МӘДЕНИЕТ
Фото: театрдың баспасөз қызметінен
2021 жылы театр режиссері Болат Атабаев о дүниелік болды. Өнері мен шығармашылығы тірілерге аманат болып қала берді. 27 ақпанда М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры "Мәңгілік бала бейне" қойылымын қайта сахналады. Бұл жолы режиссер Елік Нұрсұлтан ұстазының ізімен, 99 пайыз жаңа актерлермен туындының премьерасын жасады. Қойылымнан алған әсері жайлы Bugin.kz тілшісінің материалын ұсынамыз.
1996 жылы сахналанған бұл қойылым – Роза Мұқанованың қаламынан туған тағдырлы шығарма. Адам тағдырының қаншалықты маңызды екенін, саяси шешімдердің көлеңкелі тұсын нақтылай көрсете алған туынды. Семей ядролық полигонындағы сынақтың зардабы Хиросимаға тасталған бомбадан 2500 есе асып түскен. Ал адамдардың әлі күнге дейін көріп келе жатқанын қасіретін айту немесе ойлау – тіпті қиын.
Мәңгілік бала бейнесінде қалған Ләйлә қыздың тағдыры көрерменнің көзіне жас ұялатты. Полигон жабылғанына қанша жыл өтсе де, Қарауылдың қайғысын дәл сол сәттегідей сезіне алдық. Жыладық. Күлдік. Күрсіндік.
Ұлының тойына дайындалған Қатира мен құрбыларының диалогы, сахнада ойнату шеберлігі, көркемдік шешім үйлесіп тұрды.
"Абай" арнасына берген сұхбатында Тұңғышбай Жаманқұлов қойылым туралы:
"Мәңгілік бала бейнені" Роза Мұқанова жүрегінің қанымен жазған сияқты. Себебі ол сол жақтың қызы, көрген-білгені бар. Жүрегіне қатқан шері бар. Соның бәрін қайнатып шығарған шығар”,-деп пікір білдірген.
1996 жылдан бері қойылым 18 жыл тоқтамай қойылып, ангшлагпен өткен. Арада 10 жыл үзілістен соң, 27 ақпанда қайта сахналанды.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек 1996 жылдағы қойылымдағы актер мұндада рөл ойнағанын хабарлаған еді. Көп күттірмей-ақ ол кім екені белгілі болды.
Данагүл Темірсұлтанова алғашқы қойылымда Ләйлә образын сомдаған. Атабаевтың Ләйләсі. Ол жаңарған қойылымда да ойнады. Тек Ләйлә рөлінде емес, Қатира образында. Бұрын Ләйлә болып көргендіктен шығар, Данагүл Темірсұлтанова жүрегі жұмсақ Қатира болды.
Актерлар жаңарса да, көркемдік шешім, оқиға желісі, расымен, жүректің қанымен жазылғандай өте ауыр. Депутат әйел, Қатира, Ләйлә, тіпті Құмар да өзіне сендіре алды. Шерхан Пірназар танымал актер ретінде қайғылы Қарауылға сапар шегеді. Өмірдегідей. Ол қойылымда да шиеленісті оқиғада, шындық айтылар тұста маймылша секіріп, адамдардың ойын бұра әкетеді. Саяси технологиядағыдай. Сәтті шыққан образ. Ақләйлектің тағдырын 500 долларға саудалаған Құмардың да образы – сенім мен сенімді алдаудың үлгісіндей. Үміттендіреді. Жылатады.
Ләйләні аяп емес, оның тағдырына сеніп жылады көрермен. Не де болса, Атабаевтың шырағы сөнбеген екен. Оның режисерлік шешімі сахнада қайтадан көрініс тапты.
Мен үшін өте ауыр қойылым болды. Жынды Шөкіштің бір қол, бір көзі бар баласын өлтіргені сендірді. Жылатты. Ананың қасіретін, даланың қасіретін сезінуге мүмкіндік берді. Қаншама жарылыстан аман қалған даланың адамдарының рухында болған жарылысты сезіндім. Сай-сүйегім сырқырады. Өзім де ана болған соң, тек Семейдің емес, Қазақтың қасіреті екенін мойындадым. Ол тек қағазда жазылған әңгіме емес. Ол – тағдыр. Қойылым емес, ол – өмір. Өкініштісі де сол...