Bugin
Фото: Verywell Mind / Getty Images
Қаласақ та, қаламасақ та отбасында нешінші болып дүниеге келгеніміз біздің болмысымыздан көрінеді. Ғылыми тұжырымдарға сүйенсек, отбасыда қанша бала болатынына көп нәрсе байланысты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі www.verywellmind.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Отбасылық қарым-қатынас және тұлға
ХХ ғасыр басында австриялық психиатр Альфред Адлер отбасындағы туу тәртібі жеке тұлғаға маңызды әсер етуі мүмкін деп пікір білдірді. Оның туу реті теориясы отбасындағы әрбір баланың қайталанбас ерекшеліктері мен психологиялық дамуына бағытталған.
Адлер теориясы бойынша бірінші балалар жауапкершілікті терең сезінеді, ал ортаншы балалар зейінді болады. Кіші балалар, керісінше, шытырманға бейім және ережелерді бұзатын тұлға болады.
Альфред Адлер “отбасылық шоқжұлдыз” ұғымын да енгізді. Бұл теория отбасы мүшелері арасындағы динамикалық қарым-қатынастардың әрбір мүшенің жеке дамуына қалай әсер ететінін зерттейді.
Алғашқы балалар
Тұңғыштар әдетте көшбасшы, жақсы оқитын, жауапты болып келеді.
Адлердің туу тәртібі теориясына сәйкес, ата-аналар бірінші балаларына көбірек көңіл бөледі. Ал жас ата-аналар, керісінше, бала тәрбиесін әлі де үйреніп жатыр. Сондықтан олар қатал, сақ, кейде тіпті ашушаң болуы мүмкін. Бұл балаға кері әсер етеді.
Сан-Францискода тұратын терапевт Авигаил Лев: "Тұңғыш балалар жынысына қарамастан, өмірлерінің бір кезеңінде бауырлары дүниеге келіп, назардан тыс қалғандықтан, бойын қызғаныш кернейді. Бұл олардың табысқа жету мүмкіндігін арттырады",- дейді.
Өзінен кейін бауырлары пайда болған кезде бірінші балаларға берілген барлық назар күрт өзгереді. Сондай-ақ кейінгі балаларға үлгі болатын үлкен баладан ата-ана көп үміт күтеді. Тұңғыштар мейірімді және жауапты, өйткені олар көбінесе бауырларына көмектеседі.
Мұндай қасиеттердің қалыптасуына тек туу реті ғана емес, ата-ананың балаға деген көзқарасы, бауырларымен қарым-қатынасы да әсер етеді.
Ортаншы балалар
Адлердің пікірінше, ортаншы балалар отбасының бітімгері болуы мүмкін. Өйткені олар көбінесе үлкендер мен кіші балалар арасындағы кикілжіңдерді шешеді. Ортаншы балаларға отбасындағы аға-әпкелерінен аз көңіл бөлетіндіктен, әлеуметтік өмірде көзге түсуге тырысады.
Орташа балалар тәуелсіз, бітімгер, көңіл көтеруші, ақкөңіл, икемді, зейінді, қызғаншақтау, бәсекеге қабілетті болады.
Кенжелер
Әр отбасының кенжесі қаншаға толса да, “отбасының сәбиі” болып қала береді. Оларды бауырларына қарағанда көбірек еркелетіп, жақсырақ қарайды деп есептейді. Кенже балада ата-аналар тәжірибелі болады және оларды тәрбиелеуде салыстырмалы түрде жұмсақ болады.
Кенжелер ашық-жарқын, көңілді, өзімшіл, манипуляцияға бейім, тәуекелшіл болады.
Адлердің теориясына сәйкес, кіші балалар ашық және тартымды болады. Бірақ олар жаңа нәрселерді үйренуге көбірек еркіндік берілгеніне қарамастан, бауырларының көлеңкесінде қалғандай сезінеді. Бұл “кіші балалар синдромы” деп аталады.
Жалғыз балалар
Бір үйдің жалғыз баласы ғана ешқашан қолындағысын басқалармен бөліскісі келмейді. Олар үнемі назарда жүреді. Көп жағдайда жалғыз балалардың қасиеті бірінші дүниеге келген баланың сипаттамаларына ұқсас келеді.
Олар ересек, еңбекқор, перфекционист, ойшыл, сенімді, эмоцияға бай болады.
Әрине, отбасында дүниеге келген бала саны ғана адамның өсіп-жетілуіне жүз пайыз әсер етпейді. Тұлғаның қалыптасуында отбасылық орта, генетика, баланың темпераменті және әлеуметтік-экономикалық жағдайы да маңызды рөл атқарады.