МӘДЕНИЕТ

18 наурыз – ұлттық киім күні. Қазақ халқы киімдерінің атауы қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Поляков И.С. Семей облысындағы дәстүрлі киімдегі отбасы. Қазақстан, Семей облысы. 1879

Бүгін,  18 наурыз – ұлттық киім күні. Қазақ халқы күнделікті өмірде жайлы әрі сәнді киінгенді жөн көрген. Ұлттық киімдеріміздің материалы мен безендірілуі – биік талғамның көрінісі. Этнограф З.Сәнік өз еңбектерінде қазақ киімдерінің арғы тегі сонау сақ, үйсін, ғұн, қаңлы, түркі дәуірлерінен басталатынын айтады. Ұлттық киімдеріміздің атауы туралы Bugin.kz тілшісі  ақпарат береді.

Киім – адам киетін, денесін ыстық, суықтан қорғайтын бұйым.

Тымақ – аң, мал терісінен жасалған қыстық бас киім.

Бөрік – жиегіне аң терісін салған, төбесіне үкі қадалған, сырты әшекейленген, ерлер де, қыздар мен жас келіншектер де киетін бас киім.

Бөкебай – түбіттен тоқылған әйелдердің бас киімі.

Тақия – қыздардың үкілеген, әсем зергерлік бұйымдар тағылған бас киімі.

Қасаба – қымбат матадан тігілетін қыздардың бас киімі.

Қалпақ – ер адамдардың бас киімі.

Төбетей – төбеге киетін жаздық шағын бас киім.

Құлақшын (малақай) – қыстық бас киім.

Жалбағай – малшылардың жаздық бас киімі.

Сәукеле – ұзатылатын қыздардың қымбат бас киімі.

Сәлде – молдалардың орап киетін бас киімі.

Желек – сәукеленің немесе қыздар бас киімінің желке тұсынан төгіліп тұратын жібек мата.

Жыға – мойынға су кетпеу үшін дулығаның немесе бас киімнің желке тұсынан тағылған қалың мата.

Күләпара – су немесе қар түспес үшін бас киімнің сыртынан қаптай киетін, брезеттен тігілген бас киім.

Күндік – егде әйелдер басына орай тартатын жаулықтың бір түрі.

Жаулық – тұрмыстағы әйелдердің тартатын бас киімі.

Кимешек – әжелердің тек беті ашық, басын, иығын жауып тұратын бас киімі.

Шалма – түбіттен тоқылған ерлердің мойынорағышы.

Шәлі (салы) – әйелдердің басқа тартатын шашақты, сәндік орамалы.

Жейде – іштен киетін ерлер киімі.

Көйлек – әйел киімі.

Киіт (кәде) – құдалыққа ұсынатын киім, бұйым.

Күрте – ерлердің жейде сыртынан киетін жұқа киімі.

Кеудеше – жылылық үшін кеудеге киетін жеңсіз киім.

Бешпент -  ерлердің жазда киетін сырт киімі.

Шапан – тізеден төмен түсетін қалың сырт киім. Түрлері: қаптал шапан, қималы шапан, сырмалы шапан.

Қамзол – әйелдердің көйлек сыртынан киетін киімі.

Шекпен – су өтпес үшін киетін сырт киім. Ең бағалысы түйе жүнінен тігіледі.

Жақы (құлын жақы, тай жақы) – жылқы терісін жүнін сыртына қаратып тігетін кәдлі киім.

Жадағай – түйе жүнінен тоқылған астарсыз шапан.

Тон – аң, мал, қой терілерінен тігілетін жылы киімдер. Түрлері: қырмызы тон, қамқа тон т.б.

Тұлып – қасқыр, қой терісінен тігілген, қыста тоңбас үшін киім сыртынан киетін кең киім.

Ішік – аң терілерінен тігілген, қыста киетін сәнді киім. Түрлері: қасқыр ішік, бота ішік, түлкі ішік, жанат ішік, күзен ішік, құндыз ішік, қоян ішік, қарсақ ішік, бұлғын ішік.

Күпі – ішіне жабағы жүн салып сырыған шапан түрі.

Кебенек – жауынды, боранды күні киім сыртынан киетін су өтпейтін киім.

Белдемше – үй шаруасында пайдаланатын белден байланатын алжапқыш.

Белбеу – киім сыртынан буылатын, былғарыдан, матадан жасалатын бұйым.

Шалбар – ерлердің балақты бұт киімі.

Дамбал – ұзын балақты іш киім.

Лыпа – балақсыз іш киім.

Жарғақ шалбар – тықыр теріден тігілген шалбар.

Тері шалбар – жүнін ішіне қаратып тігілген қыста киетін шалбар.

Иткөйлек – жаңа туған нәрестеге кигізетін жөрмеп тікке көйлекше.

Етік – былғарыдан тігілетін қонышы ұзын аяқ киім.

Саптама етік – байпақ салып киетін қысқы етік.

Байпақ – етік ішінен киетін киізден тігілген аяқ киім.

Жым етік – өкшесі аласа қисық табан етік.

Шоңқайма етік – еркекке де, әйелге де арналған биік өкшелі, түрлі түсті жіппен әдіптелген сәнді етік.

Ұлтарма – жұмысқа киетін оңай тігілетін етік түрі.

Кебіс – былғарыдан қонышсыз тігілетін аяқ киім.

Мәсі – кебіспен киетін қонышты, өкшесіз аяқ киім.

Шоқай етік – жұмысқа киетін аяқ киім.

Ұлтарақ – аяқ киім ішіне жылылық үшін салынатын киіз.

Шұлық – жалаң аяққа киетін жүннен тоқылатын киім.

Шәрке – жазда киетін жұқа аяқ киім.

Сандал – үсті ашық жаздық аяқ киім.

Шұлғау – етік, мәсі ішінен аяққа орайтын жұмсақ мата.

Пима – жүннен басылған жылы, қыстық аяқ киім.

Қолғап – қыста немесе жұмыс жасағанда киетін киім.

Түйме – киім өңірін қаусырынғанда бекітетін бұйым.

Құрысқақ – тымақ желкесін төбесіне іліп бекітетін ағаш тиек.

Дереккөз: bilim-all.kz