Weekend
ХХ ғасырдағы ең атақты кеме апаты
1912 жылдың сәуір айының 14 жұлдызынан 15-не қараған түні, Атлант мұхитының суларында, айсбергпен соқтығысу нәтижесінде ішінде 2223 адамы бар «Титаник» лайнері суға кеткен болатын.
«Титаник» – ХХ ғасырдың ең үлкен жолаушылар кемесі. «Уайт Стар Лайн» британдық компаниясының тапсырысымен құрастырылған үш алып кеменің бірі. Қалған екі лайнер – «Олимпик» және «Британник» деп аталған.
«Титаниктің» ұзындығы – 269 метр, ені – 28 метр, су сыйымдылығы – 52 мың тонна болатын. Двигательдерінің қозғалтқыш қуаты – 54 мың ат күшіне тең болған. Кеменің жүруі үшін, күніне – 825 мың тонна көмір жағылған. Максимальды жылдамдығы – сағатына 42 километр. Кейбір журналистер оны қалалық үш кварталдың ұзындығына, биіктігін 11 қабатты үйге теңеген.
Кемеде – 3 камбуз (ас үйі), 4 ресторан, 2 кітапхана, 2 шаштараз, 840 каюта (жеке бөлмелер, жатын орындары) болған.
Қауіпсіздікті сақтау мақсатында, кеменің екі түбі болған. Оның корпусы16 суөткізбейтін бөліктен тұрған.
Бірінші және ақырғы сапары
«Титаник» 1911 жылдың 31 мамырында суға жіберіліп, 1912 жылдың 2 сәуірі күні жүріс сынағын сәтті аяқтаған болатын.1912 жылдың 10 сәуір күні ол Саутгемптоннан Нью-Йоркке аттанады.
Лайнердің капитаны болып–Эдвард Джон Смит тағайындалған болатын. Оның қарамағындағы экипажда 908 адам болған. Жолаушылар саны – 1324. Барлығы – 2223адам.
Сапардың алғашқы төрт күні күн ашық, мұхит тыныш болған.
1912 жылдың 14 сәуірінде бірнеше кемелерден жолда кездескен айсбергтер (мұхиттарда қалқып жүретін мұзды таулар) туралы хабарламалар келген. Бір мәліметтер бойынша, сол күні кеменің рациясы дұрыс істемеген, сол себепті көптеген хабарламалар қабылданбаған. Өзге мәліметтерге сүйенсек, кеме экипажы бұл хабарламалардың кейбіреуін ғана капитанға жеткізген.
Түнгі 23 сағат 40 минутта «Титаник» айсбергке соғылады. Айсберг 16 су өткізбейтін бөлігінің алтауын тесіп өтеді.
Лайнердің суға кететіні белгілі болғанда, капитан Смит құтқару жеңіл қайықтарын суға түсіріп, экипаж мүшелері мен жолаушыларды жинауды бұйырады.
Сондай-ақ, капитанның бұйрығы бойынша, радистер апат сигналдарын тарата бастайды. Бұл сигналдарды бірнеше кеме қабылдағанымен, олар тым ұзақта еді.
Капитан құтқаруды өзінің көмекшілері Уильям Мердок пен Чарльз Лайтоллерге тапсырған болатын. Мердок кеменің оң жақ бүйірінен, Чарльз Лайтоллер сол жақтан құтқаруды басқару керек еді. Капитан құтқару жеңіл қайықтарына ең алдымен әйелдер мен балаларды отырғызу жүргізілсін деген бұйрық береді.
Лайтоллер қайықтарға әйелдер мен балаларды отырғызып, көптеген орындар бос қалады. Мердок болса, күтіп тұрған әйелдер мен балалар болмаған жағдайда еркектерді де отырғыза бастайды.
Түнгі 02:20-да «Титаник» толығымен суға кетеді.
Сағат таңғы 04:00 кезінде, «Карпатия» атты кеме оқиға орнына келіп,706 адамды құтқарады. Оның ішінде 492 жолаушы, 214 экипаж қызметшісі тірі қалған. Кейбір мәліметтер бойынша, құтқарылғандар саны – 712 адам.
37% – тірі қалған жолаушылардың пайызы.
Соның ішінде:
61% – бірінші класс жолаушылары.
42% – екінші класс жолаушылары.
24% – үшінші класс жолаушылары.
«Титаник» апатынан құтқарылғандардың арасында ең соңғы болып Элизабет Глэдис Миллвина Дин 2009 жылдың 31 мамырында қайтыс болады. Ол 97 жасқа дейін өмір сүрген. Ең қызығы ол «Титаникте» болған ең кішкентай жолаушы ретінде тіркелген.