ҚОҒАМ
Фото: Қобда ауданы әкімдігінің инстаграм парақшасындағы видеодан скриншот
Ақтөбе облысындағы Қобда ауданын биыл тағы су басты. Былтыр да су басқан. Бұл жолы су көлемі жоғары болды. Басқа аумақтарға қарағанда сақтану шарасы жоғары болуға тиіс аумақ Қобда болатын. Тосқауыл қойылса да, тасқын дамбаны бұза-жарып, ауыл-аймаққа зардап келтірген. Bugin.kz тілшісі аймақ тұрғындарымен байланысқа шығып, қазіргі жағдайлары туралы сұрап білді.
Нұрбол, Қобда ауданы, Қобда ауылының тұрғыны: Бір ауылдан 250-ден аса үй суға кетті
Бұл табиғи апат қой. Апат болатынын ешкім білген жоқ. Биылғы қар суының биіктігі бір жарым метрге дейін жоғары болды. Аудан әкімі — Ізгілік Досмұратұлы, осы жердің тумасы, өзіміз сайлап алдық. Барлық жайттың басы-қасында жүріп, шаруа атқарды.
Өткен жылы да су тасқыны болды. Бірақ былтыр дамбалар болмады. Қобданы айналдырып салынған еді. Тасқын дамбаны бұзып тұрып ауылға кіріп кетті. Әкім жағдай мәз емес екенін ескертті. Эвакуацияландық. Төтенше жағдайлар департаменті көмектесті. Су басып жатқанда қаншама заттарымызды аман-есен алып қалдық. Кеше 28-і күні түнде сағат 3:30-да Төтенше жағдайлар вице-министрі келді. Үйлерді көрді. Штаб құрып, жұмыс істеді. Табиғи апат қой бұл. Келесі жылы енді тосқауылды биіктетіп жасайды деп ойлаймын.
Биыл бұзылған дамбамыз 1,5-2 метр биіктікте еді. Ендігі тосқауыл одан биік әрі шеткерек салынуы керек деп ойлаймын. Биыл өзен ағысы кері теуіп кетті. Ондай жағдай болмас үшін шлюз керек. Бізге Шалқар су қоймасы сияқты қойма керек шығар. Басшылар өзі шешім қабылдар деп ойлаймын. Әр қателіктен сабақ алу керек. Техникаларымды биік орындықтың үстіне қойып, сақтап қалдым. Үйге су кірді. Бірақ техникаларымның биіктігіне жеткен жоқ. Тек жиһаздар суға ісініп кетті. Бүгіннен бастап (01.04 - ред.) құжат қабылдап жатыр. Материалдық шығындарымызды сурет дәлелдермен көрсеттік. Өтеледі деп айтты. Қазір туысымыздың үйіндеміз.
Үйімнің линолеумын көтеріп, еденді кептіруге барынша тырысып бағудамын. Қорам мен гаражым құлады. Енді бағалаушы келіп, шығындарды айтуы керек. Күндіз есік-терезенің бәрін ашып қойып жүрмін. Әзірге тұруға жарамды-жарамсыз екені белгісіз. Бағалаушылар тексерер. Мен ішке кіріп жатқан жоқпын. "Жарайды" деп бағаласа, барып тұрамыз. Жарамаса, өтемақы берер. Көре жатармыз.
Былтыр 97 үй суға кетті. Үкімет 40-тан аса адамға үйді қайта салып берді. Қалғандарына өтемақы түгелдей берілді. Биыл Қобда ауылының өзінен 250-ден аса үй суға кетті. Оның бәрі енді бағаланады. Аудан деңгейінде одан көп болар, бәлкім.
Әуелі бала-шағаны эвакуацияладық. Барлығымыз келісіп, малды жинап, бәрін қосып, колледжден берген орынға малды жайғастырдық. Шөппен өздері қамтамасыз етті. Төрт күннен соң малымызды алып қайттық. Халық болған соң, барлығы бір-біріне түсінікпен қарады. Ақтөбе қаласынан еріктілер келіп, 2 күн бойы тіршілікке қажетті заттар берілді. Азық-түлік, гигиеналық заттар, киім-кешек, бәрін берді. Меценаттар ойыншық таратты. Іскер әйелдер ұйымы да көмек берді. Ешқандай айқау-шу болмады.
