ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фотоколлаж: Bugin.kz/ Айгерім Әділханова
Қазақ әйелдерінің образы – ана, келін, біреудің қызы, қарындасы деген секілді туыстық жақындықтармен көп айтылады. Олардың кәсіби біліктілігі, таңдауы, танымы, жаны көлеңкеде қалып қояды. Айтыла бермейді. "Шыдамды" сөзімен жанын сірі деп елестетеміз. Бірақ әркім мінезінің ерекшелігіне сай мансаптық жолында қыздарды мүлде елестете алмайтын салаларда 10-20 жылдан бері еңбек етіп жүрген арулар аз емес. Олар – өзін бір кәсіпке арнап, сол жолда ұжымын алға сүйреп жүр. Бүгін біз ERG құрамындағы "Қазхром" ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының аруларының жан әлеміне саяхат жасаймыз. Бұл өндірісте 2,5 мың әйел еңбек етеді.
Декреттік демалысы өзгерткен Гүлсім
Гүлсім Байменова – Ақтөбе облысының Хромтау қаласында орналасқан Дөң тау-кен байыту комбинаты орталық механикалық жөндеу шеберханасының үшінші санатты дәнекерлеушісі. Гүлсім дәнекерлеу ісіне декретте жүргенде қызығыпты. Өзінің алғашқы мамандығы есепші болса да, осы салаға келуге бет бұрған. Хромтаудағы тау-кен техникалық колледжіне дәнекерлеушінің үш айлық курсына жазылып, қолына куәлігін ала сала, қазіргі цехына құстай ұшқан сәтін кейіпкеріміз әлі күнге дейін есіне алып, жылы жымияды. Дәнекерлеуші Гүлсім:
"2010 жылы жоғарғы оқу орнын бітірген түлек секілді, цехқа қарай асыққаным – еңбек жолымдағы естен кетпес оқиғам. Өндірістік сараманнан өтіп жүргенде, цех басшылығына жолығып, «куәлігімді алған соң, қайта келемін. Мені журналымыздың бір бұрышына ұмытпас үшін жазып қойыңызшы» деген сөздерімді есіме алып, кейде күлемін. Бұл менің өндіріске басқан алғашқы қадамдарым болғанымен, дәнекерлеу курсына жолдасымның қолдауымен бардым. Ол менің таңдауымды қолдап, маған сүйеніш болды. Бір жерде жұмыс істейміз деп, балаша қуандық",– дейді сөз арасында .
Иә, Гүлсім мен жолдасы Марал – бір салада еңбек ететін әріптестер. Маралдың цехта слесарь болып еңбек етіп келе жатқанына бүгінде 20 жылдай уақыт болды. Араға бес жыл салып, жұбайы келіп, енді бір учаскеде қызметтес болып жүр. Әке мен ананың ізінен еріп, үлкен ұлы Тимур да кәсіпорынға келген. Ол бүгінде кендерді байыту және кесектеу фабрикасында электрослесарь қызметінде. Гүлсімнің айтуынша, кенже ұлы да әскерден келіп, Дөң тау-кен байыту комбинаты Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтасына электромеханик болып жұмысқа орналасыпты.
Дәнекерлеуші маскасын киіп, жай отын ойнатып, темірді темірге жалғап, жұқарған тұстарды белгілі мөлшерде қалыңдату мен жамауды Гүлсім мүлдем қиынсынбайды. Бастапқы кезде дәнекерлеудің детальдарынан кішігірім қателіктер жібергенімен, цехтағы бес дәнекерлеуші әйелдің алдыңғы шебінде тұруына бойындағы қабілеті себеп болса керек.
– Цехқа келсем, демаламын десем, артық айтқаным емес. Бір түсінгенім, әр жұмыс күнімде жаңа нәрсені үйренеміз. Дәнекерлеудің тың ілімі шыға береді. Сонысымен де қызықты, – деді Гүлсім Байменова.
Өнерден өндіріске ауысқан Тынай