БІЛІМ
Фото: e-history.kz
Бүгін, 20 наурыз – мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің дүниеге келген күні. Тәшенов қазақ халқының тағдырын өзгертетін шешімдерге үлес қосуымен тарихта атын қалдырды. Bugin.kz тілшісі Тәшеновтің тарихи шешімдерін назарларыңызға ұсынады.
Тарихшы Радик Темірғалиев Тәшеновтің тұлғасы туралы:
“Тәшенов ұлттық интеллигенция арасында айтарлықтай беделге ие еді. Біріншіден, ол қазақ тілінде жетік сөйлеген. Барлық жиын, жиналыстарды қазақ тілінде өткізетін. Көптеген ұлттық интеллигенция өкілдерімен тығыз араласатын. Оның біреулерге пәтер бергені, жұмыспен көмектескені, ұлттық интеллигенцияға қорған болғаны жайлы естеліктер көп”,-деп айтады.
Солтүстік облыстарды тың өлкесіне қосуға қарсы шыққан
Жұмабек Тәшеновтің ұлы Саян Тәшенов әкесінің бастан өткерген оқиғасын былайша еске алады:
"Хрущев, Қонаев пен облыстық комитет хатшыларымен ақылдасып, әкеме осы бес облыстың Қазақ ССР-нен бөлініп, тың өлкесіне қосуға барлығы келіскенін айтқан. Әкем бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы екенін айтқан. Біріншіден, ата-бабасының ол жерде жерленгенінен бөлек, жерді онда өмір сүріп жатқандардың келісімінсіз беруге болмайды. Екіншіден, бұл Кеңес Одағы конституциясына қайшы, онда "одақтағы республикалар шекарасын бұзуға ешкімнің құқығы жоқ" делінген. Хрущев ашуға мініп, айғайлап, әкемді "ұлтшыл" деп айыптаған. Әкеме көзін құртатынын айтып қорқытады".
Осыдан соң Тәшенов қызметінен босап, бәрінен айырылады.
Маңғыстаудың Түрікменстанға берілуіне қарсы шыққан
1961 жылы Хрущев жаңа әкімшілік-территориялдық ұйымдастырып, оның жоспары бойынша оңтүстік өңірлерден бөлек, Маңғыстау облысы Түрікменстанға берілетін еді. Осылайша Қазақстаннан ештеңе қалмайтындай болды. Тәшенов осы шешімдердің барлығына ашық қарсы шықты. Ол КСРО-ның Конституциясына шағымданады. Осылайша Хрущев пен одақтың шешімдерінің дұрыс емесін дәлелдеді. Бұл Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтап қалуға көмектесті. Мұндай әрекет Тәшеновке өте қымбатқа түсіп, оны Шымкентке жұмысқа жібереді. Онда ол зейнетке шыққанша жұмыс істеді.
Тәшенов Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға да қарсылық білдірді. Ол шығармашылық одақтар өкілдеріне пәтер бергені үшін Алматының ортасында "қазақ ауылын" құрды деп айыпталды. "Қазақ әдебиеті" газетін жабудан, "Социалистік Қазақстан" газетін "Казправданың" аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. "Ұлтшыл" деп айыпталып, Никита Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды.
Басшылықта болған 6 жылында Қазақстанның экономикасы мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан
Экономист, профессор Ғарай Сағымбаевтың Жұмабек Тәшенов республика басшылығында болған 6 жылда Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті қарыштап алға басқанын төмендегідей деректер арқылы көрсетеді: электр энергиясы қуатын өндіру – 2 есе, мұнай өндіру – 1,6 есе, көмір өндіру – 2 есе, цемент шығару – 15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыш өндіру – 2 есе, аяқ киім тігу – 4 есе, ет өндіру – 2 есе, қант өндіру – 1,5 есе, мал майын шығару – 1,4 есе, өсімдік майын шығару – 2 есе өскен. Егіс көлемі – 6 миллионнан 22 миллион гектарға, ірі қара мал саны – 5,5 миллион, қой мен ешкі – 28,5 миллион басқа дейін өсті. Халық шаруашылығында 125 мың жоғары білімді, 215 мың орта білімді мамандар қызмет етті. Бес жылда 690 мың пәтер салынып, 2,4 мың кәсіпорындар мен мекемелер іске қосылады. 6140 кітапхана, 5140 клуб, 4777 киноқондырғылар, 25 музей, 19 облыстық театрлар жұмыс істеп тұрды. Сөйтіп, халықтың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс мәдениеті айтарлықтай жақсарды.