Біздің ауылға Маңғыстау, Ақтаудан төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері келді. Олар салқын суда жүріп, балаларды, үлкендерді, мал-жануарларды эвакуациялауға көмектесті. Олар мектебіміздің астындағы суды тазалауға қолғабыс жасады. Бүгін олар қайтады. Нағыз жігіттер. Еріктілер де тәртіптің сақталуын қадағалады. Такси қызметтерінің азаматтарына да алғыс білдіреміз. Апат кезінде халықпен бірге болды.
Жанерке Жанкеева, Қобда ауданы тұрғыны: Неге жауаптылар алдын алу шараларын жасамады?
Жанеркенің айтуынша, Қобда ауданында су таситынын ешкім ескертпеген.
Былтыр да дәл солай суға кеткен едік. Биыл одан екі есе көп шығын болды. Көп үй суға кетті. Биылғы су мөлшері былтырғыдан едәуір көп болды. Бұл жолы да су тасуы мүмкін екенін халық өзі білді ғой. Бірақ әкімдік пен жауапты мекемелер тарапынан ескерту жүргізілмеді.
Қазір ауданымыздағы көп адамның баспанасы тұруға жарамсыз болып қалды. Бірнеше ауыл, ауданымыздың бірнеше мекемесі суға кетті. 1-2 күнде Мақсат Толықбай келді. Ол кісі былтыр да біріншілерден болып келген еді. Ол осы жолы ауданымыздағы кей мекемелер мен үйлердің орналасуы дұрыс емесін жеткізді. Былтыр суға кеткен үйлердің иелеріне ауданның басқа жағынан үй салған еді. Биыл сол үйлер ғана аман қалды. Заң бойынша ғимарат тұрғызылатын жер атауына мүлде сәйкес келмейді деді.
Үйлер суға кетіп, баспана жарамсыз болып қалған жағдайда төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері эвакуация жасады. Бірақ ескерер жайт, былтыр да суға кеткен ауданның шетіндегі үйлерге ескерту болмағаны адамдардың шамына тиіп отыр. Адамдар өз бетінше, шамасы жеткен жерге дейін дайындалды. Биыл су мөлшері көп болғандықтан, халық жауапты мекемелер ескертер деп үміттенді. Тұрғындар құжаттары мен бір-екі киім-кешегін алып үлгерді.
Айта кететін жайт, осы тасқанда маңызды трассалар мен көпірлерді де су шайып кетіп, бір ауыл мен екінші ауыл арасы, аудан мен ауыл арасындағы жол қатынасы үзілді. Ауданымыздың бірнеше ауылында суға кету қаупі төніп тұрған уақытта, халық өзі аудан әкімдігіне хабарласып, эвакуациялауды сұрады. Аудан әкімі газельмен және маторлы қайықпен (катер) барып, мән-жайды қарап: "Бізді неге бұл жаққа шақырдыңдар, бұл жақ суға кетіп жатқан жоқ қой, амансыңдар ғой",- деп айтты. Ауыл арал секілді судың ортасында қалып қойған кез еді. Жан-жақты су қоршап тұрды. Сол кезде ауыл адамдары айқай шығарып, эвакуациялауды талап етті. Содан кейін ғана тікұшақ келді. Бірақ адамдардың көкейіндегі бір сұрақ: "Неге жауаптылар алдын алу шараларын жасамады?! Бізді бұл жақтан алып кетуі үшін міндетті түрде шатырда отыруымыз керек пе, үй-малымыз суға кетіп?". Осы сұрақ көкейімізде қалып қойды...
Автордан: Қазір ауданның шеткері ауылында электр энергиясы мүлде жоқ. Интернет жоқ. Атын атамауды өтінген дереккөз ауылдың генератор және аккумулятор арқылы байланысқа шығып отырғанын мәлімдеді. Халық өз бетінше суды ауылынан шығарып, электр энергиясынсыз қалай күнелтіп жатқаны туралы видео деректер қолымызға түсті. Оны әлеуметтік желілерге алдағы уақытта жариялаймыз.