БІЛІМ
Фото: bilimainasy.kz
26 ақпан – қазақ халқы зиялыларынан айырылып, қазақ мәдениеті мен әдебиеті орны толмас қазаға ұшыраған күн. 1938 жылы дәл осы күні Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин және тағы 38 азамат себепсіз оққа ұшып, қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Bugin.kz порталы оққа ұшқан Алаш арыстары туралы деректерді ұсынады.
Әр саланың майталмандары, сүт бетіндегі қаймақтары қыршынынан қиылып, ұлт үшін, ұрпақ үшін деген ұранмен өмірден өтті. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Хаббасұлы сынды 44 буржуаз ұлтшыл деп айып тағылып, қамауға алынды.
Төменде себепсіз қуғын-сүргіннің құбаны болған арыстарымыз туралы қысқаша ақпаратты ұсынамыз.
“qamshy.kz" сайтында жазылған ақпаратқа сүйенсек:
Халел Досмұхамедов – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш көсемі, қасиетті Түркістанда оқу-ағарту, ғылым, баспа ісі және денсаулық сақтау саласын дамытып, еліне елеулі еңбегі сіңген тұлға. 1930 жылдары ҚазПИ-дің проректоры болып жүрген жерінен себепсіз тұтқындалып, Воронежге жер аударылған. Воронежде жүргенде, “алашордашыл” деген айыппен қайтадан тұтқынға алынып, Мәскеу, Алматы түрмелерінде бірнеше жыл отырған. Ал 1939 жылы ату жазасына кесілген.
Ахмет Байтұрсынов – қоғам кайраткері, ақын, әдебиеттанушы, ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы. 1873 жылы қаңтар айында Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Сарытүбек деген жерде дүниеге келді. Әділетсіз орыс оязының зорлығына қарсы тұрған әкесі Байтұрсынның 15 жылға Сібірге жер аударылуы он үш жастағы бала Ахметтің жүрегіне өшпестей жара салады. Голощекиндік асыра сілтеу саясатына қарсы болғаны үшін 1929, 1937 жылдары екі рет саяси репрессияға ілігіп, жазықсыз атылды.
Сарығожин Сабыр – Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Әскери қайраткер, генерал-майор. Көп жылдар Ресей патшасы әскерінде қызмет еткен. 1918-19 жылы Жымпитыдағы Алашорда үкіметінің әскери комиссары болды. Репрессия ұшырап, 1919 жылдың соңында Қара теңіз арқылы Англияға өтіп кетті. 1925жылы Ұлыбританияда Лондон қаласында қайтыс болған.
Жұмат Шанин – режиссер, драматург, актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі. 1937 жылы Орал музыкалық-драмалық қазақ театрын ұйымдастырып, басшылық жасаған. 1938 жылы театрға байдың қыздарын актриса ретінде алғаны үшін және театр ғимаратында өрт шығуына байланысты тұтқынға алынған. 1938 жылы ату жазасына кесілген.
Бұл тізімді осылай тоқтамай жалғап кете беруге болады. Дегенмен сол жылы ақпанда атылғандардың тізімін төмендегі суреттен көре аласыздар.
Кейбір деректерге сүйенсек, Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген. Қуғын-сүргін құрбанына айналып, нақақтанөнақақ оққа ұшқан қазақ зиялыларының арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер бар еді.
1997 жылы 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Тәуелсіздік жылдары 340 мыңнан астам азамат ақталды. 2021 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Еліміздің әр өңірінде құрбандарға арналған музейлер жұмыс істеп тұр.
Елім деп оққа ұшқан арыстарымыздың есімі ешқашан ұмытылмақ емес.