Bugin

“Шығыс жастарының таңшолпаны”: 3000 қаңғыған балаға пана болған қазақ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: фотоколлаж bugin.kz

 

Ғани Мұратбаев 1919–1920 жылдары Түркістан республикасындағы өзбек, қырғыз, қазақ, тәжік, орыс, дұнған, т.б. Ұлт өкілдерінен тұратын қаңғып жүрген 3000 баланы интернаттарға орналастырған. Ол Ташкент қаласының көшелері мен вокзал, базарларынан күндіз-түні ерінбей, қараусыз балаларды аяқтай жүріп іздеп тапқан. Бұл туралы Bugin.Kz тілшісі хабарлайды.

Кеңестер Одағы “күндей күркіреп” тұрған тұста Қазақстан мен Түркістандағы дарынды комсомол ұйымдастырушысы, Түркістан комсомолы Орталық Комитеті Қырғыз (Қазақ) бюросының тұңғыш төрағасы болып сайланған Ғани Мұратбаевтың (1902–1924) атағы жер жарып, даңқы дүркіреп тұрды. Мұны бүгінгі орта және аға буын өкілдері жақсы біледі. Түркістан жастарының көсемі болып, жұлдыздай ағып өткен аяулы азаматтың ғұмыры ғибратқа толы. Қамшының сабындай ғұмырында, жастар қозғалысының жалындаған жас жетекшісі Ғани асқан дарындылығы мен ұйымдастырушылық қабілетін жарқырата көрсетіп, қиын-қыстау шақта талай жастың болашағына жарқын жол сілтеді. Оған ҚРОММ қорларындағы құнды құжаттарды ғылыми айналымға қосқан Р. Сариеваның “Шығыс жастарының таңшолпаны” деген мақаласында келтірілген төмендегі деректер дәлел бола алады. Оның айтуынша Ғ. Мұратбаев 1919–1920 жылдары Түркістан республикасындағы өзбек, қырғыз, қазақ, тәжік, орыс, дұнған, т.б. ұлт өкілдерінен тұратын қаңғып жүрген 3000 баланы Ташкент қаласының көшелері мен вокзал, базарларынан күндіз-түні ерінбей, аяқтай жүріп іздеп тауып, бастарын қосып топтастырып интернаттарға орналастырған. Білімсіз, қараңғы жастарды сауат ашу, кәсіптік білім беретін мектептерге, орта, жоғары оқу орындарына қабылдатып, өмірден өз орындарын табуына мүмкіндік жасайды. Шындығында, олардың ішінен кейін мемлекет, қоғам, партия, комсомол қайраткері, ғалым, ақын, жазушы, елге танымал азамат болып өскендері аз емес. Солардың қатарында, филология ғылымының докторы Бейсенбай Кенжебаевты, ақын Асқар Тоқмағанбетовты, жазушы Өтебай Тұрманжановты, т.б. белгілі тұлғаларды ерекше айтуға болады. Сол кезде Ташкентте оқыған, не интернатта тәрбиеленгендердің бәрі-де Ғани Мұратбаевтың қамқорлығын өмір бойы естен шығармай “Біздің Ғани”,-деп мақтан тұтқан. 

Белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаев өз естелігінде: 

“Менің тағдырымда Ғани Мұратбаев шешуші рөл атқарды. 1920 жылы жазды күні мені, тағы басқа бірнеше балаларды көшеден ұстап алып, 14-ші нөмірлі балалар үйіне апарып тапсырды. Мені комсомолға қабылдады. Мен партия, кеңес мектебі жанындағы комсомол ұйымында хатшы болып жұмыс жасағанымда үнемі, ақыл-кеңес беріп отырды. 1922 жылы мені Мәскеудегі Шығыс халықтары коммунистік университетіне жіберді. Ғани мейлінше қарапайым, жайдары, адал еді. Қамқоршы, аға, талантты басшы, ұйымдастырушы еді”-деп жазды. 

Ал, А. Анисимова “Оны Ғани деп атады” дейтін естелігінде 1920 жылы Ташкент базарында Бейсенбай Кенжебаев басқарған алты баланы базардағы сатушылардан жымқырған нандары мен жемістерін өзара бөлісіп жатқанда, Ғанидың қалай ұстап алғанын, балалар үйіне қалай орналастырғанын әсерлі суреттейді. Ғанидың қамқорлығын, аялы алақанын көрген, ақын Асқар Тоқмағанбетов Ғани туралы былай сыр шертеді: 

“…Біз оның шағын кабинетіне түгел сыймадық. Қырыққа жақын орыс, қазақ, қырғыз, өзбек балалары оны қаумалап тұрып алдық… Бізді Пушкин көшесімен профшкол дейтін су мұрабтарын даярлайтын мектепке әкелді. Ғани күні бойы жүріп, бәрімізді осы мектепке орналастырды”. 

Ал қырғыздың халық ақыны Аалы Тоқамбаев: 

“… Ғани бүкіл ел сүйетін, жетімдердің қамқоры еді”, — дейді. 

1922 жылы халық ашаршылыққа, босқыншылыққа ұшырап жатқан кезде Ташкендегі интернатта оқып жатқан студенттерде не оңған қаржы болсын. Аз қаржыларын тамаққа жұмсаған. Еліне қайтуғақшалары жоқ. Ақшасызды поезға кім отырғызсын. Оның үстіне поездан орын да таба алмаған. Сондықтан, өздерінің бұрыннан қамқоршысы санап жүрген студенттер Ғаниға барған. — Сонда бізді тыңдап болып, — дейді Шақпақ Артықбаев, – Орталық Комитетінің Маев деген бөлім меңгерушісін шақырып алды да: — Менің мамыр айына тиесілі айлық ақшамды әкеп бер, — деді. Маев айтқанын орындады.

Ғани, ақшаны бізге беріп жатып: ”Өзара бөлісіп, тамақ сатып алыңдар. Ал поезға отыру жөнінде өзім сөйлесемін”, деді. Ертеңіне жолаушы поезының соңына арнаулы вагон тіркелген екен. 250-ге тарта студенттер сол вагонмен елге жүріп кеттік. Ашаршылық күндері бір ай күн көретін еңбек, ақысын беріп, өзін жастар үшін құрбандыққа шалған қандай үлкен жүрек! Адамгершілік. Қайырымдылық. Мұндай қамқорлықты ашаршылық емес, ит басына іркіт төгілген заманда да екінің бірі жасай алмайтындығы шындық. Бұл қамқорлықты кім ұмыта алады. “Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді” дегендей, таршылықта, қысылтаяңда біреу-екеу емес, 250 студентке тегін вагон алып беріп еліне жеткізіп салуға көрсетілген мұндай қамқорлықты ұмытуға, естен шығаруға бола ма?

 Сариева Р.Х. Мұрағат және тарих: (мақалалар, баяндамалар). — Алматы: “Арыс”баспасы, 2004. 178-181бб.