ДАМУ

Париж Олимпиадасы – 2024: Қазақстан алтын ала ма?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz/Айгерім Әділханова

Қазақстан Токио олимпиадасына спорттың 27 түрінен 96 жолдама иеленіп қатысқан еді. Қазақстанның атынан додаға қосылған 95 спортшы 8 қола еншіледі. Қазақстан тәуелсіздік алғалы тұңғыш рет Олимпиада жеңімпаздары кестесінде үздік 40 елдің қатарынан көрінбеді. Қазақстан 2024 жылы өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында қандай нәтижеден үмітті? Бұл туралы Bugin.kz тілшісі спорт сарапшысы, комментатор Рауан Оқаспен әңгімелесті.

Токио Олимпиадасында Қазақстан бағдарламаға жаңадан енген каратэден 2 медаль еншіледі. Алдыңғы 3 олимпиадасында да жүлде алған Рыпакова төртінші Олимпиадасынан құр қол қайтты. Бокстан Қазақстан алтын алмады. Қазақ спорты үшін Токио Олимпиадасы құлдырау болып қатталды. 1996 жылдан бері Олимпиадаға қатысқан Қазақстан құрамасы ешқашан алтынсыз қайтпаған. Токио алтынсыз Олимпиада ретінде есте қалды. Ендігі Олимпиадада Қазақстанның аяқ алысы қалай болуы мүмкін?

Рауан Оқастың жеке мұрағатынан

Рауан Оқастың жеке мұрағатынан

– Парижде Қазақстан құрамасы алтын ала ала ма?

–Қазақстан соңғы Токиода өткен Олимпиадада алтын тұрмақ, күміс ала аламады. Сондықтан бұған жауап беру өте қиын. Алтын алуымыз екі талай. Бокстан бір алтын күтуге болады.

– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстан спорты Өзбекстаннан көш ілгері еді. Неліктен біз көп қаржы бөлгенімізбен, Өзбекстан алға шығып кетті? Бұл жерде қандай фактор әсер етуі мүмкін?

– Иә, Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан спорты көш ілгері болды деп айтамыз. Бірақ біз ол кезде көбіне лигионерлерге де үміт арттық. Өзбекстан да қазір спортына қыруар қаржы мен көңіл бөліп жатыр. Сондықтан болар, көп күттірмей керемет нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Күрес түрлері, бокс, ауыр атлетика, дзюдодан Өзбекстан жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.

– Головкинді Олимпиадаға аз уақыт қалғанда басшы етіп тағайындау нені өзгерте алады? Сіз бұл шешімнен не күтесіз?

– Жалпы мен Головкинді бұл лауазымға тағайындауды құптаймын. Өйткені ол – спорт әлемінде өзіндік орны бар тұлға. Головкинде шетелдік көзқарас бар. Қазақстанда туып-өсті. Одан бөлек, осы спорттың ішінде қайнады. Сондықтан Головкиннің Олимпиада комитетіне келгені – қуантарлық жайт. Оған дейін ұзақ уақыт бір адам басқарды. Негізі, бір адамның ұзақ бір орында отырғанын құптамаймын. Головкиннің келгені дұрыс болды.

Головкин аз уақыт қалғанда нені өзгерте алады? Аса ештеңе өзгерте қоймас. Өйткені дүбірлі додаға 3-4 ай ғана қалды. Парижде аса бір ештеңе өзгермегенімен, оның нәтижесі келесі Олимпиадада көрінеді. Геннадий Головкин қазірдің өзінде мықты мамандарды айналасына жинап жатыр. Жеке pr менеджері Жанар Өтешованың бас хатшы болуы да – өзгеріс. Ол – қазақ спортын ішінен білетін маман. Осы жұп мықты қызмет атқарады деген сенімдемін. Серік Сәпиев, Дмитрий Баландиндерді қасына алды. Головкиннің атақ-даңқы да мықты. Олимпиадада бокстан жақсы бір нәтижеге жетіп қалатын шығармыз. Спортшымыздың беделі кейбір нәрселерге көмектесуі мүмкін.

–Қазақстан ауыратлеттері допинг дауынан кейін тоқырауға ұшырады. Ауыратлеттердің жұлдызы сөнді ме, жоқ жастар арасында чемпиондыққа потенциалы жететін үміткерлер бар ма?

– Қазақстан ауыратлеттері допинг дауынан кейін тоқырауға ұшырағаны рас. Жалпы бұл тек қана Қазақстанда емес, бірқатар мемлекетте болған жағдай. Негізі ауыратлеттердің көбі допингке тәуелді. Көптеген дәрі-дәрмек қолданады. Соның ішінде допинг болуы да ықтимал. Бұл даулар бар, болған, бола да бермек. Біздің ауаратлеттерімізде қатты бір жұлдызды кезең болды. Тұғырдан тұғырға шығып, керемет эмоцияға толы сәттерді бастан кештік. Осындай жағдайға тап болғанымыз, өкінішті, әрине. Илья Ильиндерден кейінгі жағдайдан сабақ алмадық. Кейін Ниджат Рахимовтан да допинг шықты. Ол да Олимпиада медалінен айырылып жатыр. Өкінішті, шыны керек... Ауыратлеттердің қола алуға мүмкіндігі бар шығар. Қоладан үміт күтуге болады. Әзірге кім барары белгісіз.