МӘДЕНИЕТ
Фото: Bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек
Бүгін Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Сазгер, композитор 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысында өмірге келген. 500-ден астам музыкалық төл туындының авторы ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера мен балет те жазған. Bugin.kz тілшісі Нұрғиса Тілендиев туралы деректер топтамасын ұсынады.
Атақты сазгер Нұрғиса Тілендиев домбыраны бес жасында әкесінен үйренген. Кішкентай баланың музыкалық білім алуына қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор Ахмет Жұбанов себепкер болған. Тілендиевтің ауылына пойызбен барған Ахмет Жұбанов там үстінде домбыра тартып отырған баланы байқап қалған. Кейін ғалым баланың анасына оны музыкаға баулу керегін айтқан. Нұрғиса Тілендиев ұстазы Ахмет Жұбановпен жолығып, музыка мектебінде, кейін консерваторияда білім алады.
Нұрғиса Тілендиев тек музыкамен әуестенбеген. Ол домбырамен қатар бокс қолғаптарын да жанына серік еткен. Алайда, ұстазы Ахмет Жұбанов: "Не бокс, не музыка!"-деп шарт қойған көрінеді. Консерваторияда білім алып жүрген кезде Нұрғиса күй саңлағы Дина Нұрпейісовадан тәлім алып, бірнеше күйді үйренген.
Сазгер Нұрғиса Тілендиев шабыты келгенде күн мен түнге қарамастан ән жазатын. Кейіннен сазгер ақын Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әліге хабарласып, әуенге мәтін жазып беруін сұрайтын болған.
"Дариға, домбырамды берші маған" деп жырлағанда композитор мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевпен бірге отырып талай әндерді жазған. Күні бүгінге дейін көптің аузынан түспейтін "Есіңе мені алғайсың", "Саржайлау", "Кел, еркем, Алатауыңа", "Мен сендерді іздеймін" сынды бірнеше әндер жарық көрген.
Нұрғиса Тілендиевтің "Аққу" күйі кеңінен таралған. Домбыраны сөйлеткен шебердің туындысы атақты "Қыз Жібек" фильмінде де аққуларды билетіп жібергені айтылады. Фильмде қос ғашықтың бейнесін әдемі аққулармен бейнелеген. Алайда құстар бірге айдында жүзудің орнына екі жаққа кете берген. Осы кезде фильм режиссері Сұлтан Қожықов пен сазгер Нұрғиса Тілендиев ақылдасып, "Аққу" күйін ойнатқан. Күйді естігенде қос аққу бастарын түйістіріп, бірге билей жөнелген.
Нұрғиса Тілендиев Ұлы Отан соғысына аттанған. 1945 жылдың 9 мамырына дейін сазгер Курск шайқасынан бастап Берлинді алғанға дейін соғыста болып, бірнеше рет жараланған. Соғыс біткеннен кейін Нұрғиса Тілендиев "Ерлігі үшін!", "Берлинді алғаны үшін!" және "Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін" медальдерімен марапатталған.