Weekend
"Балуан Шолақ" фильмі жарыққа шығыпты. Өте қуаныштымыз және алматылық көрермен ретінде асыға күтеміз. Тарихи тұлғалар жайлы фильмдердің көптеп түсірілуі, оны қарапайым көрерменнің асыға күтуі заңды. Өйткені, олар ел жадындағы ардақты азаматтар. "Балуан Шолақты" көрген жоқпын, бірақ фильмнің жоғары деңгейде, көрермен көңілінен шығатындай шынайы түсірілгеніне сенгім келеді. Естеріңізде болса, былтыр "Әміре" фильмі жарыққа шыққан. Фильмге сол кезде әртүрлі пікірлер айтылды. Сондай қарапайым көрерменнің бірі ретінде "Әміре" фильмін мен неге қабылдай алмадым? Тарихи тұлғалар жайлы кино түсіргенде шығармашылық топтың нені ескергені жөн?
Егер, біз XIX ғасырды қазақтың дәстүрлі музыкасының өркендеу кезеңі десек, Әміре сол дәуірдегі Біржан, Ақан, Мұхиттарды таза қалпында бізге жеткізуші, кейінгі Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержановтар, Ғарифолла Құрманғалиевтардың ұстазы, ұлттық театрымыздың іргетасын қалаушылардың бірі, дүлдүл әнші. Бұл біз сенген ақиқат, біздің санамыздағы ән атасының аяулы бейнесі. Ендеше, осындай ғажап дауыс иесі жайлы көркем фильм жарыққа шықты дегенде, бәріміздің қуануымыз заңды. Және фильмдегі Әміреден Жүсіпбек Аймауытов жазған «ерке, еркін әншіні» іздеуіміз де орынды еді. Алайда, фильмдегі Әміренің (Санжар Мадиев) аузы ашылып жүрген «қазақ даласында өскен надан», «киім киісіне қарағанда жабайы» образы бұл тұжырымның бәрін терістегендей. Қарапайым көрермен ретіндегі алғашқы қарсылық та осы тұстан басталады. Голливудтық талап үдесіндегі Әміренің Лебедевке еріп, құлдыраңдай жөнелетіні, әр сюжеттегі оның бейкүнә кірпікқағысы да көрерменді өзінен алыстатып, Жүсіпбектің «Ербең құлақ, едірек, талтиған тәпек асық» Әмірқанына («Әнші» әңгімесіндегі Әміренің прототипі) жақындата береді. Өйткені, әдебиетін, мәдениетін, әнін сыйлайтын халық үшін әдемі, сұлу, жаһанданған жылтыр қазақтан гөрі едірек болса да, ербиген болса да, талтиған тәпек болса да шынайы, жасандылықтан ада қазақы қалпы жақын-тын.
Әміренің заманында өмір сүрмегеннен кейін бұндай таласты, даулы көзқарастардың болуы да заңдылық шығар. Әр көрерменнің өз көруі, өзінше қабылдап, өзінше түйсінуі бар. Фильмдегі кейбір мерзімдер мен кейбір деректердің шынайы тарихи деректермен сәйкеспеуін ( Леонид Собинов пен Жорж Тильдің Париждегі бұл әйгілі ЭКСПО көрмесіне бармағаны, Джордж Гершвинмен Әміренің кездеспеуі, Мұстафа Шоқайдың сырт келбетіндегі үйлеспеушіліктер, Ли Эбботтпен махаббаты, ешқандай тілдік кедергілердің болмауы) режиссер қиялынан туған «шешімдерге» балау көркем фильмнің тарихында, көркем фильмнің болмысында өзін өзі қаншалықты ақтайтынын білмеймін. Бірақ, тарихтағы жылдар мен кезеңдер, тұлғаларға қатысты деректер айна-қатесіз келер ұрпаққа аманатталғаны дұрыс шығар.
Біз әншіні бекзат болмысты дейміз, таза жүректі дейміз. Ең әдемі теңеу айтып, одан мінсіз ән күтеміз. Бізге өзіне сенімсіз, екі иығы салбырап залдан шығып кетіп, домбырасын қайта құшақтап келетін Әміреден гөрі Жүсіпбек Аймауытовтың Әмірқанындай: «...Сұңқылдаған көмейі Сыбызғының үніндей; Ескектеген толқыны «Бозайғырдың» күйіндей; Аспандап соққан айғайы Алтайдың асқар тауындай; Желпілдеткен түндікті Күздігүнгі дауылдай»-делінетін әнші керек-ті. Ал, сіз фильмді көрген болсаңыз, онда орындалатын 4 ән – «Балқадиша», Үш дос», «Дударай», «Бес қарагерді» тыңдап отырып, осындай көңіл күйді байқадыңыз ба?!..
Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші» әңгімесі рас, көркем шығарма. Бірақ сол көркем шығарманы жазған адам тума таланттың замандасы, көзкөргені ғой. Ахмет Жұбановтың, Мұхтар Әуезов пен Жұмат Шаниннің да жазған Әміресі бәрібір бүгежек емес еді.
«Әміре» көркем фильм. Мұнда режиссер қиялына көп еркіндік беріледі. Бірақ, әдебиеттегі де, кинодағы да көркем туынды, демек, ондағы образ біреу – Әміре! Меніңше, мұндағы мәселе, тарихи тұлғаны кімнің қалай көргісі келетінінде ғана сияқты...
Бәлкім, Әміре жайлы фильмдер көп болса көрермен бұл фильмді қатардағы, кезекті бір кино ретінде қабылдар ма еді. Бірақ бұл фильм халықтың айтулы әншісі жайлы салиқалы да салмақты туындыға сусап отырған шағында шықты. Әншінің бақытты сәтін, жеңісті сәтін көрсеткісі келген кинотүсірушілер қазақтың жүрегіндегі әні де, жаны да терең Әміресін тап басып таба алмаған секілді. Жарқын сәт тек әдемі костюмдер мен сән салтанатты Париж емес.
"Балуан Шолақты" түсірген топ "біз оның балуандығын, ақындығын, әншілігін ғана көрсетуді мақсат тұтпадық, оның елін, жерін шексіз сүйетін патриот болғанын да көрсетуге тырыстық"-дейді. Тарихи тұлғаның бұл мақсат үддесінен қалай шыққаны туралы әңгімені көргеннен кейін жазайық.
(Сурет еркін интернет көздерінен алынды)