болатын. Жәңгір хан 600 сарбазымен Жоңғарлардың 50 000 әскеріне қарсы тұрды деген деректер бар. Бұл жерде қазақ батырлары биологиялық қаруды ретінде "сасықтеке” деген уды пайдаланған.

- Өзі өмір сүрген жылдарында тек бір елдің тарихында ғана емес, бүкіл Орталық Азия халықтарының тарихында өшпестей із қалдырған Жалаңтөс батырдың есімінің терең сақталуы заңдылыққа жатады. Көрші Өзбекстанда батырға арналған фильм түсірілді, бұл біздің елдегі киноиндустрияға сын емес пе?

- Кино мәселесіне келетін болсақ, өз басым “Қазақфильмнің” қазіргі түсіріп жатқан киноларға көңілім толмайды. Себебі тарихи фильмдер түсірілген кезде барлық жағдай сол кезеңге сәйкес келмейді (декорация,қару жарақ және басқа дүниелер). Біз кинодан бұрынғы заманды емес, осы замандағы кейбір оқиғаларды көргендей боламыз. Сол себепті тарихи саланың арнайы мамандарын жұмылдыру керек деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан жақсы ақшалай қолдаулар болғанымен, олар орынсыз жұмсалады. “Алмасқылыш” фильмі осыған мысал. Біз ұлттық тарихымызды насихаттайтын фильмдерді  көрген адам қызығып қарайтындай етіп түсіруіміз керек. Ең көп кездесетін қателіктер: арнайы эфектілердің орынды пайдаланбауы, каскадерлардың шеберлік деңгейінің төмендегі және массовкада адамдар өте аз болады. 

- "Жалаңтөс – қазақтың емес, өзбектің батыры” деп дау туды. Тарихи шежіреге сүйенер болсақ, оны қай елдің батыры деп атай аламыз?

- Жалаңтөс – қазақ, бұған ешқандай күмән болмауы керек. Осындай жақсы түсірілген кинолардың әсерінен қолына кітап алып, тарих оқымайтын болашақ ұрпақ оны өзбек деп ойлауы әбден мүмкін. Сондай-ақ Жалаңтөс батырдың жерленген жері – Самарқанд қаласының маңы. 2015 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданының ескерткіштерінің паспорттарын жасаған кезде Басықара каналынан 35 шақырым жерде Қосымқожа қорымында болған едім. Сол жерде Жалаңтөс Баһадүр және Айтық бидің (Әйтеке би)  балдарының кесенелерін кездестірдім. Өкінішке қарай өзімде суреттері сақталмай қалыпты. Соған дәлел ретінде келтірер едім. Сырдың бойы Әлім руының ата қонысы болғандықтан, солардың қорымдары көп.

- Мектеп оқулықтарында тарихи оқиғалар мен батырларымыз туралы ақпараттың қамтылу деңгейіне көңіліңіз тола ма?

- Мектеп қабырғасындағы материалдар бір бөлек, үлкен жастағы мұғалімдердің (коммунистік білім алған деп айтайықшы) беретін мәліметі бір бөлек.  Ал музейлер мен басқада ақпараттық құралдарда берілетін бағдарламалар бір бөлек. Осыдан-ақ тарихымыздың жас ұрпаққа насихатталуының деңгейін көрсек болады. Тарихты бір ізге түсіріп, тарихи оқиғаларды нақтылап кітапқа енгізу керек. Қазір бәрін реттемесек, болашақ ұрпақ әртүрлі берілген ақпараттың ішінен адасып кетеді. 

- Өскелең ұрпаққа тарихымызды дәріптеп, тұлғаларымызды таныту үшін қазір қандай жұмыстар істелуі керек деп ойлайсыз?

- Бұл мәселеде мемлекет тікелей өзі араласып, қолына алуы керек. Бұған барлық институттар бірдей атсалысып, бір ортақ шешімге келгенін қалаймын. Мектеп оқулықтарында бір мәлімет, ҰБТ-ға дайындалатын кітаптарында бір бөлек ақпарат кездеседі. Ел үшін, ең бастысы, ана тарихы деп ойлаймын. Сол себепті тарихымызды дамытып, насихаттауға бәріміз бір адамдай үлес қосуымыз керек. Бүгінгі істер – ертеңгі тарих. Өз ұрпағы, өз тарихы және ата-бабасымен мақтана алатын елдер қатарынан болайық. 

P/S: Өзбекстандық кинорежиссер Жаһангер Ахмедов Самарқанды 44 жыл билеп, 100-ге жуық тарихи нысан салдырған, Регистанның негізін қалаушы, батыр, ұлы қолбасшы Жалаңтөс Баһадүр туралы фильм түсірді. Ақпараттарға сүйенсек, туынды наурыз айында көрерменге жол тартады. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен бұл кино туралы әлі де талай айтылары, жазылары анық. Біздің мақсат – біреуді сынау не мінеу емес. Тек өскелең ұрпақ үшін, мемлекетіміздің болашағы үшін "тарихи фильмдер" көптеп түсірілсе дейміз. Біздікі – қазақ киносы көңіл көтеретін бір реттік комедияларға толып қалмаса, "Қазақфильм" өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарса деген ой.