Саясат

Сіз кімсіз Ассанж мырза?

Ақиқат үшін күресіп жүрген саңлақтың өмір тарихы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Журналистиканың саласындағы аңыз адам және әшкерелеуші Джулиан Пол Ассанж 1971 жылы 3 маусымда Австралияның Таунсвилл қаласында дүниеге келген.

Анасы – Кристин Энн – суретші, әкесі – Джон Шиптон – құрылысшы. Ата-анасы ол туғанға дейін қарым-қатынасын үзген, сол себепті анасының алғашқы ресми күйеуі Ричард Бретт Ассанждың тегін алған.

Ассанждың балалық шағы мен жасөспірімдік кезеңі, жиі көшіп-қонулармен өткен. Өзінің айтуы бойынша, ол 37 мектеп пен 6 университетті ауыстырған. Алайда, бірде-бір жоғарғы оқу орнын бітірмеген.

Интернетке келуі

16 жасында бағдарлама құрастырумен айналысып, хакерлік жолға түскен. Оның интернеттегі лақап аты – «Мендакс» (көне рим ақыны Горациядің шығармашылығынан алынған, мағынасы «текті өтірікші» немесе «ғаламат жалғаншы»). Уақыт өте келе, достарымен хакерлік топ құрады. АҚШ – тың Қорғаныс министрлігінің және өзге де мекемелерінің дерекқорларына енді деп күдікке ілінді. Сондай-ақ, 1989 жылғы NASA компьютерлік желісінің бұзылғанын да Ассанжбен байланыстырады.

1991 жылы канадалық телекоммуникациялық компания Nortel Networks – тің серверін бұзды деп, Ассанжға қарсы тергеу жұмыстары басталады. Ол бұл уақытта қатты күйзелісте жүрген еді. Тергеу бірнеше жылға созылды. 1996 жылы айып тағылған 31 бөлімнің, көбісін мойындағанымен, тек 1,3 мың доллар айыппұл төлеп, құтылады.

Кейін, компьютерлік қауіпсіздік бойынша кеңесші болып жұмыс істейді. 1998 жылы Earthmen Technology деп аталатын австралиялық компанияның негізін қалаушылардың бірі болады.

WikiLeaks

2006 жылы мүдделестер тобымен бірге, анонимді дереккөздерден алынатын құпия ақпараттарды жариялап отыратын –WikiLeaks сайтын құрады. 2010 жылдың сәуір айында, аталмыш сайтта 2007 жылғы Бағдадта екі америкалық Apache тікұшағының бір топ қарапайым халықты атқанының видеожазбасы жарияланып, Ассанжға халықаралық атақты болуына себепші болады. Кейіннен бұл сайтта өзге де құпия мәліметтер жарияланып отырады. Олардың жариялануы саяси және әлеуметтік резонансқа әкелді.

Соттың істі қарауы

WikiLeaks-тің ақпарат берушілері мен редакторларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, сайт серверін Швецияға көшіру туралы шешім қабылданды. Себебі, бұл мемлекеттің заңдары, интернет қолданушылардың құпиялығын толықтай қорғайды. Сол себепті, 2010 жылдың тамыз айында Ассанж Швецияға келіп, тұруға ықтиярхат пен жұмыс істеуге рұқсат сұрайды. Швеция құқық қорғау қызметтері оған қарсы, екі швециялық азаматшаға жыныстық сипаттағы қылмыс жасады деп айып тағады. Ассанж бұл айыптарды мойындамайды. Осылайша, Ассанж Ұлыбританияға көшуге мәжбүр болады.

2010 жылдың желтоқсанында Ассанжды Лондонда швециялық құқық қорғау қызметтерінің сұрауы бойынша ұстайды, кейіннен, Швецияның экстрадиция туралы сұралымы қарастырылғанша кепілге жібереді.

2011 жылдың ақпан айында британиялық сот Ассанжды Швеция үкіметіне беру туралы шешім шығарады. 2012 жылдың 19 маусымында ол Лондондағы Эквадор елшілігін паналап, тамыз айында Эквадор азаматтығын алады. Швеция билігі өз сұралымын кейін қайтарып алса да, Ұлыбритания Ассанжды, эквадор елшілігінен шығысымен, ұстаймыз дейді. Ол кепілге шығу шарттарын бұзды деген айып тағылады.

2018 жылдың қарашасында,The Washington Post мәліметінше, АҚШ – та, Ассанжға тыңшылық әрекет жасады деп айыптар тағылыпты. Бұл дәлелденсе, оны өлім жазасына кесуі мүмкін.

Қазіргі жағдай

2019 жылдың 11 сәуірінде Джулиан Ассанжды құқық қорғау қызметкерлері қамауға алды. Британиялық полиция қызметкерлері Эквадор елшісімен сөйлескеннен кейін, елшілікке кіріп, Ассанжға қолкісен салып, алып шығыпты. Оны тұтқындауға себеп болған, 2017 жылдың 22 желтоқсанында АҚШ – тың жіберген экстрадициялау туралы сұралымы екен. Егер ол АҚШ-қа жіберілсе, 5 жыл бас бостандығынан айырылу қаупі бар.

Әзірге соттың шешімі бойынша ол Ұлыбританияда қалады. Келесі сот отырысы 2 мамырда өтеді.

Эквадор президенті Ленин Морено өзінің «Twitter» парақшасында: «Ассанждың әдепсіз және агрессиялық мінез-құлқы, оған жақын ұйымдардың Эквадорға қарсы қатерлі және қауіпті мәлімдемелері, сондай-ақ халықаралық келісімдердің бұзылуы жағдайларында Ассанжға пана беру мүмкін емес», – деп жазды.

Эквадордың Сыртқы істер министрлігі Ассанждың Эквадор азаматтығынан айырылғанын жеткізді.