БІЛІМ

Саңырауқұлақты зерттеген тұңғыш қазақ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: bugin.kz

Микология  – саңырауқұлақтарды зерттейтін ғылым. Бұл терминді 1836 жылы Майлз Беркли есімді ағылшын ботанигі ойлап тапқан. Ал қазақтардың арасынан алғаш бұл жаратылысты зерттеген Бердіқұл Қалымбетов болды.

Бердіқұл Қалымбетов – ғалым, ботаник-миколог, фитопатолог, биология ғылымдарының докторы , профессор, Ұлы Отан Соғысының ардагері. 1920 жылы 15 наурызда Қызылорда облысында туған. Биыл ғалымның туғанына 104 жыл толады. Осыған орай тұлға жайлы қызықты фактілер топтамасын ұсынамыз.

Саңырауқұлақтардың 100 жаңа түрін анықтап, 2000-нан астам түрлерін зерттеген. Оған қоса Қазақстанның оңтүстік-шығысы, Түркіменстанның оңтүстік-батысы мен Іле Алатауындағы микрофлораны зерттеді. Қазақстанда микроскопиялық паразитті саңырауқұлақтардың биологиясын зерттеу мектебін қалыптастырған да Бердіқұл Қалымбетов болды.

Қалымбетов соғыс басталғанға дейін Қызылорда облысының фельдшерлік мектебін оқу озаты болып аяқтады. Сол себепті 16-батальонда, Украинаның 4-полкі, 128-гвардиясында 4 жыл бойы фельдшерлік қызмет атқарды.

Кейіннен 2-дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерін иеленді. Қалымбетов соғыс аяқталған соң мамандығы бойынша жұмыс істеді. Негізгі ғылыми еңбектері микология мәселелеріне, оның ішінде Қазақстан мен Түрікменстан микофлорасына арналған. Сонымен қатар  «Споралы өсімдіктер» еңбегін жазып шықты.

Бердіқұл Қалымбетов 1978 жылы, 58 жасында Алматы қаласында қаза тапты.

                                             Материал авторы: Бану Әбдіғалиева