ДЕНСАУЛЫҚ
Фото: Bugin.kz/ Айгерім Әділханова
Келесі оқу жылының басында еліміздегі оқушы қыздарға жатыр мойны обырына қарсы екпе салынады. Бұл туралы Bugin.kz тілші жариялаған материал желіде резонанс тудырды. Көптеген ата-аналар екпе салдыруға қарсы екенін айтты. Бұл тақырып зерттеуді қажет ететінін ескеріп, маманмен тілдестік.
Онколог-хирург Жанат Бақыт бізе ауру мен екпе туралы ақпарат берді.
– Жатыр мойны обыры дегеніміз қандай ауру, қандай белгілері бар?
– Жатыр мойны обыры – 50 жастан асқан әйелдерде кездесетін дерт. Қазіргі таңда ауру жасарып барады. Аурудың белгілері тек асқынған сатысында байқалады. Әйелдерде қан кету болады. Көп әйелдер менопауза кезінен соң (етеккір тоқтайтын кез) қан келгеніне бейжай қарайды. Ауруды ерте анықтау үшін әйел адамдар арнайы скринингтік тексеруден өтуі керек. Қазақстан Республикасында министрлік бекіткен скринингтік бағдарламасы арқылы тегін тексеріле алады.
Ауруға шалдықпас үшін қыз-келіншектер 6 айда 1 рет тексерістен өтіп тұруы керек. Жатыр мойны обыры АПВ (адам папилломавирусы) арқылы жұғатын ауру арқылы қозады. Бұл ауруға бейберекет жыныстық қатынас, ерте жыныстық қатынасқа түсу, аборт жасату секілді себептер болады.
Жатыр мойны қатерлі ісігіне уақытында емделмеу, тексерілмеу себеп болады. Эрозияны дұрыс емдемесе, оның өзі қатерлі ісікке айналады. Оны көбі біле бермейді. Белгісіз жыныс жолдарының ретсіз қан бөлінуіне мұқият мән беру керек.
– Жатыр мойны обыры неше жастан бастау алады? Анасының дерті қызында қайталануы мүмкін бе?
–Ауру қазір тым жасарып кетті. Менің тәжірибемде 30-35 жастағы әйелдерден де анықталып жатыр. Анасының дерті қызында қайталану ықтималы ДДСҰ мәліметі бойынша, 10 пайыз жағдайда қайталанады. Сол себепті иммунитетті көтеріп, денсаулыққа мән беру керек. Анасы ауырды екен деп оның қыздары міндетті түрде ауырады деген факт жоқ.
ДДСҰ мәліметінше, 2020 жылы шамамен 604 000 әйел осы дертке шалдыққан. Соның ішінде 342 000 әйел қайтыс болды. Көбіне тұрмыс деңгейі төмен елдерде әйелдердің қайтыс болуы тіркеледі. Негізі ауру дер кезінде анықталса, емделеді. Адам апилломавирусына 9-14 жас аралығында вакцина алудың маңызы өте жоғары. Еуропада тіпті ұл балаларға адам апилломавирусына қарсы вакцина салынады.
– Жатыр мойны обырына қарсы вакцина қаншалықты көмек көрсетеді?
– Бұл вакцина тәжірибеде 99 пайыз нәтижелігін көрсеткен. Қазақстан АҚШ-тың сапалы екпесін наурыз айынан бастап егеді. 13 жастан бастап барлық қыз балаларға екпе саламыз. Бұл екпе әр қыз балаға жыныстық қатынасқа түспей тұрып салынуы керек.
– Ата-аналар вакцинаға үрке қарайды. Бұл көзқарас орынды ма?
– Үлкен әйелдер салдырамыз десе, оларға ақылы негізде болады. Менің ойымша, вакцина салдыру – өте дұрыс шешім. "Ауырып, ем іздегеннен ауырмаудың жолын іздеген" жақсы. Мен вакцинаны қолдаймын. Дәрігер ретінде барлық аналарды қорықпай, вакцина салдырып, қызын аурудан қорғауға шақырамын!
АПВ вакцинасы бедеулікті тудырмайды. Керісінше, вакцинацияланған әйелдер мен ерлерде фертильділік артады, бедеулік қаупі азаяды.