БІЛІМ
Фото: фотоколлаж bugin.kz / Арыстанбек Ғайнижамал
Халқымыз XIX-XX ғасырда әйел адамның тек ошақ қасында отырғанын құп көріп, білім алып, жұмыс істеуіне қарсылық танытқан. Дегенмен аты атала бермейтін небір қайсар қыздарымыз өзінің біліктілігін, таптырмас маман екенін түрлі салада көрсете білген. Сондай арулардың бірі- қазақтың тұңғыш әйел дәрігері Гүлсім Асфендиярова.
Гүлсім Асфендиярова хан-сұлтандардың отбасында дүниеге келген. Әкесі Сейітжапар Асфендиярұлы Әбілқайыр ханның ұрпақтарынан тараса, шешесі Гүландам Қошқарбайқызы Абылай ханның ұрпағы. Осындай текті әулеттен шыққан Гүлсім Асфендиярова 1880 жылы 12 қарашада Шымкент қаласында туған.
Сейітжапар мен Гүландам төрт қызын да Түркістандағы қыздарға арналған ең үздік оқу орны – Ташкент қыздар гимназиясына оқуға береді. 1899 жылы гимназияның толық курсын аяқтаған Гүлсім, бітіру куәлігін қолына алады.
Мұсылман халқының медициналық көмекке мұқтаж болғанын көрген Гүлсім Ташкентте арнайы латын тілінде дайындалып, емтихан тапсырып, Петерборға аттанады. 1900 жылы Қыздар медициналық институтына түсіп, онда 8 жыл оқиды. 1905-07 жылдардағы орыс революциясы тұсында Қыздар медициналық институты Петербордың өзге жоғары оқу орындары сияқты уақытша қызмет етуін тоқтатуға мәжбүр болып, Гүлсім институтта тиісті 7 жылдың орнына 8 жыл оқып шықты.
1900 жылы түрік мұсылман халықтарының арасынан шыққан екі қыз ғана оқуға түседі. Ол полковник Асфендияровтың қызы – Гүлсім Асфендиярова болса, екіншісі подполковник Садық Әбдірахмановтың қызы – Зейнеп Әбдірахманова. Зейнептің ұлты – татар, Гүлсімнің ұлты – қазақ.
1913 жылы 3 қыркүйекте әскери-санитарлық ведомствоның №113 бұйрығы бойынша Гүлсім Асфендиярова өз еркімен мемлекеттік қызметтен босатылады.Түркістандағы мемлекеттік қызметін тоқтатқан соң, Гүлсім Асфендиярова Хиуа қаласында жаңадан ашылған ауруханаға жұмысқа қабылданады.
Хиуа ауруханасында әйелдер бөлімі меңгерушісі міндетін атқарған Гүлсім Асфендиярова орыс дәрігері А.Анисимовпен біріге отырып, алғаш рет жүкті әйелдің жатырына ота жасап, жас ана мен нәрестенің өмірін сақтап қалған.
1913 жылдың аяғына таман Ташкент қаласының басшылығы мол тәжірибе жинақтаған әрі өз еңбегімен жергілікті халықтың көңілінен шыққан Гүлсім Асфендиярованы қалада ұйымдастырылған перзентхананың бас дәрігері қызметіне тағайындалды.
1917 жылы тамызда Түркістан өлкесі қазақтарының жиыны өтті. Халық Гүлсім Асфендиярованы Ресейде өтетін құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде сайлап, оған үлкен сенім артады.
1920 жылы 13 ақпанда Ташкент қаласының ескі бөлігінде акушерлік курстарда оқыту ісін жүргізу мәселесі бойынша арнайы кеңес шақырылып, оған Г. Асфендиярова да қатысады. Кеңестің шығарған қаулысына сәйкес Г. Асфендияроваға акушерлік курстарда әйелдердің физиологиясы бойынша дәріс оқу ісі жүктелді.
Сырдария облысы Шымкент уезінде, кейін Ферғана облысының Пап бөлімшесінде дәрігер болып істеген. Ташкентте 30 төсектік жеке аурухана ашқан. Қазақ әйелдері үшін акушерлік мектеп ұйымдастырып, сонда оқытушы болған.
Гүлсім Асфендиярованың 1920-1937 жылдардағы 17 жылдық аралық әлі зерттелген жоқ. Өкінішке қарай, Гүлсімнің қызметін ашып көрсететін құжаттар Өзбекстанның мұрағаттарында жатыр.
1924 жылы қазан-қараша айларында жүргізілген Орта Азия республикаларының ұлттық-мемлекеттік межеленуінен кейін Гүлсім Асфендиярова ұйымдастырған акушерлік мектеп 1918 жылы Ташкентте ашылған алғашқы медициналық оқу орны – Түркістан өлкесі мұсылмандарының медициналық мектебінің қарамағына өтеді. Саналы ғұмырын туған халқына қызмет етуге арнаған Гүлсім Асфендиярова 1937 жылы қайтыс болды.
Деректер Алмас Жүнісбайдың aikyn.kz сайтына берген сұхбатынан алынды
Материал авторы: Бану Әбдіғалиева