Weekend
Кейде Владиславтың сауалдарына қарап, ана тіліміздің проблемаларымен бетпе-бет қалғандай боламыз
Facebook желісінде Владислав Тен атты белсенді қолданушы бар. Ол бірнеше тілді еркін меңгерген қағылез практик. Қазақ тілін жақсы біледі және әлі де меңгеріп, білгенін жетілдіріп жүргенін байқауға болады. Онымен қоймай Владислав өзінің тіл коучингі арқылы өзгелерге де қазақ тілін үйретіп жүр.
Владислав тіл табиғатын сезіне түсу үшін қазақтілді қолданушылардан кей сөздердің айырмашылығын, мағынасын сұрап, белсенді пікірталастар тудырып тұрады. Кейде оның сондай бір сауалдарына қарап, ана тіліміздің проблемаларымен бетпе-бет қалғандай боламыз. Мысалы мына жазбада Владислав үндестік заңын көксейді.
Ал өзге жазбаларында арасында орыс тілінде “о” дыбысының “а” деп айтылуына қатысты қазақтілділердің назының орынсыз екенін және қазақ тілінің бұрмалануына орыстілділер кінәлі емес екенін алға тартады.
"Біздің президенттің атын дұрыс айтпайсыңдар деп орыстілділерге тағылған айыпты мүлде түсінбей-ақ қойдым. Орыс тіліндегі айтылымда былай: [ТАКАЙИФ КАСЫМЖАМАРТ].
Құрметті жолдастар, түсініңіздер, орыстілділер сөздерді өз тілінің дыбыс үндестігіне сай дұрыс айтады. Дәл осы сарынмен собака – сАбакаға, молоко – мАлАкоға, язык – ЙЫзыкқа, весна – вИснаға, Олжас – Алжасқа, орда – Ардаға айналды.
Ал қазақ тілінде жағдай мүлде басқаша. Қазақтілді адам орыс тілінің сөздерін өз тілінің ережесімен емес, орыс тілінің ережесіне қарай дыбыстайды. Осылайша орыс тілінен кірген кірме сөздер ешқандай өзгеріске түспейді.
Ал енді осыдан кейін біз орыстар нені талап етіп отырмыз? Олар орыс тілінің логикасы мен ережесінің талабы бойынша сөйлейді, онсыз орыс тілі тіл болудан қалады!" – деп төтесінен қойды Владислав.