Weekend
Не көрдім? Не түйдім?
Қазжол қонақ үйінде 13-сәуір күні Қазақ журналистері клубының ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті. Мақсаты қазақ тілді журналистерді өз құқығын қорғауға шақыру болды. Олар бір күндік семинар арқылы журналистерге не бере алды?
Бір күндік семинар екі бөлімнен құрастырылды. Түске дейін ұйымдастырушылар тарапынан спикерлер сөйлесе, түстен кейін кері байланыс болып, қатысушылар алған ақпараттарымен бөлісті. Маржан Аспандиярова мен Инга Иманбай жас журналистерге лекция оқыды. Журналист Жанболат Мамай қатысушылардың құрамында болды. Заңгер Аспандиярова Қазақстандағы БАҚ туралы заң тұрғысынан толықтай ақпарат берсе, журналист Инга Иманбай халықаралық адвокация жайында сөз қозғады. Маржан Аспандиярова «Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң», «ҚР Әділет министрлігі» ұсынған заңдармен қалай дұрыс, ұтымды жұмыс істеу керектігін түсіндірді. Бір сөзінде жас журналистерге қылмыстық терминологияны дұрыс пайдалану керек деп кеңес айтты. Журналистер кез келген әрекетті екі жақтың келісімімен жасауы керек деген қорытынды шығарды. Инга Иманбай халықаралық адвокация туралы айтқанда, егер журналист ұсынып отқан проблема мемлекетте шешілмесе, БҰҰ-ның көмегіне жүгінуімізге болатынын ескертті.
Шетелде кез келген адамға көмек қолын созатын, яғни адамның құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар да бар екен. Олардың қатарына: ifex, Human Rights Watch, Commitittee to Protect Journalists, Article 19, Freedom House, Amnesty international ұйымдары кіреді. Осылайша спикерлер ақпарат беріп жатқанда, түскі астың да уақыты болған еді. Үш жұлдызды қонақ үй болғаннан соң түскі ас, кофе брейк барлығы да ерекше болды. Жастарға ақпарат алуға, білім алуға қарағанда, қонақ үйдің іші, сырты мен атмосферасын сезіну қызық болған секілді. Бір сағатқа созылған түскі астан кейін семинардың екінші бөлімі кері байланыс басталды.
Түскі асқа дейін ұйымдастырушылар қатысушыларды екі топқа бөліп, оларға тапсырма берген еді. Бірінші топқа «Азаттық радиосының» журналисі Светлана Глушкованың, екінші топқа «КТК» каналының журналисі Айзаттың орнында болғанда не істер едіңдер? – деп журналистерді біраз ойландырды. Екі топ та өздеріне берілген тапсырманы орындап, ұйымдастырушылардың көңілінен шықты. Кері байланыс ұзақ уақытқа ұзарды. Одан кейін кофе-брейкке кезек келді. Соңғы бір сағатта ұйымдастыру алқасы күн қорытындысын айтса, қатысушылар сол семинардан алған әсерлерімен бөлісті.
Бір күндік семинар қатысушы журналистердің көңілінен шығыпты. Олар өздерінің білім көкжиектерінің кеңейгенін айтпаса да, өздері түсінді. Бұл семинар – қазақ журналистері клубының заңды түрде өткізіп жатқан алғашқы семинары. Олардың қарқыны қарымды. Әлі де семинарлардың болатынына уәде берді. Олар тек Алматыда ғана емес, алдағы уақытта Қазақстанның басқа да қалаларына барамыз деп жоспарлауда. Семинар аяқталды. Бір күнде орын алған оқиғалар біршама ой салды.