Экономика
Білім саласына қай мемлекет көп көңіл бөледі?
Қоғам дамуы мен мемлекет жетістіктерінің бастауында білімді ұрпақ тұрады. Сол білімді ұрпақ қалыптастыру үшін мұғалімнің мәртебесі биік, жалақысы жоғары болуы тиіс. Осыны ұғына, білім саласына инвестиция ретінде қарап, тиімді реформа жасаған елдер ілгерілеп кетсе, мұғалімдеріне мұрын шүйіре, мемлекеттік қызметкерлеріне мейлінше жағдай жасайтын елдер өркениет көшіне ілесе алмай, дағдарыс батпағына батып жатыр. ХХI ғасыр технологиялар ғасыры екенін ескерсек, заман – күнде бір жаңалық ашып, соның игілігін көріп отырған елдердікі. Табиғи байлықтарына ғана сеніп отырған елердің болашағы не болмақ? Өзгенің ескі-құсқысын киетін кедей сияқты, бар қаржысына басқалардың тозығы жеткен технологиясына қол жеткізе, зауыт-фабрика құрып немесе озық елдердің қоқысқа шығарып тастаған көлігін мініп, шірену ұшпаққа шығара ма?
Willis Tower Watson консалтингтік компаниясы жыл сайын түрлі салаларға зерттеу жүргізеді. Зерттеу қорытыныларына сүйеніп, болашақтағы бағыт-бағдар айқындалады.
Білім саласына қай мемлекет көп көңіл бөледі? Әлемде мұғалімдердің жылдық жалақысы қанша? Төменде аталмыш компанияның жариялаған тізімімен таныс болыңыздар:
1. Люксембург – 79,129.67 доллар
2. Швейцария – 69,704.74 доллар
3. Германия – 61,418.47 доллар
4. Норвегия – 47,313.23 доллар
5. Дания – 46,784.11 доллар
6. АҚШ – 43,556.79 доллар
7. Мексика – 42,816.51 доллар
8. Испания – 41,886.99 доллар
9. Австралия – 40,762.47 доллар
10.Нидерландия – 39,098.02 доллар
Көріп тұрғаныңыздай Азия елдері немесе бұрынғы кеңестік елдерден бірде біреуі алғашқы ондыққа енбеген. Ал, біздің елдегі мұғалімдердің жағдайы қандай екен? Анықтауға тырысып көрелік.
Қала мектептерінде сабақ беретін 25 жылдық еңбек өтілі бар, жоғары санаттағы мұғалімнің нақты жалақысы – 83 176 теңге, дәптер тексеріп, сынып жетекші болғаны үшін – 25 130 теңге, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін – 24 953 теңге, жалпы – 133 258 теңге, 15 жылдық еңбек өтілі бар, бірінші санаттағы мұғалімнің нақты жалақысы – 72 381 теңге, дәптер тексеріп, сынып жетекші болғаны үшін – 24 050 теңге, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін – 21 714 теңге, жалпы – 118 145 теңге, 3 жылдық еңбек өтілі бар, санаты жоқ мұғалімнің нақты жалақысы – 56 630 теңге, дәптер тексеріп, сынып жетекші болғаны үшін – 22 475 теңге, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін – 16 352 теңге, жалпы -96 095 теңге алады. Ауылдағы мұғалімдердің жағдай біршама жақсы. 25 жылдық еңбек өтілі бар, жоғары санаттағы мұғалімнің нақты жалақысы – 103 970 теңге, дәптер тексеріп, сынып жетекші болғаны үшін – 27 209 теңге, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін – 31 191 теңге, жалпы – 162 370 теңге, 15 жылдық еңбек өтілі бар, бірінші санаттағы мұғалімнің нақты жалақысы – 90 476 теңге, дәптер тексеріп, сынып жетекші болғаны үшін – 25 860 теңге, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін – 27 143 теңге, жалпы – 143 478 теңге, 3 жылдық еңбек өтілі бар, санаты жоқ мұғалімнің нақты жалақысы – 70 788 теңге, дәптер тексеріп, сынып жетекші болғаны үшін – 23 891 теңге, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін – 21 236 теңге, жалпы – 115 915 теңге алады.
25 жылдық еңбек өтілі бар, жоғары санаттағы қала мұғалімінің жылдық жалақысы – 1 599 096 теңге, яғни оны бүгінгі курс (379.33) бойынша АҚШ долларына айналдырсақ, 4 215,5801018$ болады. Дәл осындай ауыл мұғалімінің жылдық жалақысы – 1 988 440 теңге, немесе 5 136, 530198 АҚШ долларына тең.
Аймақтың екінші экономикасы Өзбекстанда 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мұғалімдердің орташа айлығы 1 749 500 сум деп белгіленген. Бүгінгі курс бойынша, 1 АҚШ доллары – 8 411 сум. Демек, айлық жалақы - 208,0014267, жылдық жалақы – 2 496,0171204 АҚШ доллары көлемінде.
Әдетте, кез келген ел өзінен экономикасы күшті елдерден өнеге алып, дамуға тырысады. Аймақта көшбасшы екеніміздің түк маңызы жоқ, әлем елдерінің шаңына ілесе алмасақ!
Кез келген мемлекетте басшы ауысқан кезде халық реформа күтеді. Біздің жаңадан сайланатын президентіміз білім саласына назар аударса екен деп тілейміз.